Президент: «Этносаралық саясат елдегі реформалармен үндес болуға тиіс»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясының отырысында этносаралық қатынас мәселесін заман талабына сай реттеу керектігін атап өтті.


«Қазір дүниежүзіндегі ахуал түбегейлі өзгеріп жатыр. Жаңа басымдықтар пайда болуда. Сырттан төнген сын-қатердің бетін қайтару аса өзекті мәселеге айналды. Мемлекеттер үшін егемендікті қорғаудың, ұлттық бірегейлікті сақтаудың маңызы арта түсті. Бұл ретте, этносаясат байыппен жүргізілуі керек. Яғни татулық пен бірлік – табысты мемлекет болудың басты кепілі. Сессия аясында кеше нақты мәселелерге арналған пікірталас өткенін білемін. Этносаясатта жаһандық және аймақтық үдерістер ескерілуге тиіс екені айтылды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Президенттің пайымынша, бұл – өте орынды ұсыныс.


«Этносаралық қатынас мәселесін заман талабына сай реттеу қажет. Бұл жұмыс ауқымды реформалармен үндес болуға тиіс», - деді Мемлекет басшысы.


Сондай-ақ, Президент бүгінгі жиында сепаратизм қаупі туралы ой қозғады. Қасым-Жомарт Тоқаев сепаратизм белгілеріне Қазақстан халқы жұрт болып қарсы тұру керектігін айтты.


«Біздегі бірлік пен келісімді бұзуға бағытталған кез келген арандатушылықтың жолын кесу қажет. Біз қоғамдық өрісте әртүрлі жалған немесе фейк, деструктивті жарияланымдардың айтарлықтай көбейгенін көріп отырмыз. Ондай жарияланымдардың басым көпшілігінде авторлардың Қазақстанмен еш қатысы жоқ. Шетелден әрекет ете отырып, қоғам арасында жанжал тұқымын себуге тырысады. Олардың риторикасы мен әрекеттері сенімсіздік атмосферасын қалыптастыруға, адамдар арасындағы алауыздықты қоздыруға, мемлекеттік қауіпсіздікті бұзуға бағытталған», - деді Президент.


Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, теріс пиғылдағылардың талпынысымен тұрмыстық немесе қылмыстық сипаттағы кез келген кикілжің этносаралық деңгейге шығып, ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін.


«Сондықтан біз жауапты азаматтар ретінде ракдикализмнің, экстремизм мен сепаратизмнің кез келген белгілеріне қарсы тұрып, бұл мәселеде байыпты әрі қатаң, түптеп келгенде әділетті болуымыз керек», - деді Мемлекет басшысы.

Пікір қалдырыңыз