Сыр тұнған суреттер (С.Ерубаевтың фотолары туралы)
Саттар Ерубаевтың 110 жылдық мерейтойы қарсаңында ол туралы көбірек дерек беруге деген талпыныс – заңды құбылыс. Бұнымыз тыңнан түрен салдық деген сөз емес, әрине. Қайтара еске түсіріп, жаңғыртып отыру турасындағы, тәжірибеде бұрыннан бар, керекті де деректі әрекет.
Басқа да мұралары секілді, С.Ерубаевтың соңында қалған фотолар да соншалықты көп емес. Себебі өз-өзінен түсінікті: өйткені өмірден ерте кетті, өзімен бірге қаншама сыр тұнған суреттерді ерте кетті. «Суреттер» деген сөзіміздің ішінде – Саттардың фотосуреттері ғана емес, сол фотосуреттер арқылы айтып үлгере алмай, жазып жеткізе алмай кеткен шығармаларының сұлбасы елес беретіндей. Бұл тұрғыда Саттар жайлы естелік айтушылар мен зерттеушілер де «С.Ерубаев ұзағырақ өмір сүргенде, көптеген көркем дүниелер тудырып, қазақ әдебиетінің алтын қоры молыға түскен болар еді» деп өкініштерін білдіріп жатады. Қосып-алары жоқ, біз де осындай ойдамыз.
Ал, Саттардан қалған сырлы суреттерге тікелей тоқталсақ: қазіргі музей экспозициясынан, кітап, бұқаралық ақпарат құралдары беттері мен ғаламтор желісінен көріп жүрген С.Ерубаевың фотосуреттері бізге оның өмірі мен шығармашылығы жайлы көптеген мәліметтер қалдырып кеткен жазушы Әдіһам Шілтерханов арқылы жеткен. Жылнамалық ретпен келсек, Саттардың жас кезінде сыныптастарымен түскен фотосуреті бар. Ол суретте болашаққа деген үміті жанарынан жарқырай көрініп тұрған жалынды жастың бейнесіне жолығасыз. Көзінде от, жанарында шоқ бар. Мына өмірге алаңсыз, ешбір күмән-күдіксіз, ақкөңіл де адал ниетпен қарап отырған бала Саттар. «Мен өмірге өлердей ғашық едім» деп өзі айтпақшы, осы суретінде көздерінен оның өмірге деген алғаусыз ғашық көзқарасын, мәңгілік махаббатын анық аңғарасыз. «Білгің келсе, алдымен зертте мені» деп ақын Мұқағали айтпақшы, Саттар Ерубаевтың соңында қалған санаулы фотосуреттері туралы деректерді оның өз шығармаларынан табуға болады.
С.Ерубаевтың өмірінің соңғы жылдарында түскен, жүдеу кейіптегі суретін көргенде, оның «Өмір деген өксігімді баса алмастан жүр едім» деген өлең жолдары ойға оралады. Ақынның бір топ замандастарымен бірге түскен суреті бар. Онда ол досын әлде әріптесін күлімсірей тыңдап тұр. С.Ерубаевтың бүкіл ғаламторда жүрген белгілі портреті осы сурет негізінде салынған. Аталмыш картинаны музей үшін тапсырыс беріп салдырған қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш заң қызметкерлерінің бірі – Саттардың немере қарындасы, түркістандық Фарида Аққұлқызы Құжымова.
С.Ерубаев әртүрлі білім салаларын, соның ішінде медицина саласын да қазып оқыған екен. Мұны ол өзінің өкпе сырқатының себеп-салдарын білу үшін қолға алса керек. Жастарға философия пәнінен сабақ бергендіктен білімін тереңдету үшін өсімдіктердің, жан-жануарлардың анатомиясы мен физиологиясын өз бетінше оқыған. Адам анатомиясы, физиологиясы жөніндегі алғашқы элементарлық медицина курсын және элементарлық ветеринарияны да оқып шыққаны туралы С.Ерубаев жайлы кандидаттық диссертация қорғаған белгілі ғалым М.Алтынбекова айтып, жазып кеткен. Бұл оқып-тоқудың артында қаншама қажыр-қайрат жатыр. Сол заманда дауасы табылмаған, емі жоқ дерттен әбден қажыған адамға бұл оңай шаруа емес.
Сонымен қатар С.Ерубаевтың отызыншы жылдары Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласындағы әдебиет институтында оқып жүргенде достарымен түскен фотосуреті де бар, онда қасында тұрған адамдардың өзге ұлт өкілдері екені аңғарылады.
Тағы бір айта кетер өкінішті жайт, С.Ерубаев сырқаттанып, науқасына дауа таппай жүрген кезінде, үйіндегі ескі сандықта қалған біраз дүниелері жоғалып кеткен. Оның ішінде көптеген қолжазбалары мен фотосуреттері де болғаны айтылады. 1937 жылы өмірден озған соң, қайғыдан қан жұтқан анасының ештеңеге зауқы болмай жүрген кезінде де біраз мұралары жоғалған сыңайлы.
Дегенмен, артында азды-көпті әдеби мұралары қалды. Аз да болса саз жәдігерлер қаншама жастардың жігер отын жанып келеді.
Айгүл БАҚЫТҚЫЗЫ,
Саттар Ерубаев музейінің меңгерушісі.