«18 оқтың бесеуі денемде жүр»

1989 жылдың 12 желтоқсаны болатын. Сол күні күндегі жұмысымды ойдағыдай атқарып, үйде отырғанмын. Кенет түнгі 12-лер шамасында Әл-Фараби аудандық (Шымкент қаласы) ішкі істер бөлімінен бұрынғы Советская – Баумана көшесінің қиылысында орналасқан гараждардың бірінен көліктер ұрланып жатыр деген шұғыл хабар жетті. Кезекші бөлімнің нұсқауы бойынша оперативтік топпен дереу оқиға орнына келдік. Біз келсек, әккі қылмыскерлер гараждың есіктерін тас-талқан етіп, екі көлікті сыртқа шығарып қойыпты. Біз үшіншісін оталдырып жатқан кезде үстінен түстік. Есікті ішінен кілттеп алған олар бізді көрісімен қаша жөнелді. Әріптесім А.Оразбақов екеуміз соңдарына түстік. Қалайда қолға түсіруіміз керек деп шештік. Қылмыскерлердің біріне жете бергенім сол еді, қайдан алғаны белгісіз шолақ мылтықпен атып жіберді. Жаралансам да, бар күш-қуатымды жинап, қарсыласыма қарай оқ атып үлгердім. Әуелгіде біліне қоймағанымен, кейін көзім қарауытып, талып қалыппын. Есімді ауруханада жидым. Ұзақ уақыт аурухана төсегіне таңылуға тура келді. Бір емес, бірнеше рет ауыр операциялар жасалды. Осы сәтте бүкіл өмірім көз алдымнан өте шыққандай көрінді. 
«Соғыста соғыс ерлерше,
Жан қалмасын, ар қалсын.
Өлердегі күшіңе,
Өлтіруші таң қалсын, – деп даңқты батыр Бауыржан Момыш- ұлы айтпақшы, өліммен бетпе-бет келуге қорықпайсың ғой, тек бұғанасы бекімеген балаларыңның болашағына алаңдайды екенсің. Ең бірінші көз алдыма кішкентай қызым келді. «Олардың жайы не болмақ?» деген ой санамды тілгілеп өтті. Бірінші Алланың, екінші алтын қолды дәрігерлердің арқасында өмірге қайта келгендей болдым. Бірақ, денеме тиген 18 оқтың 5-і алынбай, сол күйі іште қалды. Аса қауіпті қылмыскерді қолға түсіргенім үшін Президент 1994 жылы «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады. Ақордаға шақырып, оны өз қолымен табыс етті.
Бұл – бір ғана мысал. Оқ пен оттың ортасында жүріп, қаншама қылмыскерді құрықтадық. Бірде қызмет бабымен іссапардан келе жатқанда кәнігі қылмыскерлердің бірнешеуін «Атырау – Алматы» бағытындағы пойызда ұстадық. Қолдарында шолақ мылтықтары бар, бетперде киген үш қылмыскердің біреуі жарақат алып, оқиға орнында қайтыс болды. Полиция сержанттары Қайрат Ештаев пен Ержан Тоқбаевтың бұл ерліктері кейін Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамотасымен бағаланды. Тағы бір әріптесіміз, полиция аға сержанты Нұржан Шойынбаев ұрыларды ұстау кезінде алған пышақ жарақатынан облыстық аурухананың қабылдау бөлмесінде қайтыс болды. Нұржанның бұл ерлігін де Президент «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады.       
Мен туып-өскен Жуалы ауданы – иісі қазаққа мәлім батырлар мен генералдардың мекені. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлын айтпағанда, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев, Тәттібай Дүйсебаев пен Есен Демесінов сынды ішкі істер саласының генералдары сол өңірден шыққан. 1975 жылы «Билікөл» кеңшарындағы  Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектепті бітіріп, екі жыл кеңшарда жұмысшы болып еңбек еттім. 1977-1979 жылдары Германиядағы Мерзебург қаласында орналасқан Кеңес Одағының Қарулы Күштері сапында әскери борышымды өтеп, елге аман-есен оралдым. Әскерден кейін еңбек жолым Тараз және Шымкент қалаларындағы фосфор зауыттарында жалғасты. 1986 жылы Шымкент қаласы, Дзержинский аудандық күзет бөліміне қатардағы милиционер болып қызметке қабылдандым. Осылайша ішкі істер саласындағы алғашқы еңбек жолым басталды. 
Ауыр жарақат алғаннан кейін күзет басқармасының кадр бөлімінде инспектор, аға инспектор, сосын ерекше тапсырмалар бойынша бас маман, кадр бөлімі бастығының орынбасары, кадр бөлімінің бастығы сынды қызметтерді абыроймен атқардым. 2006 жылы Түркістан қалалық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары, 2009 жылы Сайрам аудандық ішкі істер бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімін басқардым. Облыстық көші-қон қызметі басқармасында бастықтың орынбасары болдым. Осындай қызметтік сатылардан өтіп, 2012 жылы полиция полковнигі шенімен зейнет демалысына шықтым.
Мамандыққа деген адалдық, еңбекке деген құштарлық мені әлі күнге дейін тынымсыз жұмыс істетіп келеді. Дегенмен, бүгінгі тәртіп басқа, талап та өзгеше. Бұрын қылмыстық оқиға орын алған кезде ең бірінші тұрғындарға арқа сүйейтінбіз. Қазіргідей көшелерде бейнебақылау камералары жоқ еді. Қылмыстың ізін суытпай ашуға есік алдында әңгіме соғып отыратын ата-әжелер көп көмектесетін. Бірі айтпағанымен, екіншісі оқиғаға қатысты қажетті мәліметті алға тартатын. Адамдармен қарым-қатынасы, отбасылық жағдайы, досы немесе дұшпаны, оқиға болардың алдында үйге кімнің кіріп-шыққаны секілді мәселелер іске тігіледі. Қазір күдіктіні аспанға ұшып кеткендей таба алмай жатады. Ол жылдары мал ұрлығы секілді қылмыстар тез ашылатын. Себебі, ол кездің тәртіп сақшылары өзінің қызмет ететін аумағындағы тұрғындардың барлығын танитын. Біздің кезімізде компьютердің орнында картотека болатын. Қылмыскердің суреті, өмірбаяны, қанша жылға сотталғаны, қандай қылмыс жасағаны – бәрі жазылатын. Қағазға күн сайын қарай берген соң санамызда жатталып қалатын. Қылмыскерді табуда халықтық еріктілердің де еңбегі ұшан-теңіз еді. Осы бір тамаша үрдіс, полицейлер арасындағы ұрпақтар сабақтастығы кейінгі жылдары үзіліңкіреп қалған сияқты. Жас мамандар аға буыннан тәлім-тәрбие алып, іс-тәжірибелерін үйреніп жатса, несі айып?! 
Көріп отырғанымыздай, құқық құрғау саласына жүргізіліп жатқан бүгінгі реформалар үлкен жауапкершілік пен ыждаһаттылықты талап етеді. Президенттің талабы бойынша әрбір полиция қызметкері кәсіби білімді терең игеруден бөлек, шыныққан және моральдық-психологиялық тұрғыда табанды, төзімді болуы тиіс. Ашуын ақылына бағындырып, оқыс оқиғаға тап болған кезде өз-өзіне сенімді болуы қажет. Озық ақпараттық-коммуникациялық технологияларды меңгеріп қана қоймай, оны жұмысында пайдалана білу де негізгі міндеттерінің бірі. Себебі, бұл – заман талабы.  Сондықтан әділеттілік, қызметке адалдық, жауапкершілік, кәсіби біліктілік пен адамгершілік қасиеттер әрбір полиция қызметкерінің айнымас ұстанымына айналуы шарт.   

Оспанғазы ЖАНҚОЖАЕВ,
Түркістан облыстық ішкі істер органдары
 ардагерлер кеңесінің төрағасы, 
полиция полковнигі.
Пікір қалдырыңыз