«Жеңілдетілген лизинг» көлемі

KAZINFORM. Үкімет ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту мақсатында (Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы) мемлекеттік қолдаудың кешенді шараларын белсенді түрде жүзеге асырып келеді.
Негізгі құралдар қатарында – инвестициялық субсидиялар, несие мен лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау, сондай-ақ техникаға жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бар. Бұл тетіктер шаруаларға заманауи техниканы тиімді шарттармен сатып алуға мүмкіндік береді.
Ең маңызды ынталандыру – бұл инвестициялық субсидиялау бағдарламасы, оның аясында шаруаларға сатып алынған техника құнының 15%-дан 30%-ға дейінгі бөлігі өтеледі (техниканың басымдық деңгейіне қарай). Қосымша қолдау ретінде – сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау жүзеге асырылады: басым техника бойынша 6%-ға дейін, ал, қалған түрлері бойынша 15%-ға дейін. Сонымен қатар техникаға жеңілдетілген лизинг бағдарламасы да қарқынды дамып келеді, ол шаруаларға жылдық 5% мөлшерлемемен техника алуға мүмкіндік береді.
Министрлік 2028 жылға дейін техника паркін жаңарту деңгейін 9%-ға жеткізуді жоспарлап отыр. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдетілген лизинг бағдарламасын қаржыландыру көлемін 450 млрд. теңгеге дейін арттыру жоспарланған.
Бүгінде машина-трактор паркін жаңартуды жеделдету бойынша қабылданып жатқан мемлекеттік қолдау шаралары өз тиімділігін көрсетіп отыр. Бұл оң серпінді цифрлар да растайды: егер 2017 жылы небәрі 8,5 мың техника сатып алынған болса, 2024 жылдың қорытындысы бойынша олардың саны 22,1 мыңға жетіп, көрсеткіш 2,5 есеге артты.
Әсіресе, «Жеңілдетілген лизинг» бағдарламасы аясындағы ілгерілеу айқын байқалады: биыл аталған бағдарламаға кемінде 250 млрд. теңге бөлініп, шамамен 6 мың техника сатып алынады. 24 ақпаннан бастап өтінімдер қабылдау басталған күннен бері «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ға 3555 өтініш келіп түсті, олардың жалпы сомасы – 129,2 млрд. теңге. Қазірдің өзінде 2400 шарт жасалып, жалпы құны 85,7 млрд. теңге болатын 4580 техника жеткізу жоспарланған.
Заманауи егіс кешендері ағымдағы егіс науқанына да белсенді тартылған – 5,6 мың техника дәнді дақылдар егістігінің 70%-ға дейінгі аумағын қамтиды. Бұл – John Deere, CLASS, RSM секілді жетекші жаһандық брендтердің техникасы. Олар дәл егіншіліктің заманауи жүйелерімен жабдықталған: GPS, автопилоттар, тұқымды, тыңайтқыш пен гербицидті дәл себу жүйелері.
Айта кетейік, биыл 23,7 млн. гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді.