Қазақстан Президенті ТМД-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты

Бішкек қаласына жұмыс сапарымен келген Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдер басшылары кеңесінің отырысына қатысты.
Қазақстан Президенті қонақжайлылық көрсеткені және ТМД-ға төрағалық ету барысында Қырғызстанның табысты жұмыс атқарғаны үшін Садыр Жапаровқа алғыс айтты.
Мемлекет басшысы ТМД жанындағы Серіктес және Бақылаушы мәртебесінің бекітілуін бүгінгі отырыстың айтулы оқиғасы ретінде атап өтіп, бұл шешім ұйымның кемеліне келгенін және оны дамытудың жаңа кезеңіне қадам басқанын көрсететініне назар аударды.
Қазақстан Президенті геосаяси қайшылықтардың шиеленісе түскенін атап өтіп, әлем экономикасында тұрақсыздық күшейгенін айтты.
– Қазақстан жаһандық сауда-саттық пен мемлекеттердің әл-ауқатына кері әсер ететін экономикалық санкцияларды қолдануға түбегейлі қарсы, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Президент Таяу Шығыстағы қазіргі ахуалға қатысты пікір білдірді.
– Қазақстан халықаралық өзекті проблемаларды шешу үшін лаңкестік әдістерді қолдануға мүлдем қарсы. Ондаған жыл бойы шешімін таппай келе жатқан міндеттерді жүзеге асыру үшін бейбіт азаматтарға зорлық-зомбылық көрсетіп, террорлық акциялар жасауға болмайды. Бұл – еш ақтауға келмейтін әрекет, – деді Президент.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халықаралық қатынастарда әділдік қағидатын орнатуды, халықаралық қоғамдастықтың барлық мүшесінің заңды және егемендік құқығын ескере отырып, оны демократияландыруды жақтайтынын жеткізді.
Мемлекет басшысы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі қазіргі тоқырау жағдайында әмбебап ұйымның өкілдік аясы анағұрлым кең органы саналатын БҰҰ Бас Ассамблеясының рөлін күшейтуге мүмкіндік бар әрі қажет деп есептейді. 
– Бұл ретте БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалау ісінде асығыстық танытуға болмайды. Біздің ойымызша, бұл маңызды органға әлемнің барлық аймағының елдері, соның ішінде жаһандық Оңтүстік мемлекеттері мүше болуға тиіс. Шын мәнінде, бұл ұстанымды осы жиынға қатысып отырған мемлекеттер басшыларының барлығы құптайтыны  қуантады, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев туындайтын сын-қатерлерді еңсеруге, табысты ынтымақтастықты нығайту үшін жаңа салаларды іздеуге бағытталған ТМД форматындағы белсенді ықпалдастықты жалғастыруға шақырды.
Президент ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды. Оның пікірінше, бұл құжат Еуразия кеңістігіндегі Достастық елдерінің мүдделерін ескеретін жаңа транзиттік-логистикалық кодқа айналады.
Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін келесі басымдық ретінде атап өтті.
– Анағұрлым өнімді әрі экологиялық таза ауыл шаруашылығын дамыту үшін өзара ықпалдастықты күшейткеніміз жөн. Озық тәжірибемен бөлісіп, өндіріс пен өткізілетін өнім арасындағы тізбекті жолға қою, сондай-ақ фитосанитариялық және ветеринарлық талаптарды оңтайландыру үшін қолайлы жағдай жасау қажет, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, климаттың жаһандық деңгейде өзгеруі елдеріміздің орнықты дамуына айтарлықтай қауіп төндіреді.
– ТМД-ға мүше бірқатар мемлекеттің аумағында қазіргі экологиялық ахуал нашарлап, шөлге айналу және су қорының сарқылу жағдайында бұл проблеманы елеусіз қалдыруға болмайды. БҰҰ бағалауына сәйкес 2050 жылға қарай климаттағы өзгеріс салдарынан бес миллиардтан астам адам су тапшылығына ұшырауы мүмкін. Қазірдің өзінде Орталық Азия елдері Жер шарындағы орташа температураның көтерілуіне байланысты күрделі проблемаларға тап болып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент еліміздің аталған саладағы маңызды жобалары туралы мәлімет берді.
Мемлекет басшысы күш-жігер жұмылдырмай, Еуразия кеңістігіндегі экологиялық катаклизмдердің салдарын еңсеру мүмкін емес екенін атап өтті. Сондай-ақ, ТМД аясында осы бағыттағы конструктивті қарым-қатынасты нығайту аса маңызды деп санайды.
Президент Достастық елдері волонтерлер бірлестіктерінің күш-жігерін жұмылдыру маңызды екеніне назар аударды.
– 2024 жылды ТМД-да Волонтерлік қозғалыс жылы деп жариялау бастамасын құптаймыз. Қазақстан 2020 жылды Волонтер жылы ретінде атап өтті. Еріктілердің ізгі амалдары қоғамымызда тілеулестік, мейірімділік және жанашырлық қасиеттерінің терең тамыр жаюына елеулі үлес қосады. Мұндай адамгершілік талпыныстарға жан-жақты қолдау көрсету маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Достастық елдері еріктілерінің жыл сайынғы форумын өткізуді және оған ТМД-ның тұрақты алаңы мәртебесін беруді ұсынды.
Мемлекет басшысы сөзінің соңында 2024 жылы Ресей Федерациясының ТМД-ға төрағалық етуі және кезекті саммитті келесі жылы күзде Мәскеуде өткізу туралы шешімді қолдады. Сондай-ақ, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті ТМД-ның Құрмет белгісімен марапаттау туралы Қырғызстанның бастамасын құптады.
Сонымен қатар жиында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Ресей президенті Владимир Путин, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев сөз сөйледі.
Пікір қалдырыңыз