Қасиетті қаламына адал болды

Әкем облыстық тіл басқармасында басшы боп тұрған тұста қажетті бір қағазын апарып бермекке жұмыс орнына соқтым. Маңызды бір жиналыста екен. Күте тұруыма тура келді. Қызметкерлерінің бірі Диля сол жайды ескертті де, жанымда қонақжайлылық танытып, біраз отырды. Үнсіз. Бірақ, арасында маған аяушылықпен бе, жоқ әлде бір таңғалыспен бе, әйтеуір біртүрлілеу көзқараспен әлсін-әлсін қарап қояды. Шыдай алмай себебін сұрадым. «Үйде де сондай ма?» деді оқыстан. «Кім? Қандай?» деп түсінбедім. «Ағай. Папаңыз? Күндеріңіз күн емес шығар...» деді ойлана. Содан соң артық кеткенін байқап, «Кешіріңіз, – деді абдырап. – Сіздерге де қатал ма?». Жымидым. «Ондай Әке ешкімде жоқ. Тұла бойы мейірімнен жаралған. Әкем талапшыл, бірақ, жүрегі өте жұмсақ адам. Сауатсыздықты, білім таяздығын ешқашан, ешкімге қатысты кешіре алмайтыны бар. Бізден де ең алдымен тазалықты, сауаттылықты, жауапкершілікті, сергектікті талап етеді. Сол үшін қатты ұрысса да, артынан нәзік жүрегі ауырып тұратынын сеземіз» деп жауап бергенім есімде.
...Жетпіс төртінші жылы облыс орталығына ауысқан Әкемізді алдымен Баубек інімізбен, содан соң Нұрлан қатарымызға қосылып, жұма сайын кешке Түлкібас ауданы, Азаттық ауылы Интернационал көшесіндегі үйімізден ауылдағы үлкен жолға шығып күтуші едік. Қып-қызыл алып автобус «Икарустың» қарасы алыстан көрінсе, елеңдеп, «аялдамадан тоқтаса екен» деп бала жүрегімізбен тілек тілеп, мойнымызды ауырғанына қарамастан барынша созып, жолаушылар арасынан Әкемізді іздейтінбіз. Келсе, бәріміз жабыла құшақтап, мәре-сәре болып, қуанатынбыз, келмесе, ұнжырғамыз түсіп, көңілсіз қайтатынбыз. Папамыз іссапарға аудандарға кеткен кезі болмаса, кестеден айнымайтын. Жұмадан қалса, сенбі күні таңертең ашық жарқын даусынан оянатынбыз. Әкеміздің әр келісі біз үшін үлкен мереке болатын. Қолы босамаған аптада кереуетімнің тұсына ілінген пиджагын иіскеп, сағынышымды басатынмын...
...Әкешім, бауырым Баубекпен бірге мәңгілік сағынышымыз боп қалатын болдыңыз ғой... Өзіңіз жазғандай, «...сағынышқа оранып. Сіз сағыныштың түсі сары болады деуші едіңіз өзгелер секілді. Ал, мен баяғыша сағыныш дегеніңіздің түсін теңіздің толқын суындай көгілдірлеу-күреңдеу күйде сезінетінмін. Ол жақта жалған дүниеден басқашалау болар. Шынында да шын дүниеде қандай екен сағыныш?...»
...Төрт жыл қатынап істеген жылдары алатын аз ғана айлығынан міндетті түрде апта сайын жолға деп үш сомнан есептеп тығып қоятынын, ол ақшаға қандай қиын жағдай болса да тиіспегенін кейін есейгенде білдік қой. Алты айда берілетін үйді бес жылға жуық күтіп, жағдайы жоқ пәтерлерде тұрғанын, дұрыс тамақтанбай, бірнеше ауру жамағанын Анашымның әңгімесінен естігенбіз. Жетпіс сегіздің жазында облыс орталығына көштік. Ауылымды, сыныбымды, достарымды қимағаным есімде. Әкем «Еріккеннен көшіп жатқанымыз жоқ. Сендер лайықты білім алсын, дұрыс, жан-жақты азамат болсын деп қалаға қоныс аудармақпыз. Көресіңдер, болашақта білім ең үлкен капиталға айналады. Сол кезде жемісін көресіңдер» дегені есімде. Бәріміз қазақ мектебінде оқыдық, мектепті алтын, күміс медальға бітірдік,  арманымызға сай жоғары білім алдық. Әкем бастауыш сыныпта сабағымды өзі қадағалайтын. Апта сайын күнделігімді тексеретін. Бірінші класты ауылда оқығанмын. Үш жасымда әріп таныған мен сабақта ішім пысып,  әрең отыратынмын. Әдемі, ізетті,  нәзік жеңгем Тұрдыкүл «сен бәрін білесің, басқалар да үйренсін» деп менен сирек сабақ сұрайтын. Еркелігім басым болып, ауызша сабақтан мүдірмегенмен, жазуым өте нашар болатын. Әкем көркем жазу дәптерін арнатып, жазуымды түзеуге үлес қосты. Екінші класта «мазмұндама жаза алмай», «3» деген баға алдым бір күні. Әкеме көрсетуге бет жоқ, келе сала дәптерімді кітап шкафының төменгі жағына тығып қойдым. Кешке «тексеру кезеңі» келді. Басқа дәптерлерімді көрсетіп жатып, «қазақ тілі» дәптерін апайдың жинап алғанын айттым. Әкем сеніңкіремеді. Келесі күні дәптер табылып, қатты ұрыс естігенім естен кетпейді. «Басыңды кесіп алса да, шыныңды айт» деген сөзі үнемі жадымда жаңғырады...
Әкем бізге сол жетпіс сегізінші жылдары өз бетінше дәптер арнатып, қиын жаттығулар мен күрделі есептерді шығартқызатын. Бәріміз соған дағдыланып, класта мерейіміз үнемі үстем болатын. Алгебра, физика, химия пәндерінен жазылатын бақылау жұмыстары кезінде кластастарымның көпшілігі менімен варианттас болуға тырысатын. 2004 жылы жоғары оқу орындары кредиттік оқыту технологиясына көшкен кезде студенттердің өздік жұмысына қатты назар аударыла бастағанда, әкемнің ширек ғасырға алда жүрген көрегенділігінің куәсі болдым...
«Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді» дегенді жиі қайталаушы еді. Әкемнің маған үйреткенін інілеріме қайталап, олар да «білімдінің жүзі жарық» екенін ерте сезінді.
Әкем мен Анамыздың жылы қарым-қатынасынан үлгі-өнеге алатынбыз. Бір таңғаларлығы, олардың бір-біріне қабақ шытып, ұрысқанын естіген де, көрген де емеспіз. Қай-қайсысы да қай жақтан келсе де, көрген-білгенін әдемілеп жеткізіп, жарасымды әзілмен әңгімелесіп отыратын. Әкем шиеленіскен көп жағдайды әзілімен жуып-шаятын. «Аузында әзілі жоқтың қолында шоқпары бар» деп көп айтатын.
Олардың танысуы да, үй болып, отау тігуі де ерекше жағдайларда өткенін көзіқарақты оқырман Әкемнің «Ақтолғайын» оқыса, жақсы біледі. Ерекше махаббат дастаны бар ата-анамыздың отбасылық өмірі де жылылыққа, сыйластыққа, бір-бірін аялауға, бірін-бірі саялауға, нәзік иірімдерге толы болғаны анық.
Әкеміз бізбен әңгімесінде де, өзгемен пікірлескенде де жан адамды жамандамаушы еді. Кей кемшілігі бадырайып көрінсе де, «Мұсылман болу әсте-әсте...» деп, кез келген адамды ақтап алушы еді.
Бала кезімізден көркем мінез туралы көп айтатын. Жасы үлкен адамдармен, көршілермен міндетті түрде амандасу керектігін үйретті. Бірде көрші ағайдың үнемі амандассақ та, жауап бермейтінін, тіпті көзге ілмейтінін айтып шағындық, енді сәлемдеспейтінімізді айтып бұрқылдадық. «Амандасу Сізге Алланың нұры жаусын! дегенді білдіреді, сәлем беруді тоқтатпа, бұрынғыдан қаттырақ айт, сонда саған Алланың нұры екі есе жауады» деп жауап беретін. Бәрімізді ерте оятып, сергек, таза жүруге, адал болуға үйретті. «Күн шыққаннан соң тек өлі адамдар ұйықтайды» деуші еді. Әлі күнге дейін сол әдет бойынша демалыс күні болса да, таң алакеуімнен оянып аламыз. Қазір бағамдасам, әкем айтқан көп әңгімелер Құраннан, хадис шәріптерден алынған екен.
Өзі ерекше жақсы көретін қарашаңырағы – «Оңтүстік Қазақстан» газетінде қырық апта бойы жарияланып, көрермендер көзайымына айналған «Ақтолғайында» былай деп жазыпты:
«Ай, айналайын алаш ардақтылары-ай!
Бәрін айтып, бәрін болжап кеткен ғой.
Әлихан Бөкейхан бүй депті: «Жұрт ісін түс көрмей, ояу жүріп іздеу мақсат». Сонсоң тағы да: «Тірі болсам... Қазаққа қызмет қылмай қоймаймын», – депті. Тағы бір тұста: «Жұрт ғаділ болмай, жұрт ісі ілгері баспайды», – дегенін қарасаңызшы.
«Оян, қазақты» Міржақып та айтқан. Ахмет Байтұрсынұлы да жазған. Жүсіпбек Аймауытов әрбір қазақтың ояу жүріп, он қазақтың орнына бейнеттенбегін бәдіздеп беріп кеткен. Баянауылдан байыз таппай, елінің ертеңі үшін дерттенген уыздай жас шайырыңыз Сұлтанмахмұт Торайғыров Алтай тауларының басын бұлт шалып тұрғанда, сол құзарлардың бауырында, сақырлаған сары аяз буған далаға қарап отырып: «Ояумын. Ұйқым келмейді», – деген. Жеке қара басының ғана қамы үшін емес, әрине. Жасыған жұрты, намысы қалғыған, рухы мүлгіген қазағы үшін ұйқыдан қалған. Күлкіден безген. Сауыққұмарлықтан жеріген. Ләззатшылдықты мансұқ еткен.
Қасиетіңнен айналайын қаламның арқасында адам боп келе жатқандаймыз. Адам боп жүргендейміз. Жазушы деседі. Журналист деседі. Хадистерде: «Адамдықтың рәмізі – шүкір» деген сөз бар. Шүкіршілік. Қасиетті қаламның арқасында қаншама қағаздың бетінде сөзіміз көрінді. Өзіміз көріндік. Кітаптарымыз көрінді. Сол сүйікті, сырлы, сүйрік қаламның соңынан еріп келеміз. Сүйенішіміз де сол. Сүйінішіміз де сол. Сүйеушіміз де сол. Жебеушіміз де, демеушіміз де сол. Сонсоң, әрине, қағаз.
Қасиетті қаламның жетегімен қаншама қасиетті кісілерден сұхбат алдық. Қазақтың намыс туына айналған Бауыржан Момышұлынан бастап. Қаншама қанатты қайраткерлердің, титан тұлғалардың қамқорлығына, шуағына, сәулесіне бөлендік. Классик, зергер, сөзгер, суреткер, қаламгер Тәкен Әлімқұловпен үнсіз ұғыстық. Тілсіз сырластық. Сағаттар бойы шырайлы шаһарыңыз Шымкентіңіздің көшелерінде. Қошқарата әулие бұлағының бойында. Қатар қадамдадық-ау. Айларды айларға ұластырып. Әрине, көбінесе Нәсіреддин мен Қарауылбектер ұнастырып. Зейін-зейілі, зерде-пейілі қайталанбас қайран Қабдолов Зейнолладайын ұлы ұстаздың ұсынуымен «Жұлдыз» журналына шыққан жылдарымыз-ай. Сырбай Мәуленов, Әлжаппар Әбішев, Рахманқұл Бердібаев, Шерхан Мұртаза, Асқар Сүлейменов, Төлеген Тоқбергенов, Дулат Исабеков, Тұтқабай Иманбеков, Оралхан Бөкеев, Сайлаубек Жұмабеков, Қалаубек Тұрсынқұлов, Қалдарбек Найманбаев, Мұхтар Мағауин, Нұрмахан Оразбеков, Сабырхан Асанов, Тұманбай Молдағалиев, Зейнолла Серікқалиев, Қажығали Мұханбетқалиев, Дүкенбай Досжанов, Герольд Бельгер, Көпен Әмірбеков, Ұлықбек Есдәулетов, Дидахмет Әшімханұлы, Баянғали Әлімжанов, Нұрғали Оразов, тағысын-тағы, талай да талай  талант иелерінің, сондай-ақ өзбек, украин, саха қаламгерлерінің, Мәскеуіңізден КСРО Жазушылар одағы хатшылығының көшпелі мәжілісіне келген жиырма шақты қаламгердің шаңырағымыздан шәй-пәй ішіп, қонақ болған күндері-ай...»
Әкемнің «Ақтолғайында» барша қазаққа айтқаны шыны да, көкірек сарайында сайрап жатқан сыры да, өмірінің мән-мағынасы да, ұстын-негізі де осы жоғарыдағы жолдарда жатқан секілді...
Шын мәнінде, Әкем Алаш ардақтылары туралы жиі айтты да, жазды да. Солардан үлгі алды, ізденді, еліне, байтағына, қазағына, тіліне дүниеден өткенше қызмет етті, қасиетті қаламына адал болды, айналасына әділ болды.
«Әкелер жайлы өлең аз,
неге деп жиі сұраушы ем,
Балалық, пәк көңілмен
Балауса жырлар құраушы ем...»
Мәңгілік өмірі басталған Әкем туралы әлі талай естеліктер айтылып, толғаныстар жазылатынына, шығармашылығы тереңдете, жан-жақты зерттелетініне, есімі ел есінде сақталу үшін де жұмыстар атқарылатынына сенемін...
«... Әрқашан да биік көретін мені басқадан
Менің әкем, менің әкем – ең жақсы адам!»
Әке, мен дүниеге келгенде ерекше қуанғаныңыз үшін, әлі күнге еркеліктің ауылынан алыстатпағаныңыз үшін, 45 жыл бұрын,  кредиттік технология ешкімнің түсіне де кірмеген тұста өз бетінше дәптер арнатып, қиын есептерді алдын-ала шығартқаныңыз үшін, Сөздің қадір-қасиетін сезіндіргеніңіз үшін, өзіңізге тартқан көркем жазуым үшін, қарапайымдылық пен адалдық, турашылдықты қолдайтын мінезім үшін, бар адамның тек жақсы жағын көруге ұмтылдырғаныңыз үшін, рухани бай, ұлтжанды адамдармен араласуды үйреткеніңіз үшін, кекшілдік емес, кеңдік пен кешірімді жоғары қойғаныңыз үшін, сезімталдық пен бауырмалдықты, жарасым мен үйлесімді, айналама іштарлықпен емес, құштарлықпен қарауды сіңіргеніңіз  үшін, ең бастысы, Сіздей Әкені бұйыртқаны үшін Аллаға сансыз шүкір! Алла о дүниеңізді жарық етсін! Мекеніңізді жұмақ төрінен бұйыртсын!

Ақлима МАРХАБАТҚЫЗЫ.
Пікір қалдырыңыз