Ішкі сауда көрсеткіші өсті

2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында елімізде сауда саласы 7,8%-ға өсті. Өткен төрт айда ол 7% болған. Көтерме сауда 8,3%-ға (нарықтың 67,9%-ы) артса, бөлшек сауда 6,5%-ға артты.

Ең жоғары өсім Түркістан облысында тіркелді (+66,2%). Бұл жеміс-жидек, көкөніс, дәрі-дәрмек пен жанармай сатылымының артуымен байланысты. Бұған астық, ет және агрохимия саудасы әсер етті.

Облыста шағын және орта бизнес саласында жұмыс істеп тұрған нысандардың саны өткен төрт айда 209 991-ді құрады.  Кәсіпкерлікпен айналысатындар өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,7 пайызға өскен. Еліміз бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 10 пайызы Түркістан облысына тиесілі.

Жыл басындағы есеп бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріндегі жұмыспен қамтылғандар саны 295 209 адамды құрады. Бұл былтырғы деңгейден 3,1 пайызға жоғары.  

Өткен жылы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері шығаратын өнім (баға индексін қоса есептегенде) 2023 жылмен салыстырғанда 23 пайызға артып, 2 491 034 млн. теңгені құрады. Кәсіпкерлер шығаратын өнімнің негізгі үлесі (59%-ы) заңды тұлғаларға тиесілі. Көрсеткіштер бойынша алдыңғы орында Түркістан қаласы тұр. Ондағы кәсіпкерлер 397 447 млн. теңгенің өнімін шығарған. 

Аудандар бойынша ең жоғары көрсеткіш (баға индексін қоса есептегенде), яғни кәсіпкерлер шығарған өнімнің 191,7%-ы Созақ ауданына тиесілі, ал, ең төменгі көрсеткіш (91,6%-ы) Арыс қаласында. 

Айта кетейік, елімізде ішкі сауда бес айда  7,8%-ға өсті. Ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнім көлемі бес айда 4%-ға артты (төрт айдағы 3,9%-бен салыстырғанда). Мал мен құсты сою көлемінің артуы есебінен Атырау облысы (+10,4%), Солтүстік Қазақстан облысы (+7,5%) және Ақмола облысы (+6,5%) көш бастады.

Түркістан облысында (+6,3%) және Абай облысында (+3,6%) жақсы динамика байқалды, ал, Қостанай облысында (+4,8%) жұмыртқа өндірісі айтарлықтай артты. 

Гүлдана ТӘЛІБАЙ,

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Түркістан облысы бойынша департаменті құрылымдық статистика басқармасының бас маманы. 

Пікір қалдырыңыз