Салықтық түсімдер көлемі ұлғайды
Түркістан облысында өзіндік кіріс көздерін арттыру, «көлеңкелі экономикамен» күрес, қосымша кіріс көздерін анықтау жұмыстары нәтижесінде өзіндік кірістер мен салықтық түсімдер көлемі ұлғайды. Аталған саладағы мәселелер облыс әкімдігінде талқыланды. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды бұл бағыттағы жұмыс қарқынын арттыруды тапсырды.
– Бірінші кезекте өзіндік кіріс көздерін арттыру маңызды. Зауыттар, өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту жұмысын жандандыру керек. Аудан, қала әкімдері мен басқарма басшылары осы бағыттағы жұмысты күшейтсін. Екіншіден, салық органдарына тіркелмей жүрген кәсіпкерлерді анықтап, заң шеңберінде тіркеу шарт. Бұл ретте жауапты департамент пен мекемелердің жүйелі әрі табанды жұмысы қажет, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Мақсат Нұрахаевтың айтуынша, Түркістан облысы бойынша жергілікті бюджеттің салықтық түсімдердің биылға бекітілген жоспары – 162 млрд. теңге. Ал, 15 қарашада нақты түскені – 150,6 млрд. теңге. Жылдық жоспардың орындалуы 92,9%-ды құрап, 122,5% немесе 27,6 млрд. теңгеге өскен. Салықтық түсімдерге талдау жүргізу нәтижесінде 15 қарашадағы нақты түсім сомасы 150,6 млрд. теңгені құрады немесе 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 27,6 млрд. теңгеге өсіп отыр.