Ауқымды жұмыстар атқарылды

Міне, егемендік жылнамасының тағы бір парағы – Барыс жылымен қоштасып, Қоян жылына кірдік. Қазіргі шақ – өткенді саралап, алдағы межелерді айқындайтын кез. Жаңа жылдың алғашқы аптасында Мақтаарал аудандық экономика және қаржы бөлімінің меңгерушісі Нұрлан  ТҰРАШЕВПЕН арнайы барып жолығып, атқарылған істер мен биылғы белгіленген межелер туралы сөйлескен едік. 

– Нұрлан Нұрғалиұлы, өткен жылы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағытында қандай ауқымды жұмыстар атқарылды?
– Өткен жылы аудан экономикасы ілгерілеп, 11 айда жергілікті бюджеттің кірісі мен шығысының жоспары 99,8 пайызға орындалды. Сөйтіп, 28,2 млрд. теңгенің қаржысы игерілді.  2022 жылдың 11 айында ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 73 млрд. 438 миллион теңгеге жетті. Оның ішінде егін шаруашылығы саласындағы табыс – 60,3 млрд. теңге, мал шаруашылығы саласындағы табыс 13,1 млрд. теңге болып, нақты көлем индексі 100,6  пайызды құрады.
Мақтааралдық диқандар 2022 жылы 60,8 мың гектар егістік алқаптың 40,4 гектарына мақта  өсірді. Қамбаға 105 мың 717 тонна өнім жиналып, гектар түсімділігі 26,3 центнерден айналды. Сондай-ақ, 19,2 мың тонна бақша өнімдері, 398,2 мың тонна көкөніс жиналды. Оның  80 пайызы шетелге экспортталды.
Егін шаруашылығында өнімділік көлемін екі-үш есеге ұлғайту мақсатында әр ауылдық округте жаңа технологияларды ендіре отырып, бір жылда 2-3 өнім алу әдісі 900 гектардан астам алқапқа енгізілді. Алдымен ерте пісетін көкөніс дақылдары егілді, бұдан соң сол алқапқа бақша және жүгері, жоңышқа егілді. 
– Шағын және орта бизнес – мол табыс көзі. Бұл салада қандай істер атқарылды?
– 2022 жылдың 11 айында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 12,6 млрд. теңге өнім өндіріп, өнеркәсіп өнімінің көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 81,4 пайызға, өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 74,2 пайызға, өңдеу өнеркәсібіндегі негізгі капиталға салынған инвестицияның көлемі 120,9 пайызға орындалды. Жалпы, ауданда шағын кәсіпкерлік субъектілері саны – 11734, оның ішінде: 574-і заңды тұлға,   3183  жеке  кәсіпкер, 7977 шаруа қожалықтары тіркелген.
Ауданда инвестиция көлемі 2,7 млрд.теңгені құрайтын 2 жоба қолға алынды. «ZHANASSYL» ЖШС-і құны 2,5 млрд. теңге болатын мақта өңдеу зауытын іске қосты. «EL-KZ 2020» ЖШС бетон шығаратын зауытты пайдалануға берді. Бұл кәсіпорындарда 267 адам тұрақты жұмыс істеуде.
– Ауданда құрылыс жұмыстарының қарқыны қандай? Биыл  қандай нысандар іске қосылады?
– Мырзакент кентінде Мақтаарал ауданының дербес бөлімдері үшін әкімшілік ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысан биыл пайдалануға беріледі. Бірлік ауылдық округіне қарасты Пернебаев елді мекеніне инфрақұрылым жүргізуге арналған құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды. Мырзакент кентіндегі №2 әкімшілік ғимараты және аудан орталығындағы орталық саябақты реконструкциялау жұмыстары биыл аяқталып, ел игілігіне беріледі. 
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Мырзакент кентіндегі спорт кешенінің құрылысы және Еңбекші ауылдық округі, Т.Жайлыбаев ауылы мен Жамбыл ауылдық округі, Жалын елді мекенінде салынып жатқан  200 орынды Мәдениет үйі мен кітапхана да келушілерін қарсы алады.
Мырзакент кентін кеңейту үшін 80 гектар жерге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Сондай-ақ,  Мақтаарал ауылдық округі мен Атакент кентіндегі  2 спорт кешеніне және Ж.Қалшораев, Ынталы елді мекендеріндегі 200 орынды Мәдениет ошағына жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Мырзакент кентінде 4 көп қабатты тұрғын үй мен сол үйлердің инженерлік инфрақұрылымына 2 млрд. теңгеге жобалық-сметалық құжаттары, сондай-ақ, Азаттық және Жаңа жол елді мекендерінің ауыз су құбырларын жаңарту жұмыстарына 982 миллион теңгеге, 8 елді мекенді газдандыруға 1,4 млрд.теңгеге жобалық-сметалық құжаттар  әзірленді.
– Елді мекендерді таза ауыз сумен қамту, табиғи газ жеткізу, жарықтандыру жұмыстары қалай жүргізілуде?
– Аудандағы 69 елді мекеннің 67-сі , яғни 97,1 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Екі елді мекен сумен (Достық, Найман Бұхарбай) қамтылмаған. Су құбыры бар 67 елді мекеннің 47-іне су тәулік бойы, 20 елді мекенге кестемен берілуде.
Аудандағы 13 елді мекенде ауыз су жүйелерінің тозығы жеткен. Атакент, Береке, Иіржар, Жаңажол, Азаттық, Ақжол, Арайлы, Нұрлы жол, С.Рахимов, Өркениет, Игілік, Шаттық, Ақ алтын ауылдарындағы ауыз су құбырларына қайта құру жұмыстарын жүргізу керек. Достық, Найман Бұқарбай елді мекендеріне ауыз су құбырын тарту қажет. Осы мақсатта 2022 жылға бюджеттен 113,9 млн. теңге бөлініп, Атакент кентіндегі 12 көше, Береке және Иіржар елді мекендерінде  3 нысанның ауыз су жүйелерінің қайта құру жұмыстары қолға алынған болатын. Екі нысанды (Атакент кенті мен Береке елді мекені) пайдалануға беру үшін 29,7 миллион теңге қажет. Ал, бір нысанның су жүйесінің құрылысы (Иіржар елді мекені) таяуда аяқталып, пайдалануға берілуге тиіс. Сонымен қатар, аудандық бюджеттен 35,2 млн. теңге қаралып, Азат, Диқан, Атамұра, Бақыт ауылдарының ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Аудандағы  69 елді мекеннің 36-сы табиғи газбен қамтылған, бұл аудандағы елді мекендердің жалпы санының 52,1 пайызын құрайды. Қалған газдандырылмаған 32 елді мекенді табиғи газбен қамту мақсатында Иіржар ауылдық округіне қарасты 9 елді мекендегі (Алаш, Наурыз, Азамат, Диқан, С.Рахимов, Шапағат, Азат, Иіржар, Мақтажан) ішкі газ жүйелерінің құрылыс жұмыстарына 2022 жылға бюджеттен 809,3 миллион теңге қаралып, 2021 жылдан бастап құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жаңа жол және Ж.Нұрлыбаев ауылдық округтеріндегі 12 елді мекенге газ құбырын тартуға 2022 жылға бюджеттен 1 427,5 млн. теңге қаралып, 2021 жылдан бастап құрылыс жұмыстары жүргізіліп келеді. 
Сонымен қатар, қуаттылығы 50 мың текше метр сағатты құрайтын «Мақтаарал» АГТС-ін салуға 2022 жылға 919,6 миллион теңге қаралып, 2021 жылдан бастап құрылыс жұмыстары атқарылуда. 2022 жылға аудандық бюджеттен 37,0 миллион теңге қаралып, Мырзакент кентіндегі 1,2 көшеге және Пернебаев елді мекеніндегі 16 үйге газ жүйелерін салу жұмыстары іске асырылуда. 2022 жылға республикалық бюджеттен 379,8 млн. теңге қаралып, Ж.Нұрлыбаев және Жамбыл ауылдық округтері елді мекендерінің жаңадан түскен көшелеріне электр желілерін жүргізу және КТП орнату жұмыстары қолға алынды. Аудандық бюджеттен 36,3 млн. теңге қаралып, Мырзакент кентіндегі Жақаев көшесіне, Атакент кентіндегі Жібек жолы, Замана, Би көшелеріне және А.Қалыбеков ауылдық округі, Жамбыл ауылындағы Т.Жанысбайұлы көшесіне электр желілері тартылып,  КТП орнатылды. 
– Аудандық маңызы бар және ауылдардағы ішкі көшелерді жөндеу, абаттандыру ісі қалай атқарылуда?
– 2022 жылы түрлі бюджеттерден бөлінген қаржыларға сәйкес  52,26 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар жолдар  мен елді мекендердің ішкі көшелері орташа және ағымдағы жөндеуден  өткізілді.
Атап айтқанда, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Жамбыл, Береке, Қоңырат елді мекендерінде 316,8 милион теңгеге ұзындығы 15,4 шақырымды құрайтын 22 ішкі көшеге орташа жөндеу (асфальт төсеу) жұмыстары жүргізілді. Облыстық бюджеттен 74 млн. теңге қаралып, ұзындығы 4,16 шақырымды құрайтын 4 ішкі көшенің орташа жөндеу жұмыстары   жоспарға сәйкес жүргізілді. Жергілікті бюджеттен құны 283 миллон теңгеге ұзындығы 20,74 шақырымды құрайтын  21 ішкі көшеге орташа жөндеу жұмыстары аяқталды. Жергілікті бюджеттен 15 миллион теңгеге ұзындығы 
4,1 шақырымды құрайтын 6 ішкі көшеге ағымдағы жөндеу  жұмыстары жүргізілді. 
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ.
Мақтаарал ауданы.

Пікір қалдырыңыз