Түркістанның ерекше мәртебесі туралы заң жобасы пысықталды

Түркістан облысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен вице-министрлер жұмыс сапарымен келді. Олармен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кездесіп, бірқатар мәселені талқылады. Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру туралы заң жобасын әзірлеу барысы айтылды. 

– Қасиетті Түркістанға қош келіпсіздер. Өздеріңіз білесіздер, Президент тапсырмасымен заң жобасы әзірленіп, сіздердің қарауларыңызға ұсынылды. Бұл заң жобасының Түркістан үшін маңызы зор. Түркістанның тарихи келбетін, ескерткіштері мен мұраларын сақтап, ұрпаққа жеткізу – үлкен жауапкершілік. Аталған заң жобасы Түркістанның мұрасын сақтап, туризмі мен қолөнерін, экономикасын дамытуға серпін береді, – деген Дархан Сатыбалды Астанадан келген арнайы жұмыс тобы мүшелеріне алғысын білдірді. 
Кездесуде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов Түркістанның тарихи рөліне тоқталды. 
– Парламентте Түркістанның ерекше мәртебесі туралы заң жобасын әзірлеу жөнінде жұмыс тобы құрылды. Оның құрамында Мәжіліс депутаттарымен қатар бірнеше министрлік өкілдері бар. Түркістанға келудегі мақсатымыз – осы заң жобасын жергілікті тұрғындармен бірге талқылау. Ел ақсақалдарымен, зиялы қауыммен, тұрғындармен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдаймыз, – деді ол. 
Кездесуде Мәжіліс депутаттары – Нұрлан Әуесбаев, Темір Қырықбаев, Ерлан Әбдиевтер өз пікірлері мен ұсыныстарын айтты. Сонымен бірге Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айзада Құрманова да заң жобасын талқылау үшін Түркістанға арнайы келген. 

Пікір қалдырыңыз