Кентау көркейіп келеді

Қайсар ШЕРІМ, «Оңтүстік Қазақстан».

Кентауда көп қабатты үйлер көптеп тұрғызылып, қала ішіндегі жолдарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, тұрғындарды әлеуметтік қолдауға да ерекше мән берілуде. Бұған қалада атқарылып жатқан жұмыстармен танысу барысында көз жеткіздік.

– Былтыр қыркүйек айында облыстық бюджеттен бір көпқабатты әлеуметтік тұрғын үй салу үшін 300 миллион теңге бөлініп, конкурс өткізіліп, келісім-шартқа тұрған болатынбыз. Мердігер мекеме – «Іргетас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Ал, биыл бюджеттен 522 млн. теңге бөлінді. Қазіргі таңда  ішкі әрлеу, электр сымдарын тарту  жұмыстары жүргізілуде. Бұл – 60 пәтерлі көпқабатты үй. Оның 30 пәтері 3 бөлмелі, қалғаны бір және екі бөлмелі. Кестеге сәйкес үйді қазан айында тапсыру жоспарланып отыр. Одан бөлек, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналып әрқайсысы 30 пәтерден тұратын екі үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оларды да қазан айында тапсырамыз, – деді бізбен әңгімесінде Кентау қалалық  құрылыс-сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Данияр  Байсейітов.    
Айта кету керек, Кентау қаласында жаңадан салынатын көп қабатты тұрғын үйлер құрылысы үшін арнайы 55 гектар жер бөлінген. Осы аумақты және оған келетін көшені жарықтандыру мақсатында республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлінген. Қазіргі таңда бұл жұмыстар басталып та кетті. Бұл жобаның  қаржысы негізінен келесі жылға өтпелі, бірақ, құрылыс бөлімі оны биыл тамыз, қыркүйек айында аяқтауды көздеп отыр.
Ал,  170 гектарды алып жатқан «Қаратау» мөлтекауданына ауыз су мен жарық жүйелері жүргізілген. Бүгінде тұрғындар оның игілігін көріп отыр. Енді кәріз жүйелері мен жол салу үшін республикалық бюджетке 1 млрд. 700 млн. теңгеге жоба ұсынылыпты. «Егер осы қаржы бөлінсе, аталған мөлтекаудан тұрғындары үлкен қуанышқа кенелері еді» дейді Данияр Қайратұлы.

Пікір қалдырыңыз