Тұрғындардың сұраныстары тыңдалды
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің ұйымдастыруымен облыс тұрғындарын жеке мәселелерімен кезекті қабылдауды Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Алмасбек Нақыпбеков өткізді. Облыс тұрғындары спорт саласындағы уәкілетті органға сұраныстарын партия алаңына жеке келіп те, телефон арқылы байланысып, онлайн режимде қоюға да мүмкіндік алды.
Алмас Мұқадасұлының қабылдауына Кентау қаласына қарасты Қарнақ елді мекенінен келген Яхия Юлдашев ауылда спорт алаңшасы мен заманауи спорт кешенін салып беру мәселесін көтерді. Бұл мәселе басқарманың ерекше бақылауына алынғанын хабарлаған Алмасбек Нақыпбеков, Кентау қаласы әкімдігімен тұрғындар көтеріп жатқан мәселені шешуде нәтижелі жұмыстар атқарылатынына сенім білдірді. Спортқа қажетті инфрақұрылымды қалыптастыруда ауыл тұрғындарымен кері байланыс орнықтыруға дайын екенін білдіріп, басқарма өкілдері ауыл тұрғындарымен кездесуге арнайы баратынын жеткізді.
Отырар ауданынан белсенді азамат Төребек Айдарқұлов арнайы келіп, Шәмші ауылындағы стадионды қалпына келтіру, спорт жанкүйерлеріне арналған орындықтар қою, талапқа сай жаңғырту мәселесі бойынша көмек сұрап келді. Басқарма тарапынан бұл мәселені шешуде Отырар ауданы әкімдігімен бірлесе қолда бар мүмкіндіктер зерделенетінін, демеушілер арқылы шешу жолдары қарастырылатынын айтқан Алмас Мұқадасұлы, мәселені жеке бақылауында ұстайтынын мәлімдеді.
Сарыағаш ауданы, Еңкес ауылынан онлайн режимде сауалын қойған Амир Сапаров ауылда заманауи үлгідегі спорт кешенін салу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленгенін, бірақ нысан құрылысы қолға алынбай, кешеуілдеп жатқанын хабарлап, мәселені оң шешуге жәрдем көрсетуді сұрады. Бұл мәселе бойынша басқарма тарапынан тиісті бюджеттік өтінім берілетінін хабарлаған басқарма басшысы, аудан әкімдігімен тиісті жұмыстар жүргізіліп, жергілікті тұрғындарға қабылданып жатқан шешімдер туралы дер кезінде мағлұмат берілетінін айтты.
Сондай-ақ, қабылдау барысында Түркістан қаласындағы кейбір спорт алаңшаларының жарамсыз күйге түсіп жатқаны айтылып, бұл мәселе спорт алаңшаларының қалыпты жұмысына жауапты қала әкімдігінің назарына жеткізілді.
«AMANAT» партиясы
Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі.