Кітап фестивалі өтті

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде халықаралық кітап сыйлау күніне орай кітап фестивалі өтті. Рухани іс-шараның негізгі мақсаты кітап оқуды насихаттау, жаңа авторлар мен шығармаларды таныстыру болды.
Іс-шараға жиналғандарды халықаралық кітап сыйлау мерекесімен құттықтаған университеттің басқарма төрайымы-ректор міндетін атқарушы Гүлжан Сүгірбаева «Бүгінгі жиыннан бір студенттің болса да бойында оқуға деген құлшыныс оянса, мақсатымыздың орындалғаны» дей келе, әріптестеріне өз сыйлығын тарту етті. Мұнан кейін оқу орнының стратегиялық даму және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Баршагүл Исабек пен барлық факультет декандары оқу орнының кітапханасына, әріптестері мен жастарға қазақ қаламгерлерінің классикалық туындылары мен қазіргі сұраныстағы шығармаларды сыйға тартты.
Университет жастарының жақсы бастамасын қолдай келген «Аманат» партиясы жастар қанатының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бекзат Төлебай, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің жоғары техникалық және кәсіптік орта білім беру ұйымдарымен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Бекарыс Бахадыр да студенттер кітапханасына кітап сыйлады.
«Балаларға базарлық» қайырымдылық іс-шарасына арнап қойылған әсем сандыққа жиналған кітаптар жетім, әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасы балаларына үлестірілетін болады. Фестиваль аясындағы кітап жәрмеңкесіне «Атамұра» корпорациясы, «Оқырман», «Отбасы хрестоматиясы», «Books shumkent bestseller» кітап дүкендері қатысты. Сондай-ақ, фестиваль аясында «Оқы және өзгеге ұсын!» жобасы мен әдеби-танымдық кездесу, интеллектуалды ойындар ұйымдастырылды.
Аяжан ӘБУТӘЛІП,
М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың студенті.