Азаматтардың және заңды тұлғалардың прокуратура органдарына жүгіну механизмі

Жеке
және заңды тұлғалардың жолданымдарын жан-жақты, сапалы қарау, азаматтардың
бұзылған құқықтарын қалпына келтіру прокурорлар жұмысының басым бағыттарының
бірі болып табылады.
«Прокуратура
туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының қабылдануына
байланысты прокурорлардың жолданымдарды қарау негіздерінің нақты тізбесі
айқындалды.
Конституциялық заңның 24-бабының 1-тармағына
сәйкес прокуратура органдары жолданымдарды, хабарларды, ұсыныстарды, үн
қосуларды және сұрау салуларды:
-
адамның және азаматтың,
қоғамның немесе мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына
келтіру үшін, егер бұл мүдделерді қорғауды құзыретіне тиісті өкілеттіктер
жатқызылған уәкілетті орган тиісті түрде қамтамасыз етпесе не мұндай орган
болмаған жағдайда;
-
мемлекеттік, жергілікті
өкілді және атқарушы органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары,
мекемелер, олардың лауазымды адамдары, меншік нысанына қарамастан өзге де
ұйымдар тарапынан жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне араласу фактілері
бойынша олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және қалпына келтіру
үшін;
-
Қазақстан Республикасының
конституциялық құрылысына және ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіруді болғызбау
мақсатында;
-
Қазақстан Республикасы
Президентінің тапсырмалары бойынша;
-
Қазақстан Республикасы Бас
Прокурорының тапсырмалары бойынша қарайды.
Жоғарыда көрсетілген санаттардан
басқа, егер адамның және азаматтың, қоғамның немесе мемлекеттің заңды
мүдделерін қорғау құзыретіне кіретін, уәкілетті орган тиісті түрде қамтамасыз
етпесе не уәкілетті орган болмаған кезде прокуратура органдарымен жолданымдар
қаралады.
Сондай-ақ, Азаматтық процессуалдық
кодекске сәйкес прокурорлар мемлекет пен қоғамның, өз құқықтарын өз бетінше
қорғауға қабілетсіз адамдардың мүдделері қозғалған жағдайларда, сондай-ақ заңда
белгіленген немесе прокурордың қатысу қажеттілігін сот мойындаған жағдайларда
ғана сот шешімдеріне шағымдарды қарауға өкілетті.
Өз кезегінде, жеке-құқықтық
даулар бойынша дауласушы тараптар сот актілеріне сотқа дербес шағымдануға тиіс.
Сондықтан, егер жолданымдар
көрсетілген талаптарға сәйкес келмесе, онда азаматтар мен заңды тұлғалар өз
құқықтарын қорғау үшін тікелей уәкілетті органдарға немесе сотқа жүгінуі керек.
Бұл талаптар қарау тәртібі
қылмыстық-процессуалдық, азаматтық- процессуалдық кодекспен, әкімшілік құқық
бұзушылық туралы заңнамамен, сондай-ақ жедел-іздестіру және қарсы барлау
қызметі салаларында белгіленген жолданымдарға қолданылмайды.
Жоғарыда көрсетілген талаптарды
білу жолданым берушілерге қажетті адресатқа дереу жүгінуге мүмкіндік береді,
яғни мәселелерін шешуді жеделдетеді.
Қазақстан
Республикасы Бас прокуратурасының
Құқықтық
статистика және арнайы есепке алу
жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша
департаментінің
бастығы
А.О. Сапарғалиев