Журналистиканың жауынгері болсақ...

      Жастар қаншама асқақ арман мен үміттің айырылмас символы. Әр елдің басты капиталы халық десек, одан бөлек елдігіміздің дамуына үлес қосушы, қоғамның жетекші күші ретінде жастар  қашанда  жауапты. Еліміздің бүгінгі және  ертеңгі тарихын қалыптастыру, мәдениетін  дамыту, жаһандық өркендеу, жалпы алғанда  алға қарай қарышты қадамдар жасау біздің қолымызда.  Сонау сұрапыл жылдардың өзінде арыстарымыздың бірі Мағжан Жұмабай «Мен жастарға сенемін» деп бізге үлкен үміт артты.

Иә, қазір нарық заманы. Өркениет көшіне тек білімділер мен алғырлар ілесетін заман. Бір өкініштісі, қазір қарап отырсам, жастарымыз тым бұйығы. Жұрттың баласы биіктерге ұмтылып жатқанда, ата-анасының көлеңкесінде қалып қойғандар да бар. Кітап оқымайтын, ұлттық құндылықтарға немқұрайлы қарайтын жастар арамыздан табылады. Әсіресе, әлеуметтік желінің құрбаны болып жүрген қатарластарымызға жаным ашиды. Есірткіге, темекіге әуес жастар бар. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әр Жолдауында жастар арасындағы келеңсіздіктерді жою, олардың есіткіге тәуелділігін болдырмау жөнінде айтып, бізді жат әрекеттерден сақтандырып келеді. Біз осы аталық қамқорлықты сезініп, еліміздің жарқын болашағы үшін бойымыздағы бар күш-жігерімізді аямауымыз керек. Өйткені, Қазақстан-біздің Отанымыз. Біздің басқа Отанымыз жоқ.

Біз, жастар, Мемлекет басшысының  бізге сенім артып, қолдау білдіріп келе жатқанын сезінеміз. Болашақ журналист ретінде еліміздің ертеңгі ертегідей кезеңдерін тарихта өшпестей етіп жазғым келеді. Бүгінгі жастар арасында білімдарлығымен әлемді таңқалдырар таланттар көп. Қазір ғылым мен білім заманы. Жасанды интеллектілер, ғарышқа сапар, ұшқышсыз ұшақтар, көкте қалықтап жүрген такси, басқарушысыз зымырап бара жатқан көліктер, барлық жұмысыңды өзіңнен артық жасап беретін роботтар, міне, біздің ертеңгі өміріміз. Ғылым ілгерілеген сайын журналистика теориялары да тереңдей түспек. Біз білімдар журналист ретінде жаңа заманның тыныс-тіршілігін қаз-қалпында жаза алуымыз керек. Сондықтан бізге жан-жақты болу талабы бар. Біз мұны сезінеміз. Осы мақсатпен, ғылымның әр саласынан хабардар болғымыз келеді.

         Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Масс-медиа туралы» Заңға қол қойды. Жаңа заңда бірқатар тың ережелер қарастырылған. Біз осы ереже талаптарын сақтай отырып, еліміздің болашағын қалап жатқан еңбек адамдарының жарқын бейнелерін ашуға да атсалысамыз. Жалпы, журналистиканың жалынды жауынгері болғымыз келеді.        

 

                                      Асанәлі ӨМІРБАЙ,

                            М.Әуезов атындағы ОҚУ журналистика факультетінің 2 курс студенті. 

Пікір қалдырыңыз