Студент – кәсіпкер
Сүлеймен
Демирел атындағы университет білім берудегі ынтымақтастықты нығайту, бауырлас
екі елді жақындастыру және келешек жас буынның алдынан жаңа көкжиек ашу
мақсатында ашылды. Осы мақсатты айқын түсінген жастардың бірі Ернар Райымқұл
сабақты үздік оқиды. Сонымен қатар кәсіпкерлікпен айналысады. Ол өз кәсібін ірі
компаниялардың, серіктестіктердің жұмыстарын зерттеуден бастаған. Кәсіпорын
басшыларының іс-тәжірибесін талдаған, олармен сұхбаттасқан. Төрт тілде еркін
сөйлейтін Ернар кез келген басшымен оңай тіл табысады.
Ернар
өз кәсібін 2021 жылы ашыпты. Алайда, тәжірибесінің аздығынан жұмысын дамыта
алмаған. Оның үстіне «жалғыздың үні шықпас» деген де бар. Бірақ, артқа қайтар
жолдың жоқтығын білген жас алға қарай ұмтылды. Университеттің қаржыгер
даярлайтын факультетінің 2-курсын тауысқан Ернар бүгінде тендер саласына ден
қойып жүр. Ол бірнеше конкурсқа қатысып, жеңімпаз атанды. Ол тауарлардың
сатылымы бойынша жарнамалар жасайды және сауда ісімен де айналысады. Осылайша
ата-анасына да көмектесіп отырады.
–
Менің атам да, әжем де бар. Әке-шешем менің бастамаларыма үнемі қолдау көрсетіп
отырады. Оларға салмақ салмай, өзіме қажетті қаржы тауып жүргенімді мақтаныш
етемін, – дейді Ернар бізбен әңгімесінде.
Ернар
енді өз кәсібін Қазақстан бойынша дамытуды көздеп отыр. Ең бастысы, үш айлық
демалысын текке өткізбей, кәсібін одан әрі дамыта түсу әрі қомақты қаржы табуды
көздеген ол күні-түні көз ілмей еңбек етеді.
Біз
оның университетті бітірген соң қаржы саласында биік белестерден көрінетініне
сенеміз.
Нұрдәулет ҚҰРМАНБЕК,
М.Әуезов атындағы ОҚУ журналистика
факультетінің 2-курс студенті.