«Алаш аманатын арқалаған «Ақ жол»

Қазақ халқының тарихында ХХ ғасырдың алғашқы жартысы ең бір аласапыранды, дауылы мен дүрбелеңі, нәубеті мен қиянаты толастамаған дәуір болды. Қандай қиындықты бастан кешірмесін, зұлмат пен зобалаңға мойымаған халқымыз ілгері ұмтылды, бостандыққа жететін күнді күтті, үміт үзбеді.

Біздің бүгінгі әңгімеміз сол бір дауылды, дүрбелеңді жылдары туған халқына қалтқысыз қызмет еткен «Ақ жол» газеті жайында болмақ. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің басшылығымен газет арада бір ғасыр өткенде, яғни 2020 жылдан бастап 25 том болып қайта шықты. «Ақ жол» газеті көптомдығының құрастырушысы – белгілі ақын, қайраткер тұлға, бұл күндері мерейлі 75 жасқа толып отырған Ханбибі Есенқарақызы. Осыған орай Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті өзінің 1972 жылғы түлегі, ақын, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Парасат», «Барыс» ордендерінің иегері жайында «Ұлт аманатын арқалаған «Ақ жол» және Ханбибі Есенқарақызы» атты тақырыпта халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізуді жоспарлап отыр.
Араға ғасыр салып, халқымен қайта табысқан газет жинағының алғысөзі ретінде жазылған «Алаш аманатын арқалаған «Ақ жол» атты зерттеу еңбегінде Х.Есенқарақызы:  «Ақ жол» газеті 1920 жылдың 7 декабрінен бастап, 1926 жыл көлемінде Түркістан Республикасының кіндік басқарма комитеті һәм ортақшыл партия кіндік комитетінің атынан Ташкентте жеті сайын үш мәрте үзбей шығып тұрды. Түркістан Республикасының Қазақстанға қосылған соңғы 1925 жылғы 19 июнь №577 санынан бастап Сырдария атқару және партия комитетінің атынан Шымкент қаласында шығып келген. Алайда, кеңестік идеологияның тар шеңберіне сыймаған Алаш ардақтыларының көсемсөзі кейінгі ұрпақ санасынан әдейі өшірілді. Төте араб жазуынан латынға, іле-шала кириллицаға көшірілді. Халқымыз өткен тарихынан еріксіз көз жазып қалды» деп өткен тарихтың сол бір кездегі «ақтаңдақтары» жайында да ой бөліседі. Одан әрі: «Әр парақты ашқан сайын түрлі бүркеншік атпен жазылған Алаш зиялыларының, ұлттың рухани көсемдерінің қолтаңбасымен қауышасыз. «Қарағай басын шортан шалған» қилы ғасырдың толғағында туған жанкешті тұлғаларымыздың осынау бір еңбегінен өз іздегеніңізді тауып жатсаңыз біздің де айналайын Алаш жұртының алдындағы бір парызымыздың өтелгені деп білеміз» деп ақ тілекпен ағынан жарылады ақын. Алаш жұртының алдында перзенттік парызы мен қарызын адал орындаған ардақты ақынға халық дән риза. 
Ақын Ханбибі «Ақ жол» әлеміне кездейсоқ келмеген тәрізді. Өзінің 1983 жылы жарық көрген «Жан айқайы» кітабында былай деп жырлайды:
Естілерді «есер» деп,
Есі жоқты «көсем» деп,
Таным беріп тарихтан,
Бізді үйреткен «шешен» көп. 
Өзімізді таппадық,
Өзгелерді жаттадық.
Надан десе бас шұлғып,
Саясатты сақтадық.
Жүсіпбекті білмедік,
Мағжанды көзге ілмедік.
Алаңы көп көңілді,
Алға қарай сүйредік.
О, ағайын, кез бүгін,
Ойың – алмас кездігің.
Сыналатын сәт келді,
Ерлігің мен ездігің!... 
Аз-кем шегініс. Қазақ руханиятының тарихында ерекше орын алатын құндылықтардың бірі әрі бірегейі қазақ баспасөзі болды десек қателеспейміз. ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде Ташкент, Омбы қалаларында жарық көрген «Түркістан уәлаятының газеті», «Дала уәлаятының газеті» сияқты газеттер патша өкіметінің ресми органы бола тұра мәдени мұрамызды насихаттауда, халық санасына сәуле түсіруде ерекше рөл атқарды. ХХ ғасырдың бас кезінде бұл дәстүр жалғасын тапты, «Қазақ» (Троицк), «Қазақстан» (Орда), «Сарыарқа» (Семей), «Үш жүз» (Петропавл), «Бірлік туы» (Ташкент) газеттері жарыққа шықты. Осылардың ішіндегі Троицкідегі демократиялық бағытта болған «Айқап» журналы (1911-1915) мен ой-санаға өлшеусіз қызмет еткен атақты Ахаңның, А.Байтұрсыновтың Орынборда шыққан «Қазақ» газеті болды (1913-1918). 
Ғасыр басындағы қанды төңкерістер жаңа кеңес қоғамын құрды. Билік басына большевиктер келді. Бұл қоғамға да газет керек болды. Ұлт ұстазы Ахаң (А.Байтұрсынов) айтқан «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дейтін даналық қағиданың тарихи мәнін түсінген кеңес өкіметі, большевиктер билігі баспасөзге үлкен мән берді. Кеңес қоғамының алғашқы жылдары Ташкент қаласында жарық көрген «Ақ жол» газеті  – Қазақстанның қоғамдық-саяси және мәдени-ағарту ісінің дамуына ықпал еткен газет. Газет 1920-1925 жылдары Ташкентте Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің, 1925-1926 жылдары Шымкентте Сырдария губерниялық комитетінің органы ретінде шығарылды. Алғашқы редакторы — С.Қожанов. Кейін газетті шығарушы, редакторлардың ішінде Н.Төреқұлов, 
С.Оспанов, И.Тоқтыбаев, т.б. болды. Газет жұмысына М.Дулатов, Ж.Аймауытов, Х.Досмұхамедов, І.Жансүгіров, А.Байтұрсынов, Б.Сүлеев, Т.Шонанов, т.б. қазақ зиялыларының үлкен шоғыры белсене араласты.
«Ақ жол» газеті халық алдындағы борышын адал орындап отырды, ұлттың елдік рухын көтеретін басылымдардың бірі әрі бірегейі болды.
Сұлтанбек Қожановтың   редакторлығымен жарық көрген «Ақ жол» газетінде ұлтын сүйген ұлы тұлғаның қолтаңбасы сайрап жатыр. Газеттің ең алғашқы санындағы «Оқушыларға!» деген тақырыппен жарық көрген аңдатпа мақаланың мазмұны терең әрі  дәуір шындығын қапысыз көрсетуімен құнды. 
Сұлтанбек Қожановтың дара қасиетінің бірі ұлт намысын ерекше қастер тұтатыны, ұлтым деп үн қатуы, бұл қасиет оның көптеген замандастарында, әсіресе, коммунистік жолға түскен, кеңес мемлекетін құруға үлес қосқандардың көбінде кемшін түсіп жатты.
Қазақ елі орыс отаршылдығының қамытын шамамен алғанда екі жарым ғасырдан астам уақыт киді, оның екі ғасырға жуығы ақ патша құлдығы болса, жетпіс жылға жуығы кеңес өкіметінің кезеңін қамтиды. «Мың өліп, мың тірілген» халқымыздың ең бір нәубет жылдары кеңес өкіметі орнаған жылдарға тап келді. Ел тарихындағы «ақтаңдақтар» да осы жылдарға сәйкес, аштық, кәмпескелеу, жазықсыз жала жабу, қолдан «халық жауы» етудің ойраны С.Қожановтардың көз алдында өтті. Дегенмен, қайраткер Қожанов ұлтының теңдігі, бостандығы үшін ештеңеден аянбады. Айтатын жерінде айтты, жазатын жерінде жазды.
...«Ақ жол» араға жүз жыл салып туған еліне қайтып оралды. Бұл қаншама жылдар бойы тынбай еңбек еткен қайраткер Ханбибі Есенқарақызының еңбегі екенін ерекше атап өту керек. «Ақын Ханбибінің тарихтағы жолы» жайлы қалам тербеген ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының  академигі Мәмбет Қойгелді былай деп тебіренеді: «Ханбибі Есенқарақызы – елімізде аты танымал ақын. Жаны жайсаң адам. Маған, әсіресе, ұнағаны Ханбибі ақынның тарих шындығына деген құштарлығы. Алаш зиялыларына деген құрметі болды. Ол бұл ұстанымын атақты «Ақ жол» газетін көптомдық кітап түрінде шығару арқылы білдірді».    
Иә, өткен ғасырдың алғашқы ширегінде жарық көрген, туған елінің рухани әлеміне аянбай қызмет көрсеткен «Ақ жол» газеті белгілі ақын, баспасөз жанашыры, Шымкенттегі қуғын-сүргін музейінің алғашқы директоры болған «хан қызындай Ханбибі»  Есенқарақызының еңбегінің нәтижесінде қайта халқымен қауышты. 
Ақын апаның, дарынды дара жанның мерейтойы қарсаңында оның осы еңбегін тағы бір атап өтуді жөн көрдік.

Нариман Нұрпейісов, 
филология ғылымдарының кандидаты, 
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті қазақ тілі мен  әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы.                                                                                                                      
Пікір қалдырыңыз