Замансөз жайын зерделеген

Асыл арман, биік мақсаттарға адамды еңбек қана жеткізеді. Дана халқымыз айтқандай, 
«еңбек – бәрін жеңбек». Осы қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған жандардың бірі – Мұратбек Тоқтағазин. 

Мұратбек Тоқтағазин 1986 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дың журналистика факультетін тәмамдағаннан кейін еңбек жолын Целиноград облыстық «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары») газетінен бастады. 1990 жылы республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің Целино-
град облысындағы меншікті тілшісі болса, 1997-1999 жылдар аралығында «Егемен Қазақстанның» Ақмоладағы тілшілер қосынының меңгерушісі қызметін атқарды. 2011 жылы «Әділет БАҚ МЕДИА» республикалық газетінің Астанадағы тілшілер қосынының меңгерушісі, кейіннен осы басылымның бас редакторының орынбасары болды. 2012 жылы «Әділет» ұлттық апталығының редакторлар кеңесінің төрағасы, 2019 жылы «Әділет. Рухани жаңғыру» республикалық қоғамдық-саяси, тарихи-танымдық газетінің бас редакторы, ҚР Бас редакторлар клубының бірінші вице-президенті болып сайланды. 
М.Тоқтағазиннің қазақ журналистикасындағы еңбегі әр кез лайықты бағаланып отырды. 2000 жылы «Қазақстан Республикасы астанасының үздік журналисі» конкурсының лауреаты, 2012 жылы республикалық «Асыл сөз құдіреті» конкурсының лауреаты, 2014 жылы Қазақстан Журналистер одағы дипломының иегері, Қазақстан Республикасының «Мәдениет саласының үздігі», Қазақстанның «Ақпарат саласының үздігі» атанды. 
Мұратбек Тоқтағазин қазақ руханиятына журналистік қызметімен ғана емес, ғылыми ізденістерімен де өлшеусіз үлес қосты. 2000 жылдан бастап ғылымға ерекше ден қойды. Соның нәтижесінде 2010 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов шығармашылығындағы деректік негіз және көркемдік сипат» атты тақырыпта  кандидаттық диссертация қорғады. 2011 жылдан бастап осы университеттің Баспасөз және баспа ісі кафедрасының доценті, профессоры ретінде қызмет ете жүріп,  журналистиканың, публицистиканың өзекті мәселелерін кешенді зерттеп, 2 монография, 1 оқу құралын баспадан шығарды, 10 ғылыми жинақтың құрастырушысы, жауапты редакторы болды. Сексеннен астам ғылыми-зерттеу мақалалары Қазақстанның, Белоруссияның, Ресейдің және басқа да шетелдердің ғылыми журналдарында, халықаралық басылымдарында жарияланды.  Әлемдегі ең ірі библиографиялық және реферативтік Web of Science, Scopus деректер базаларында 5 ғылыми мақаласы жарияланды.   
Журналистиканың әртүрлі жанрларын зерттеп, соның ішінде публицистиканың (замансөз) өткені мен бүгінін айқындауға бағытталған бірқатар еңбектер жазды. «Деректілік пен көркемдік», «Эпистолярные жанры в публицистике Беларуси, России и Казахстана» атты монографиялар мен «Ақмола үшін айқас», «Кітап басу ісіндегі коммуникативті саясат және жарнама», «Замансөз заңғары» атты ғылыми жинақтарды жарыққа шығарды. 
Мұратбек Тоқтағазин – өзі ден қойған мәселеге үстірт қарамай, оның түбіне терең үңіліп тұжырым жасайтын ғалым. Публицистика жанрына жаны жақын ол көпшіліктің назарын «публицистика» сөзінің қазақша аударылмай жүргеніне аударады. «Қазақ әдебиеті» энциклопедиялық анықтамалығындағы және А.Байтұрсынұлының, профессор К.Хамзин мен С.Медеубекұлы еңбектеріндегі осы сөздің қолданысы мен түсініктемелерін алға тарта отырып мынадай тұжырымын жасайды: 
«Ақиқатында «публицистика» терминіне қатысты түйін-толғамдар аз емес біздіңше, бұл ұғымның табиғатын ашатын сөз – ЗАМАНСӨЗ. Өйткені, өз дәуірінің өзекжарды мәселесін қозғайтын қалам иесі сол заманның жоғын жоқтап, барын безбендейді, сол арқылы халықтың мұңын мұңдау арқылы өз хал-қадерінше жүрекжарды ой-пікірін өткір сипатта ортаға салады. Бірқатар зерттеушілер «көсемсөзге» синоним ретінде «беделсөз», «дарасөз», «өткірсөз» сияқты ұғымдарды қолданып жүр. Дей тұрғанмен, ЗАМАНСӨЗ қаламгердің публицистикалық шалқыған тебіреніс-толғанысын дәлірек ашады деген сенімдеміз. Өйткені, әр жазбагер – өз заманының ғана өкілі, тек өз кезеңіндегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-рухани мәселелер туралы үн қатып, баға береді, өзінің өткір көзқарасын, тың идеяларын жұрт назарына ұсынады. Қоғамдағы жинақталып қалған проблемаларды сын садағымен түйреп қана қоймай, тығырықтан шығар жолды нұсқауға да атсалысып, өзекжарды ой-тұжырымдарын нақты мазмұнда халыққа ашық һәм батыл жариялайды». 
М.Тоқтағазин «Замансөз заңғары» атты еңбегінде «публицистика», яғни «замансөз» туралы әр кезеңдегі зерттеушілердің әрқилы топшылауларын мысалға келтіргенімен әлі де бір байламға келіп, ортақ анықтамаға тоқтай қоймағандығын ескертеді. 
Реті келгенде Мұратбек Тоқтағазиннің «Замансөз заңғары» атты кітабы туралы да айта кетейік. Мұны «қазақ публицистика саласындағы салмақты еңбек» деуге болады. Ондағы журналист-жазушы Ә.Нұршайықов туралы жазылған ой-толғаныстар кітаптың мазмұнын арттыра түседі. Әсіресе, кезінде оқырмандарын көркем очерктерімен тамсандырып, осы жанрды роман деңгейіне көтере алған әйгілі Әзағаңды «Замансөз заңғары» деп асқақтата жазған ой-толғауынан ғалым-журналистің жіті ізденісін аңғаруға болады. Автор «Заманауи замансөзші», «Қайраткер қаламгер», «Тәлімді тұлға» тарауларында Әзілхан Нұршайықовтың жарық көрмеген саясат пен қоғам, заман мен адам, әдебиет пен мәдениет, рухани құндылықтар мен ел мұралары жайындағы замансөздік ой-толғамдарын сараптап оқырмандарға жеткізуді мақсат еткен. Танымал тұлғалардың Әзағаң туралы айтқан ой-пікірлеріне де тоқталып өткен. 
Жоғарыда айтып өткеніміздей, М.Тоқтағазиннің «Әзілхан Нұршайықов шығармашылығындағы деректік негіз және көркемдік сипат» атты тақырыпта қорғаған кандидаттық диссертациясы 2012 жылы «Деректілік пен көркемдік» атты монографиялық еңбек болып жарыққа шықты. Онда журналист-жазушының шығармашылығына, стиліне, эпистолярлық туындыларына, күнделік жазбаларына, хаттарына сараптама жасалынған. Әсіресе, жазушының эпистолярлық жанрда жазған дүниелеріне кеңінен тоқталып, оның қазақ әдебиетінде осы жанрдың қалыптасуына өзіндік үлес қосқанын айтады. Ә.Нұршайықовтың «Қаламгер және оның достары» және «Қаламгер» атты эпистолярлық романдарына шоқтығы биік туынды деп баға береді.
Ғалым М.Тоқтағазин Ә.Нұршайықовты «әдебиетте жаңашылдығымен жарқырай көрінген жазушы» дей келе, қаламгердің заманауи постмодернизм әдісіне де бой ұрып эксперименттер жасағанын тілге тиек етеді. «Оның эксперименттері – әдебиеттің ішкі иірімдерінен, оқиғаның өрбу барысынан туындайтын қадамның жемісі. Жиырмасыншы ғасырдың басында өмірге келген қаламгер жиырма бірінші ғасырдың басында да үзбей ізденетін дағдысынан айныған жоқ» дейді ғалым. Мәселен, оның өмірлік  жары Халима апаға арналған «Мәңгілік махаббат жыры» хаты ақ өлең үлгісіндегі соны әдіспен жазылған шығарма екенін айтады. «Әдебиет пен публицистиканың тоғысқан жерінен туындаған бұл кітапты «эксперимент» дейтін себебіміз сол» дейді. 
Қорыта келгенде, Мұратбек Тоқтағазин – Ә.Нұршайықовтың әдеби-публицистикалық мұраларын толықтай дерлік жинақтап, оны насихаттауда мол үлес қосқан ғалым-журналист. Оны: «Ә.Нұршайықовтың барлық шығармаларын жинақтаса, 20 том еңбек еркін шығады. Оның мұрағатында жатқан дүниелері оқырман қолына әлі жеткен жоқ. Сонымен қатар, мемлекеттік мұрағаттарда да қыруар жазбалары сақтаулы. Оның барлығының өнегелік сипаттары 
мол» деген сөзінен-ақ аңғаруға болады.
Мұратбек Тоқтағазин Әзағаңның оқырмандарына әлі де жетпей жатқан, ұрпақтан-ұрпаққа өнеге боларлық мол қазынасы мен мұрасын жинақтап баспадан шығаруды ниет етіп жүр. Ол 2012 жылы абыз қаламгердің 90 жылдық мерейтойына орай «Әйгілі Әзаға» атты естеліктер мен эсселер жинағының шығуына ұйытқы болған. Кітапта белгілі қоғам қайраткерлерінің, жазушымен жақын араласқан, сыйласқан замандастарының, өнер қайраткерлерінің, ақындардың, зиялы қауым өкілдері мен көрнекті ғалымдардың Әзағаңның азаматтық тұлғасы мен жазушылық, журналистік қырларын аша түсетін эссе-естеліктері, өлең-жырлары топтастырылған. Сонымен қатар өзі профессорлық қызмет атқарып жүрген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде бірнеше рет Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың өмірі мен шығармашылық мұрасына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырды. Сол конференцияда оқылған ғылыми мақалалар мен баяндамалардың жинақ болып шығуына мұрындық болды. Атап айтқанда, «Әзілхан Нұршайықов және қазақстандық журналистиканың өзекті мәселелері» (Астана, 2013), «Әзілхан Нұршайықов және журналистика мен әдебиеттанудың өзекті мәселелері» (Астана, 2022) атты ғылыми жинақтардың жауапты редакторы әрі құрастырушысы болды. 
Қазақ журналистикасының замансөз саласы мен әйгілі журналист-жазушы Ә.Нұршайық- овтың әдеби-публицистикалық мұрасын зерттеп, іргелі еңбектер жазған замандасымыз Мұратбек Тоқтағазинді қазақ руханиятына  бойындағы бар ғылыми, шығармашылық потенциалын арнаған ұлтжанды азамат деп танимыз. Мұратбек Балқыбекұлы таяуда ғана ел мен үкімет тарапынан зор құрметке бөленіп, «Құрмет» орденімен марапатталды. Замандас, дос Мұратбек Тоқтағазинге «еңбегің жемісті, өмірің ұзақ, әр ісің сәтті де абыройлы болсын!» демекпіз.
 
Сәлима ҚАЛҚАБАЕВА, 
филология ғылымдарының кандидаты,                                               
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 
профессоры.
Пікір қалдырыңыз