Елібаевтарға елдің әуесі келеді

Жақсының бәрін сырттан іздеу, игіліктің бәрі тек басқаларда ғана болады деп ойлау үрдіске айналып бара жатқандай. Бәлкім, осылай ойлағаннан кейін бе екен, мемлекетті, оны басқарып жүрген лауазымды тұлғаларды жиі сынаймыз. Сынның болғаны, билік иелерін сынаған дұрыс, алайда, сол мемлекеттің дамуы үшін өзіміз не бітірдік, өзіміз қандай үлес қостық деген мәселе күн тәртібінен түспесе керек.
Мемлекет деген Сіз бен бізден құралады. Мемлекет мықты болу үшін Сіз бен біз мықты болуымыз керек, өзімізді, перзенттерімізді тәрбиелеуіміз керек. Ал, ұл-қыздары жақсы тәрбие алған отбасылар, шүкір, біздің қоғамда жетеді. Бізге жетіспесе, осындай тамаша ұрпақ өсіріп отырған қарапайым отбасыларды насихаттау жетіспейтін шығар... Біз айналып келіп, эстрада «жұлдыздарының», шоу-бизнес өкілдерінің жатқан-тұрғанын насихаттаудан аса алар емеспіз.
«Оңтүстік Қазақстан» газеті осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында «Үлгілі отбасының ұл-қыздары осындай болады!» атты жаңа айдар ашып отыр. Өзіңіз білетін ұл-қыздары үлгілі отбасылар туралы жазыңыз, біз жариялайық, сол арқылы Қазақстан атты мемлекетіміздің дамуына хал-қадарымызша үлес қосайық!

Жаңа Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, бәсекеге қабілетті болуына, алдыңғы қатарлы дамыған мемлекет болуына жастардың қосар үлесі мол. Келешекте елдің де, жердің де иесі болатын жастарға үлкен үміт артамыз. Білім іздеген жастарға елімізде барлық жағдай жасалған. Осындай мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, бос уақытын білімге, өнерге, спортқа арнаған жастарды көріп, көз қуанады.
Өлкеміздің мақтанышы болған осындай жастардың жетістіктері еріксіз қолыма қалам алдыртты. Сарыағаш ауданы, Жаңаарық елді мекенінде Елібаевтар отбасында 2004 жылы дүниеге келген Ақмаржан Әбдіразақ жастайынан кітап оқуға құмар болып өсті. Сарыағаш аудандық орталық кітапханасының тұрақты оқырманы болды. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ аудандық және облыстық  бірнеше байқаулар мен сайыстарға қатысты. 2019 жылы ауылдық мектеп оқушыларына арналған «Ай қанат» олимпиадасында жеңімпаз атанды.
2021 жылы ауданымыздағы Шәкәрім Құдайбердіұлы атындағы жалпы орта мектебін алтын медальмен бітіріп, Павлодар педагогикалық университетіне грантпен оқуға түсті. Университеттегі қоғамдық істерге белсене араласты, облыстық интеллектуалдық сайыстарға қатысты. Белсенді жастардың қатарына еніп, 2021 жылдың қорытындысы негізінде университет ректорының Алғыс хатымен марапатталды. Ал, 2022 жылы республикалық «Аманат» партиясының сол кездегі атқарушы хатшысы Асхат Ораловтың, «Жастар рухы» ЖҚ-ның  Павлодар облыстық төрағасы С.Орынтаеваның арнайы Алғыс хаттарына ие болды.
Ақмаржан мұнымен шектеліп қалмай, ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында өткізілген «Жылдың үздік студенті» атты республикалық байқауына қатысып, II дәрежелі дипломмен марапатталды.
Елібаевтар отбасының тұңғышы Жеңіс Әбдіразақ та кезінде білекке емес, білімге сену керектігін жақсы түсінген еді. Ол да Павлодар қаласындағы С.Торайғыров атындағы университеттің «Көлік, көлік техникасы және технологиялары»  факультетін бітіріп, еңбек жолын Павлодар қаласындағы алюминий зауытынан бастады.
Ақмаржанның әпкесі Лаура да мектепті алтын белгімен бітіріп, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетке грантпен оқуға түскен. 2019 жылы – Жастар жылында білім, ғылым, өнер, спорт саласына қосқан айрықша үлесі үшін «Үздік студент – 2019» төсбелгісімен марапатталды. Оның есімі республикадағы талантты студенттердің  III томдық «Жас қыран» жинағының I томына енді. Аты аталған жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітіріп шықты.
Ал, осы отбасыдағы қыздардың кенжесі Арайлым жуырда ғана «Ай қанат» олимпиадасының жеңімпазы атанып, «Бурабай» демалыс орнына берілетін жолдаманы жеңіп алды. «Тәрбие – талбесіктен» демекші, осындай ұл-қыз тәрбиелеп отырған отағасы Нұрбек пен отанасы, ұлағатты ұстаз Гүлсараға алғысымызды айтып, дендеріне саулық, отбасыларына береке мен бірлік 
тілейміз.
 
Гүлполат ТӨРЕХАНОВА,
Сарыағаш аудандық кітапханасының қызметкері.  
Пікір қалдырыңыз