Кітапхана – ұрпақ тәрбиесінің талбесігі

«Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» дейді өткен ғасырдың ұлы тұлғасы Ахмет Байтұрсын­ұлы. Ұлт ұстазы айтқандай, жас ұрпақтың руханиятын дамытуда кітаптың атқарар рөлі орасан зор. Былтырғы балалар жылында мүмкіндігі шектеулі балалардың назарын кітап оқуға аудару үшін біршама жұмыстар жүзеге асты. 

Атап айтсақ, «Жүректен жүрекке», «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз», «Мейірімді жүрек» жобалары аясында түрлі іс-шаралар өтті. «Үйдегі абонемент» бойынша кітаптарды үйлеріне алдырып, ертегі терапиясы арқылы көңіл-күйлерін көтеріп, қоғам өміріне белсене араласуына мүмкіндік жасалды.

Сондай-ақ, ұлттық әдебиетіміздегі туындыларды насихаттау мақсатында «Балалар жылы: келешектің тұтқасы білімді ұрпақта», «Ғажайып кітап әлемі», «Балалар әдебиетінің алыптары» атты кітап көрмелерінің ашылу салтанаты өтті. 

Балалармен жұмыс атқаратын түрлі сала қызметкерлері мен қоғам қайраткерлерінің қатысуымен «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы – біздің жалпыұлттық міндетіміз», «Оқуға құштар баланы тәрбиелеудегі балалар кітапханасының рөлі», «Жас ұрпақ оқуы – елдің интелектуалды ресурсы» тақырыптарында әдістемелік-конференциялар, семинар-кеңестер ұйымдастырылды. 

Ұлт қаһарманы Бауыржан Момышұлы атамыз «Бесік жырын айта алмайтын аналардан, ертегі айта алмайтын әжелерден қорқамын» деген екен. Бүгінде сәбиін «әлдилеп» тербететін, ән айтып еміренетін әжелер азайды. Кітапханашы әжелердің ертегі, аңыз әңгімелерімен сусындап өссін деген мақсатпен балалар кітапханалары «Әже, ертегі айтшы...», «Тыңда  балам  ертегі,  ертегі  сыр  шертеді», «Ертегімен өсеміз», «Кел, ертегі тыңдайық, балақай» секілді жобаларды қолға алып, бүлдіршіндерге халқымыздың қиял-ғажайып ертегілері мен аңыз әңгімелерін оқыды.

Балалардың кітап оқуға назарын аудару, өлкеміздің табысты адамдарының шыңдалуына арқау болған кітаптармен таныстыру мақсатында «BOOKDATING – Оқы! Талпын! Арманыңа жет!» кіші жобасының аясында өмір салты шабыттандыратын түрлі салаларда жетістікке жеткен белгілі әрі табысты жандармен кездесу кештері өткізілді. Жобаға аудандық, қалалық балалар кітапханалары тартылып, іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысты. 

2021 жылы бастау алған «ARTBOOK немесе кітапты бірге жасаймыз» эко-жобасы оқырмандар тарапынан үлкен сұранысқа ие болып, биыл да жалғасын тапты. Жоба қорытындысы бойынша Қазығұрт, Түркістан, Кентау, Сайрам, Түлкібас, Арыс, Жетісай, Мақтаарал аудандық, қалалық балалар кітапханаларының оқырмандары белсенділік танытып, жүлделі орындарға ие болды. 

Сайрам аудандық балалар кітапханасында алғаш рет «Ұлы дала қиссалары» жобасының аясында қисса, жыр, дастандарды оқу байқауы өткізілді. Баланың жаттау және есте сақтау мүмкіндігі, оқу мәнері, актерлік шеберлігі сияқты түрлі қабілеті сынға түскен байқаудың мақсат-мұраты бүгінде ұрпақты сол баба мәдениетіне, аталардың мұрасына қарай бейімдеп, тәрбиелеу болды. 

Ал, Созақ аудандық балалар кітапханасының «Саяхатшы кітап» жобасы аясында Түлкібас ауданында орналасқан Б.Саттарханов атындағы спорттық  сауықтыру лагерінің демалушыларына «Әдеби әлем – ғажап әлем» атты кітапфест бағдарламасы өткізілді. 

Балалар жылында халықтың кітап оқу белсенділігін арттыру мақсатына бағытталған «Оқитын ұлт» жобасы шеңберінде балалар арасында оқырмандар қозғалысы жандандырылды, жыл бойына 1656 іс-шара өткізіліп, 41481 оқушы тартылды; балалар кітапханаларының кітап қоры жаңадан 6206 дана көркем әдебиетпен толықтырылды. Бүгінде облыс бойынша балалар кітапханаларында 57255 оқырман бар. Орташа келушілер саны 62% пайызға көбейді .

Түркістан облысына қарасты аудандық, қалалық, ауылдық балалар кітапханаларының ең үздік, жан-жақты жарасымды оқырмандарының имиджін көтеріп, түрлі салалар бойынша үздік көрсеткіштерге жеткен үйлесімді оқырмандар жетістіктерін қоғамға кеңінен насихаттап, кітап бетіне түсіріп, жинақтау мақсатында «Оқырман өрендер – келешек кемелдер» атты кітап-жинағы жинақталды.

Міне, биылғы балалар жылына арналған іс-шаралар легі осындай. Әрине, жалпы атқарылған жұмыс бұл айтылғандағыдан әлдеқайда ауқымды, аталған жобалардың бәрі де балалардың сапалы рухани азық алып, креативті ойлауына, өздерін дамытуға ықпал етері сөзсіз. Ал, алдағы уақытта өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуына жол ашар шаралар аясында атқарылар шаруа тіпті де аз емес.


Асия САБДЕНҚҰЛОВА.

Ы.Алтынсарин атындағы Түркістан облыстық балалар кітапханасының бөлім меңгерушісі. 


Пікір қалдырыңыз