Жақсылықты да, жамандықты да көп көрген...

Ерболат АЙНАБЕКОВ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Кейінгі 30 жылда жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемінің артуы бойынша Азия құрлығында Оңтүстік Кореяның алдына түсетін мемлекет жоқ. Ал, Еуропада Азия алпауыттарымен тайталаса алатын жалғыз ел бар. Ол – Польша. Осы отыз жыл Польша үшін «алтын кезең» болып саналады. Осыдан бір жарым ғасыр бұрын әлемнің географиялық картасынан жоғалып кеткен мемлекет мұндай жетістікке қалай жетті? Жарты ғасыр бұрынғы Шығыс Еуропаның ең кедей елі қалайша тез байып кетті?

Иә, Польша кейінгі ширек ғасырда көз ілеспес жылдамдықпен дамыды. Егер осыдан 50 жыл бұрын бір полякқа барып «2025 жылы Польша экономикалық өсім жөнінен Еуропаның алдына шығады» десеңіз, сізді есінен адасқан дер еді. Қазір бұл – шындық. Сарапшылар 2030 жылға қарай Польша Ұлыбританияны басып озып, Еуропаның №1 бақуат мемлекетіне айналады деп болжап отыр. Кезінде отарлаушы мемлекеттердің талан-таражына түсіп, біраз жерінен айырылған, болашағы бұлыңғыр ел саналған Польшаның осыншама биікке өрлеуінде бір сыр бар. Енді соған келейік.
1979 жылы Еуропаның ең артта қалған мемлекеттерінің бірі – Польшаға Рим папасы арнайы келді. Сондай беделді адам поляк жерінде не жоғалтты деген сұрақтың тууы заңды. Өйткені, ол кездегі Польша толыққанды социалистік мемлекет болатын, билігі КСРО-ның қолында еді. Елде марксизм ілімі кең қанат жайған, ал, ол ілімде дінге орын жоқ. Мұның бәрі Рим папасының Варшаваға сапарлап келуіне кедергі бола алған жоқ. Себебі, сол  кездегі Рим папасының ұлты поляк болатын. Жүздеген жылдар бойы бұл орынға итальяндықтар сайланып келген. 1978 жылы тарихта алғаш рет ұлты итальян емес адам Рим папасы болып сайланды.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан ІІ Иоанн Павелді көруге Варшавадағы орталық алаңға миллиондаған адам жиналды. Ресми есеп бойынша Рим папасы өткізген сол жиынға Польша халқының үштен бірі келген екен. Бірақ, осы жерде көпшілік түсінбейтін бір нәрсе бар. Жоғарыда атап өткеніміздей, Польша коммунистік көзқарастағы мемлекет. Ал, Рим папасы – батыстағы католик шіркеуінің көсемі. Түсінікті болу үшін салыстырып айтайық, бұл АҚШ президенті Дональд Трамптың Иран халқымен кездесуі сияқты нәрсе ғой. ІІ Иоанн Павелдің Польшаға сапары елдегі коммунизмнің «жаназасын» шығарды деген де әңгіме айтылады. Осы сапардан кейін Польша дамудың даңғыл жолына түсті.
Польша – ерекше мемлекет. Оны әлем картасындағы орны ерекшелеп тұр. Ол тұп-тура батыс пен шығысты байланыстыратын жолда орналасқан. Сонымен қатар, Польша жерінің басым бөлігі кең жазық болып келеді. Францияның батысынан бастап, Орал тауларына дейінгі аралықтағы жазықтықтың көпшілік аумағы Польшаға тиесілі. Бұл – Польшаның әрі бағы, әрі соры. Соры дейтініміз дүниежүзілік соғыстардың екеуінде де ең көп зардап шеккен мемлекет осы Польша. Поляктар оған дейін де айналасындағы империялардың құқайын аз көрген жоқ.
Польшаның түп тарихына үңілсеңіз 1025 жылдан бір-ақ шығасыз. Дәл осы уақытта қазіргі Польшаның территориясында Польша корольдігі құрылады. Батысындағы алып мемлекет Рим империясымен достық қарым-қатынас орнату үшін христиан дінін қабылдайды. Ал, 1536 жылы Ұлы Литва княздігімен бірігіп, Посполита деген мемлекет құрады. Бұл сол кезде жер көлемі бойынша Еуропадағы ең үлкен мемлекет еді. ХVІІІ ғасырда елдің ішінде билікке талас қызып, мұны айналасындағы көршілері өз пайдаларына жаратты. Батысынан Пруссия, оңтүстігінен Австрия, шығысынан Ресей империясы шабуылдап, елдің территориясын үшке бөліп алады. Осылайша 700 жылға жуық уақыт өмір сүрген мемлекет айналасы 15-20 жылдың ішінде әлем картасынан жоғалып кетті.
Бірақ, поляктар өздерінің ұлттық идентификациясын жоғалтқан жоқ. Үш мемлекеттің құрамында жүріп те, бір-бірімен байланысын үзбеді, өткенін ұмытпады. Отарлаушы мемлекеттердің құрамына сіңісіп, ұлт ретінде жойылып кетпеді. Арагідік тәуелсіздік алу үшін бас көтеріп тұрды. Әлем жұртшылығы Фредерик Шопенді польшалық композитор ретінде таниды. Бірақ, Шопен Польша деген мемлекет жоқ кезде өмір сүрді. Оның туған жері Ресей империясына қарайтын. Соған қарамастан Шопен Польшаның ұлттық музыкасын, яғни жоқ мемлекеттің музыкасын әлемге паш етті.
Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін поляктар еңсе тіктеп, тәуелсіздігін жариялай алды. Бірақ, олар тарихи атамекендерінің біраз бөлігінен айырылып қалған еді. Соның өзінде мұнда соғыс өрті толастаған жоқ. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистік Германия мен КСРО Польша жерін тағы да екіге бөліп, өздеріне меншіктеп алды. Ал, поляк халқының 6 миллионы (20 пайызы) осы соғыста ажал құшты. Фашистік Германияның концлагерьлері негізінен Польша жерінде орналасты. Варшава екінші дүниежүзілік соғыста ең көп зардап шеккен қала атанды. Соғыстан кейін Польшаның шекарасы өзгеріп, батысқа қарай жылжыды. Десек те, мемлекеттік идеология шығысқа тәуелді болды. КСРО-ның ықпалымен Поляк Халық Республикасы болып қайта құрылды.
Польша КСРО-ның батыс блоктағы ең ірі қорғаныстарының бірі болды. Егер Берлин, Прага, Будапешт қалаларында халық бас көтерсе, КСРО бірден әскер кіргізетін. Ал, Варшаваға келгенде халықты күштеп басу әрекетін қолдана алмады. Территориясы жағынан да, халық саны жағынан да Польша үлкен мемлекет болатын, сол үшін де КСРО кейбір сәттерде көп мәселеге көз жұма қарады. Польшалықтардың діни көзқарасына да еркіндік берілді. Тіпті, ірі шенеуніктер мен партия мүшелеріне шіркеуге баруға рұқсат етілді. Саяси, діни көзқарасына еркіндік берілген елге Рим папасының келуі заңдылық еді.
Польша жайлы айтамыз деп Рим папасы туралы көбірек айтып кетсек, жыға айыпқа бұйырмассыздар... Десек те, ІІ Иоанн Павелдің Польшаға сапары бұл мемлекеттің түбегейлі өзгеруіне әсер етті десек болады. Бүгінгі Польшаның дамуындағы тағдыршешті кезеңді атағанда XI ғасырдағы Польша корольдігінің құрылуын не болмаса XVI ғасырдағы Литва княздігімен қосылуын айта алмаймыз. Бұл мәселеде ойға дәл осы Рим папасының Варшаваға сапары оралады.
Рим папасының сапарынан соң бір жыл өтер-өтпес Гданьск қаласында жұмысшылар жаппай ереуілге шықты. Елде жалақы аз, күнкөріс төмен, өндіріс орындары соғыстан кейін қалпына келтірілмеген, мемлекет қарыз үстіне қарыз жамап, батыстан несие алып отыр. Шығыс Еуропадағы өзге көршілерінен көш артта қалып қойғаны тағы бар. Гданьскідегі ереуілшілерді Польшаның өзге аймақтарындағы жұмысшылар да қолдап, олар да жұмыстарын тастай салып, көшеге шықты. Жұмысшылардың ереуілі жалпыхалықтық сипат алды. Олар биліктен өзгерісті талап етті. Осы бас көтерулердің арқасында елде «Солидарность» атты кәсіподақ ұйымы құрылды. Оның төрағасы болып қарапайым электрик (кейінірек Еуропадағы ең ықпалды саяси тұлғаға айналған) Лех Валенса сайланды. Аз уақыттың ішінде аталмыш ұйымға 10 миллион адам мүше болып кірді. Енді бұл жай ғана ұйым емес, ірі саяси қозғалысқа айналды. Ал, Польша билігіне осы ұйымның басшысы Лех Валенсамен санасуға тура келді.
1989 жылы билік пен оппозиция келісім үстеліне отырып, елді дамытудың тетіктерін талқыласа, 1990 жылы сайлау болып, Валенса билік басына келді. Сол уақыттан бастап Польша коммунизмнен түбегейлі (әлемдегі алғашқы ел) бас тартты. Бірақ, бұл Польшада бәрі бірден жайнап сала берді деген сөз емес. Экономикалық көрсеткіштер бұрын-соңды болмаған деңгейге дейін төмендеді, инфляция 600 пайызға жетті. Азық-түлік, дәрі-дәрмек, тіпті, ішерге су таппай қалған кездер де болды.
Польша билігі осының бәрін жеңу үшін реформалар жүргізді. Үкіметтің ең алғашқы мақсаты елді бұрынғы жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшіру болды. Ол оңай болды деп айта алмаймыз. Өндіріс орындары жабылды, жұмыссыздық көбейді, бірақ, халықта болашаққа деген сенім бар еді. Сол сенімнің арқасында олар барлық сынаққа шыдады.
Екіншіден, елде саяси жүйеге өзгеріс керек-тін. Экономикалық реформаға қарағанда саяси реформа оңайырақ жүзеге асты. Өйткені, поляк қоғамы осы өзгеріске бірте-бірте жақындап келе жатқан. Миллиондар үміт артқан Лех Валенсаның екінші сайлауда Александр Квасьневскийден жеңіліп қалғаны осыны аңғартса керек.
ХХ ғасырдың соңына таман бұл реформалар да сыр бере бастады. Өзгерістердің бастапқыдай нәтижесі болмады. Сол себепті Польшаға жаңа деңгейге шығу қажеттілігі туды. Ол – әлемдік арена. Польша 1999 жылы НАТО-ға, 2004 жылы Еуроодаққа мүше болды. Көпшілік мұны «қырғиқабақ соғыстың» нәтижесі деп біледі. Алайда, олай емес. Польша ондаған жылдар бойы осы ұйымдарға мүше болуға ұмтылып жүрді. Бұрынғы коммунист, ел президенті Александр Квасьнев­скийдің өзі де бұған құмбыл болды. Алайда, Еуропа Польшаға сенімсіздік танытты. Германия мен Франция поляк азаматтарын өз елдеріне кіргізуден бас тартты. Ал, саны 40 миллионнан асатын польшалықтар Британия, Ирландия, Швеция секілді елдерге мигрант болып кетіп жатты. Польшаның НАТО мен Еуроодаққа кіруіне әсер еткен тағы бір маңызды фактор бар. Ол – Рим папасы ІІ Иоанн Павел.
Осыдан кейін Польшаның тасы өрге домалап сала берді. Біріншіден, мұнда 40 миллиондық нарық бар, екіншіден, арзан жұмыс күшін табуға да болады. Сол себепті еуропалық компаниялар Польшадан өз филиалдарын көптеп ашты. Бұл өз кезегінде Польша экономикасының көтерілуіне серпін берді.
Польша қазіргі таңда автокөлік экспорты бойынша Еуропада алдыңғы 5 елдің қатарына кіреді. Бірақ, сіз польшалық қандай автокөлік маркасын білесіз? Дұрыс, ешқандай да польшалық автокөлікті білмейсіз. Польшадан шығатын автокөліктердің барлығы Германияға тиесілі. Польша мен Германияның жақындасуы саяси-экономикалық байланыстан гөрі, символикалық мәнге ие. Өйткені, бұл қос мемлекет ғасырлар бойы жауласып келген. Ал, жаңа дәуірдегі жаңа қарым-қатынас қос елді де экономикалық жағынан өрге сүйреді десек болады. Оның үстіне Польша бәрін кешіре білді. Талай жаулық әрекеттерді де, территориялық таласты да ұмытты. Елдің болашағы үшін ескі жауымен тізе қосып әрекет етуге көнді. Бірақ, бұл Польша әлсіз екендігін білдірмейді. Қайта соның арқасында Польша экономикасы бұрын-соңды болмаған, ешкім күтпеген белестерді бағындырып жатыр. Оған қоса Польша әскері әлемдегі мықты армиялардың қатарына кірді. Жақында олар жалпы ішкі өнімнің 5 пайызын әскерге жұмсау туралы шешім қабылдады. Польша – НАТО елдері арасында мұндай қадамға барған жалғыз мемлекет. Енді бір 5-10 жылда Польша әскери қуаттылығы жағынан Еуропаның басқа елдерін басып озады.
Біз жоғарыда Польшаның дамуындағы екі кезеңді (нарықтық экономикаға көшу мен әлемдік аренаға шығу) атадық. Енді қазір бұл мемлекет дамудың үшінші кезеңіне аяқ басты. Бұл – әлемнің технологиялық орталығына айналу. Қазірдің өзінде Польша жерінде 14 ірі технологиялық хаб құрылған. Ол әлемдегі ірі бизнес өкілдеріне, компанияларға әртүрлі салалар бойынша технологиялық қызмет көрсетеді. Соның арқасында Польша экономикасы одан әрі күшеймек.
Бірақ, Польшада бәрі жұмақтағыдай десек қателесеміз. Экономикасы дамығанымен, болашақта оны кері сүйрейтін факторлар да аз емес. Мәселен, елде инфляция жоғары деңгейде, бала туу көрсеткіші мәз емес, халық қартайып жатыр, мигранттарға шектеу көп, жұмысшылар саны азаюда. Одан да үлкен проблема – Польшаның ішінара бөлінісі. Кезінде Австро-Венгрия мен Ресей империясының отарында болған аумақтарда өндіріс орындары, инфраструктура нашар дамыған. Соның салдарынан бұл жақты мекендейтін поляктар басқа отандастарына қарағанда кедейлеу тұрады. Және олар бұл үшін Батыс әлемін кінәлайды. Кейінгі жылдардағы елдегі бас көтерулердің көпшілігі Еуроодаққа қарсы бағытталған. Тиісінше қазір Еуропа да Польшаға қаржы құюды азайтты.
Польшаның шығыс пен батыстың ортасында орналасуы бағы да, соры да дегеніміз содан. Бірақ, бұл Польша батыс пен шығыстың бірін таңдауы керек дегенді білдірмейді. Уақыттан шегініс жасап, бұл елдің өркендеген кезеңіне зер салсаңыз, шығыс пен батыстың терезесін тең ұстаған Польшаны көре аласыз. Яғни осы бағыт қана шығыс пен батыстың қақ ортасында отырған Польшаны өрге сүйрей алады. Сарапшылар осылай дейді.
Пікір қалдырыңыз