Декларация дегбіріңізді алмасын...

Созақ ауданының тұрғыны Мөлдір Сайлаубек бала күтімі бойынша еңбек демалысында жүріп декларация тапсырмағанын айтады. Жақында жұмысқа шыққан кезде оған декларация тапсырмағаны жөнінде ескерту хабарлама келген. «Егер мен уақытында декларация тапсырмасам қандай келеңсіздіктерге тап боламын?» деген сауал жолдайды көпбалалы ұстаз.  

Қаржы министрлігі декларация тапсырмаған қазақстандықтарға ескерту жасады. «Декларацияны тапсыру мерзімі 16 қыркүйекте аяқталды. Сондықтан да декларацияны ұсынбаған салық төлеушілер бойынша салық заңнамасында белгіленген мерзімде салық есептілігін ұсынбағаны туралы хабарламалар жіберілді.  Хабарламаны алған сәттен бастап 30 жұмыс күні ішінде мұндай адамдар декларацияны ұсыну немесе түсініктеме беру арқылы бұзушылықты жоюы қажет» делінген ескертуде. 
P.S. Дәл осы кезде Үкімет отырысында Қаржы министрі Мәди Такиев кімдер декларация тапсырудан босатылатынын мәлімдеді. 
Министрдің айтуынша, 2025 жылдан бастап шамамен 8 миллион адам декларация тапсыруы тиіс болған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жалпыға бірдей декларациялау тәсілдерін қайта қарау туралы тапсырмасы аясында 4-кезеңдегі мына азаматтарды активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсырудан босату ұсынылады.
«Жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқаларын декларация тапсырудан босату ұсынылады. Босату рәсімі осы санаттағы жеке тұлғалардың 90 пайыздан астамын қамтиды»  деді ол.
Мәди Такиевтің айтуынша, мемлекеттік қызметшілер; коммерциялық ұйымдардың, квазимемлекеттік сектордың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары; Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде активтері барларға және 1 жыл ішінде сатып алғандар; бір жыл ішінде құны 20 000 айлық есептік көрсеткіштен (74 млн. теңге) астам сатып алулар жасағандар декларация тапсыруға міндеттеледі. 

А.ЖАХИЯ.
Пікір қалдырыңыз