Темірландағы этноауыл көз тартады
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Ордабасы ауданына барған сапарында Қажымұқан ауылдық округі, Темірлан ауылындағы этноауылды аралап, абаттандыру жұмыстарын көрді. Аудан ақсақалдарымен жүздесіп, ел бірлігін сақтау, аймақты дамыту жөнінде пікір алмасты. Сонымен бірге жергілікті кәсіпорындар өндірген өнімдер көрмесін тамашалап, кәсіпкерлермен кездесті. Аудан әкімі мен жауапты басқарма басшыларына жобаларға қолдау көрсетуді тапсырды.
– Ордабасы ауданының әлеуеті өте жоғары. Өндірісті, ауыл шаруашылығын, туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Инвестиция тарту жұмыстарын күшейту керек. Бұл ретте елдің бірлігі, ақсақалдарымыздың өнегесі қажет. Өңірді дамыту жұмыстары жалғасады, – деді Дархан Сатыбалды.
Этноауылда қазақтың салт-дәстүрі мен болмысынан сыр шертетін мүсіндер, киіз үйлер орнатылған. Бұл демалыс орнының құрылысы биылғы тамыз айында басталып, қазан айында аяқталған. Бас мердігер – «M-Build-01» ЖШС. Жалпы аумағы – 0,41 гектар.
Өңір басшысына Қазақстанның халық әртісі, композитор, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың құрметіне ашылған «Шәмші» аллеясы таныстырылып, таяуда атқарылған абаттандыру жұмысы туралы баяндалды. Биыл қазан айында аяқталған нысанның құрылыс жұмыстарын «Armada stroy – 2020» ЖШС жүргізген. Арыс өзенінің жағасында орналасқан аллеяда сазгердің ескерткіші, сахна, орындықтар, субұрқақ орнатылып, көпжылдық ағаштар мен гүлдер отырғызылған.
Айта кетейік, биыл Ордабасы ауданының құрылғанына 60 жыл толуына орай бірқатар нысан ел игілігіне берілген. Шымкент мегаполисі мен Түркістанның ортасында орналасқан аймақ қарқынды дамып келеді.