Кәсіпкер тағы бір бастама көтерді

Түлкібас ауданындағы «Кен-Тау» ЖШС 2012 жылдан бері алма өсіреді. Қазір серіктестіктің қарқынды бау көлемі 240 гектарға жетті. Былтыр олар 4700 тонна алма жинады.
Жылына шамамен 4-6 мың тонна өнім жинайтын серіктестік 2018 жылы сыйымдылығы 2200 тонналық соңғы үлгідегі заманауи қойма салып алған болатын. Бұл қоймада сатылғаннан артылған алма сақталады.
Тау баурайындағы шаруашылықтарда жеміс-жидектің барлық түрі өседі десе де болады. Ендеше, маңайдағы басқа да шаруашылықтардың өнімдерін сақтайтын орын керек. Сондықтан қажеттілікке байланысты биыл қосымша 2 мың тонналық қойма салуды жоспарлап отыр. Жоба құны 1,5 млрд. теңгені құрайды. Оның 1 млрд. теңгесі несие қаражаты, 500 млн. теңгені өз қалталарынан шығармақ. Құрылыс жұмыстары күн көзі жылт етісімен- ақ басталады деп жоспарлануда.
Аудан әкімі Асқар Естібаев кәсіпкердің жаңа бастамасын қолдап отыр. Аудан бойынша осындай қоймалардың көп болғаны артықтық етпейді.
Осы жерде серіктестік алманың 22 сортын өсіретінін айта кеткіміз келеді. Қоймада сақталған алмалар Түлкібас брендімен арнайы қораптарға салынып, еліміздің түкпір-түпкіріне жөнелтіліп жатыр.
Бір жақсысы, сұраныс та жоғары.
Әсел БИБОЛАТ М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың 2 – курс сдуденті