Қорқақ бала әскерден қашады. Неге?

Қазір ел ішінде әскердегі сарбаздардың жағдайы қызу талқыланып жатыр. Себебі, соңғы жылдары әскерге сау болып барып, мүгедек болып қайтқан, тіпті, арасында табытпен оралып жатқандары баршылық. Басқасын айтпағанда, өткен қыркүйек айының өзінде әскерде мерзімді борышын өтеп жүрген үш сарбаз түрлі себептермен қайтыс болды. Бұл жағдайлар баласы ержетіп отырған ата-аналарды сары уайымға сала бастады. Әскердегі мұндай сұмдықтарды қалай тоқтатамыз? Ата-аналардың көкейіне сенім ұялатып, әскерге өз еркімен баратын жастардың құлшынысын қалай арттырамыз? Біз осы және әскердегі өзге де мәселелер жөнінде Қазақстан Қарулы күштерінің ардагері, отставкадағы полковник, Шымкент қаласының құрметті азаматы Серікбай ОНБАЕВПЕН әңгімелескен едік. 

– Серікбай Мейірбайұлы, өзіңіз хабардар шығарсыз, өткен айда еліміздің Қорғаныс министрлігіне қоғам өкілдері тарапынан екі бірдей петиция жолданды. Бір топ азамат мерзімді әскери қызметке шақыру жасын 18 жастан 20 жасқа дейін көтеруді ұсынса, тағы бір топ міндетті әскерді алып тастап, кәсіби армияға жасақтауға шақырды. Қалай ойлайсыз, көпшіліктің талабы орынды ма?
– Әрине, петицияны ата-аналар балаларының болашағы үшін алаңдап жазып отыр. Бірақ, бұл ұсыныстарға өз басым қарсымын. Меніңше, 18 жасқа толған азамат әскер қатарына шақырылуы тиіс. Ал, 20 жастан барса, одан не өзгереді. Кейбір жігіттер бұл жаста отбасылы болады. Заңға сәйкес, отбасылы жігіттер әскерге алынбайды. Ал, мерзімді әскери міндетті алып тастаса, елімізді кім қорғайды? Әскерге шақыру науқаны кезінде сарбаздарды әрең жинап жатқанда, жаңашылдық орын алса әскерге ешкім бармайтын болады. Сондықтан қоғам белсенділері ұсынған ұсыныстарды негізсіз деп есептеймін.
– Дегенмен, әскердегі әлімжеттік, сарбаздардың негізсіз өлімі ата-аналарды жиі алаңдатады?
– Иә, әскердегі әлімжеттік мәселесі бүгінгі қоғамның күрделі мәселелерінің бірі. Бұл екінші дүниежүзілік соғыс жылдары айып батальонына түрмедегілерді тартудан басталған жағымсыз үрдіс. Кешегі кеңес үкіметі де мұны жоя алмады. Бірақ, ол заман бүгінде келмеске кетті. Қазір темірдей тәртіп. Оның үстіне, әскери қызмет бір жыл ғана. Қазір бір солдатты оянғанынан жатқанға дейін кемі үш адам қадағалайды. 
– Сонда әлімжеттік туралы әңгімелердің барлығы негізсіз бе?
– Қазір шындыққа жанаспайтын дүниелерді интернетке салып жіберсе, жастар соған сенеді. Әсіресе, сарбаздардың өз-өздеріне қол салуы туралы ақпараттар көп тарап жатыр. Мұның барлығын Қорғаныс министрлігіне тели беруге болмайды. Осы тектес оқиғалар Шекара қызметінде де, Ұлттық ұланда да жиі орын алып жатады. Бірақ, бұлардың барлығы Қорғаныс министрлігіне қарамайды ғой. Мәселен, шекара қызметі ҰҚК-іне, Ұлттық ұлан Ішкі істер министрлігінің құзырындағы мекемелер. 
Жалпы, әлімжеттік жасайтын бұзақы бала қайдан тәрбие алады? Ол алдымен отбасының тәрбиесін көреді. Одан кейін балабақшада, мектепте тәрбиеленеді. Кейбір балалар колледж, жоғары оқу орнынан кейін әскерге барып жүр. Осындай тәрбие мектептерінен өтіп келген бала қалай бұзақылық жасайды? Қорқақ бала әскерге барудан қашады. Яғни оған сол кездердің өзінде дұрыс тәрбие берілмеген. Бұл жалғыз Қорғаныс министрлігінің ғана мәселесі емес, жалпы қоғамның мәселесі. Оқу-ағарту министрлігінің, жалпы, министрлер кабинетінің жұмысын үйлестіретін Үкіметтің мәселесі. Бұзақылық жасаған сарбаз заң бұзса, әскери жарғыны бұзса, заң алдында жауап беретінін біліп, түсініп келуі қажет. 
– Қазіргі жастардың денсаулығы әлсіз, әскерге барудан жалтарады деп жатады...
– Бүгінгі жастардың денсаулығы нашарлап кетті деп айта алмаймын. Біздің кезімізде де денсаулығы нашарлар болды, оның заманға еш қатысы жоқ. Адам өзгерді, заман өзгерді дегенге өзім сене бермеймін. Мәселен, әскерге барамын деген 100 адамның кемі 20-сы денсаулығына байланысты медициналық тексеруден өтпей қалып жатады. Денсаулығы жоқ адамдар қашанда болған, бола да береді.
– Жастарды әскерге күштеп, көшеден алып кетіп жатады дейді. Бұл қаншалықты заңды?
– Күштеп әкетеді демекші, оларға алдымен шақырту жіберіледі емес пе? Ешкімді ескертпестен бас салып әкетіп жатқан жоқ. Сол күштеп алып кеткендер шақырту келгенде военкоматқа барып, болмаса, денсаулығында ақауы болса неге ескертпеді деген ой туындайды. Бұл – таяқтың бір ұшы. Екіншіден, қазір елдің бәрінде несие бар. Әскерге кетті екен деп, банк демалыс беріп қоймайды. Әскери борышын өтеп жүргенде несие пайызы да өсе береді. Сондықтан жастар мүлде әскерге барғысы келмейді деуге болмайтын шығар. Олар сол уақытта жұмыс істеп, несиемді төлеп алайын деген ойда болады. Әскерден қашудың бір себебі – осы. 
– Қазір мұндай несиесі бар азаматтарға мемлекет тарапынан жеңілдік жасалып жатыр емес пе?
– Дұрыс айтасыз, мерзімді әскерге шақырылған азаматтарға екінші деңгейлі банктер алдындағы несиесін өтеу кейінге қалдырылады. Бұл уақыт 13 ай деп көрсетілген. Ал, қосымша бір ай әскерден келгеннен кейін жұмысқа орналасу үшін беріледі. Мұнан бөлек әскерден келген жастарға жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік жасалып отыр. Яғни жоғары оқу орнына түсуге ниетті әскерден келген азаматтарға тегін грант беріледі. 
– Жалпы, жастардың әскерге деген құлшынысын арттыру үшін не істеу қажет? Әскердің әлеуетін көтеру үшін мемлекет тарапынан қандай бастамаларды қолға алған жөн?
– Ақты – ақ, қараны – қара деп айтуымыз керек. Біздің әскерге алғаш барғандағы уақыт пен қазіргі әскери даярлық, қару-жарақпен қамтылу деңгейі жер мен көктей. Отыз жылдан аса уақыт ішінде қарулы күштеріміз қаншама реформаны бастан өткерді. Техникалық жарақтандырудан бөлек әскерилердің әлеуметтік-құқықтық жағынан қорғалуы, техникалармен жабдықталуы сияқты мәселелердің заңдық негіздері жасалды. Қорғаныс министрлігінің ұсынысымен заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Қаржыландыру деңгейі де жыл сайын көтеріліп келеді. Жаңадан әскери доктрина қабылданды. Қазақстан сарбаздары мен офицерлері бітімгершілік миссияларына қатысып, оны абыроймен атқарып келеді. Халықаралық әскери келісімшарттарға сәйкес, әртүрлі мемлекеттерде өтетін әскери оқу-жаттығу жиындарына жүйелі түрде қатысуға мүмкіндік бар. 
Қазір Президент тапсырмасымен әскери салада реформа жүргізіліп жатыр. Менің айтпағым, әскери адамдардың әлеуметтік жағдайы жақсы болуы керек. Олардың 
еңбекақылары отбасын асырауға толығымен жетуге тиіс. Үй, пәтермен қамтылуы қажет. Қызмет аяқталып, зейнеткерлікке шыққанда оның зейнетақысы одан кейінгі өмірінде дұрыс өмір сүруін қамтамасыз етуі керек. Зейнетке шыққан соң зейнетақысы отбасын асырауға жетпей, басқа жұмыс істемеуі қажет. Міне, үкіметіміз осыны дұрыс есептеуі керек. 
«Ұранды ердің ұрпағы қайсар болады» деген қанатты сөз бар. Сондықтан еліміздің мектептерінен бастап орта және жоғары оқу орнындағы жастармен әскери-патриоттық тәрбиені дұрыс, жүйелі жүргізуіміз қажет. Әсіресе, алғашқы әскери дайындық пәнінің мәртебесін көтеру керек. Ол пәнді оқулықсыз емес, арнайы оқулықпен оқытқан жөн. Бұл жөнінде Оқу-ағарту министрлігі мен Қорғаныс министрлігінің жұмысын Үкімет дұрыс үйлестіргені жөн. 
– Әскери борыш – абыройлы міндет. Осы тұста жастарға әскери борыш туралы қандай ағалық ақыл айтар едіңіз.
– Әрбір ер азамат үшін ең басты міндет – Отан алдындағы борышын өтеу екені сөзсіз. Отанды қорғау – мына сіз бен біздің міндетіміз. Тепсе темір үзетін кез келген азамат осыны түсінсе деймін. Сондықтан өскелең ұрпақ өз отбасын қалай қорғаса, еліне де солай қорғаныш болуы қажет. 
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Оңтүстік Қазақстан».
Пікір қалдырыңыз