Немістер қазақтарды Бекбосын арқылы танып еді

Бекбосын Жылыбаев Шымкент қаласындағы цемент зауытының өрт сөндіруші «Семсер» ЖШС-да құтқарушы болып еңбек етеді. Оның күнделікті жұмысы тәуекелдер мен қауіп-қатерлерге толы. Өрт сөндіруші саптағы сарбаздай кез келген жағдайға сақадай-сай тұруы тиіс. Сондықтан ол әрдайым спорттық бабында әрі  жинақы жүреді. Жинақылыққа сонау солдат кезінен дайындалған. Ол – Кеңес әскерлерінің Германияда қызмет атқарған тобының (ГСВГ-ГВВД) ардагері.

Төлеби ауданының Әңгір ата ауылында туып-өскен Бекбосын 1990 жылы әскер қатарына шақырылып, Германия Демократиялық Республикасының аумағында Берлинге 25 шақырымдай жердегі Вернойхем қаласында азаматтық борышын өтеген. Мұнда ол Кеңес әскерлеріне қарасты гарнизондағы жеке тікұшақ эска­дрильясының (ОВЭ) өрт сөндіру командасында қызмет еткен. Эскадрилья командирі – подполковник Давыдов еді. Ал, техникалық бөлім бастығы, майор Стерлусер, өрт сөндіруге жауапты аға лейтенант Касуленко, машина бастығы, прапорщик Акулин болатын. Бұлар әскери бөлімге қарасты тікұшақ ұшып-қонатын алаңның, ангарлардың, басқа да әскери нысандардың өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ангарларда жөндеуден өткен ұшақтар мен «Ми-24», «Ми-2», «Ми-6», «Ми-8» әскери тікұшақтары тұратын. Өрт сөндіретін машинаның командирі ретінде кестеге сәйкес экипаж мүшелерімен кезекшілікті атқарады. 

1991 жылдың күз айында сондай кезекшіліктің бірінде кешқұрым әскери нысандар орналасқан территориядан тыс жердегі елді мекенде жергілікті тұрғынның баспанасынан будақтаған қою түтінді алдымен Бекбосын байқайды. Машина командирімен қоса алғанда экипажда 4 солдат бар. Касуленко штабқа кеткен. Уақыт өтіп барады. Әскерилерге постты тастап кетуге болмайды. Жағдайға қарап әрекет етпесе, іс насырға шабатын түрі бар. Тілсіз жау әп-сәтте үйді күлге айналдыруы мүмкін. Өрт сөндірушілер көп ойланған жоқ. Тәуекелге бел байлады. Бекбосын қасына жүргізуші Төлбасы Кертаевты алды. Ол Ордабасы ауданы, Амангелді ауылының тумасы болатын. Тағы екі сарбаз — Иванов пен Волковты ертті. Шұғыл шешімге келген өрт сөндіруші жауынгерлер тікенек сыммен қоршалған әскери нысанды тастап, қақпадан шықты. 

Үйге жақындағанда оттың баспана жанындағы қосымша жайдан шыққаны белгілі болды. Әзірге үлкен үй аман. Әрі-бері шапқылап жүрген қожайыны кеңестік қызыл өрт сөндіргіш машина алғаш жеткенде қуанып кетті. Жұрт та жиналып қалған. Сарбаздар отты ауыздықтау қамына шұғыл кірісіп кетті. Әп-сәтте сумаңдаған қызыл жалынның беті қайта бастады. Алайда, әлі де әр жер-әр жерден бой көтерген отты түгел өшірмесе, өрт қайта өршиді. Осы уақытта немістер жағынан өрт сөндіретін машина кешігіп болса да жетті. Олар да жәрдемге тұра ұмтылды. Өрт сөндірушінің бірі келіп бұған неміс тілінде сөйлеп жатыр. Бекбосын оның тілін түсінбесе де бір нәрсе сұрап жатқанын сезді. Машинеге ертіп барды да отсекті ашып тастады. «Керегіңді ала бер» деп ымдады. Сөйтсе, су сұрап тұр екен. Цистернадағы суы аз ба, әлде көліктеріне суды толтырып үлгере алмаған ба, ол жағы белгісіз. Германиялық өрт сөндірушілер шлангілерін кеңестік әскери машинаға жалғады. Сөйтіп, екі жақтан тілсіз жауды әрең ауыздықтады. Қараса, түнгі сағат он жарым болып қалыпты.

– Біз қайтуға асықтық. Аға лейтенантқа айтпай кеткеніміз бар. Барған соң бізге ұрсатын шығар деп ойлап келеміз, — деп еске алады сол күндерді Бекбосын Жылыбаев бізбен әңгімесінде. — Бәрі тыныш екен. Командирімізге болған жағдайды баяндадық. «Әскери бөлімді өз беттеріңмен тастап кетуге кім рұқсат берді?» деп өзімізге дүрсе қоя берді. Тәртіптік жаза ретінде 3 күн нарядқа түстік, яғни осынша күн қатарынан кезекшілікте болдық. 

Бір күні командиріміз Касуленко шақырып алды да:

– Өткенде өрт сөндіруге кімдер барды? – деп сұрады. «Тағы не болып қалды?» деп ойлап қоям ішімнен. Төртеуміз де тиісті жазамызды алдық. Ендігісі не? Бірақ, командирдің жүзі жылы. Соған қуандым.

– Мен, Кертаев, Иванов және Волков, – дедім. Ол қалтасынан бір қағаз шығарды да маған берді. Немістердің жергілікті өрт сөндіру бөлімінен келген екен. Бізді қонаққа шақырыпты.

– Бұл жолы өзім ертіп апарамын, – деп саусағын шошайтты командиріміз.

– Құп болады!..

Міне, олардың осы шақыру қағазын әлі күнге сақтап жүрмін. Сол оқиғаға өткен жылы желтоқсанның 13 жұлдызында тура 31 жыл толды, – деді Бекбосын сарғая бастаған қағазды бізге ұсынып... 

...Кеңестік жауынгерлер көрсетілген мекенжайға барса, көп адам жиналыпты. Губернаторы да келіпті. Отырды, танысты. Губернатор алғысын айтты. Жергілікті өрт сөндіру қызметінің бастығы сөйледі. Естелікке бұларды суретке түсірді. Сый-сияпатын жасап, қонақ ретінде жақсы күтті. Немістер Төлбасы екеуінің орыстардан реңдері бөлек екенін байқап, тілмаш арқылы ұлтын сұрапты. Бұлар қазақ екенін айтқан. Олар қазақтар жайында мүлде білмейді екен. Білетіні – Мәскеу мен Киев қаласы ғана. 

Неміс әріптестері мен сол елді мекеннің тұрғындары дастарқан басында қаһарман қазақ жігіттеріне осылайша рахметін айтқан...

С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.

Пікір қалдырыңыз