Халқымыз қайтсе көбейеді?

Сабырбек Олжабай, «Ońtústik Qazaqstan».

«Мызғымас одақтың» ыдырауынан кейінгі өтпелі кезең елімізге күрделі демографиялық өзгерістер әкелді. Тоқсаныншы жылдары тарихи отандарына ірге көтерушілер көбейді. Осының салдарынан халық саны азайды, бала туу да, өлім-жітім де көбейді. Табиғи өсімнің құлдырауы демографиялық ахуалдың нашарлауына әкеп соқты. 

Ресейге бодан бола бастаған жылдардан бері санасақ, сырттан келген келімсектер төрт есеге дейін көбейген екен. 1989 жылғы халық санағы бойынша республикада қазақтар саны – 39,7 пайыз, орыстар – 37,8 пайыз, украиндар – 5,4 пайыз, беларусьтар – 1,1 пайыз, немістер – 5,8 пайыз, татарлар – 2 пайыз, өзбектер – 2,7 пайыз, ұйғырлар – 1,1 пайыз, кәрістер – 0,6 пайыз, әзірбайжандар – 0,6 пайыз, басқа ұлт өкілдер 3,6 пайыз болған екен. 
1984-1999 жылдар аралығында Қазақстан халқы 1,5 миллион адамға, яғни 8,2 пайызға азайған. Халық санының азаюы 2002 жылға дейін созылып, 2003 жылдан бастап аздап өсе бастаған.
1939 жылғы санақта қазақтар өз отанында көпшілікке айналған екен. 1999 жылы қазақстандық барлық халық санының 53,4 пайызын иемденді. Яғни, араға алпыс жыл салып барып қайта еңсе тіктей бастаппыз. Бұған тәуелсіздікке қол жеткізуіміз бен шетелдегі қандастарымыздың тарихи отандарына орала бастауы көп ықпал етті. 
Ақыры шетелдегі қандастар туралы әңгіме қозғаған екенбіз, мына мәселені айтуға тиіспіз. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі кезінде Жетісудан 300 мыңдай қазақ босқын болып Қытай асады. 1931-1933 жылдары кеңес өкіметінің күштеп ұжымдастыру, жаппай ашаршылық жағдайында Ресей, Қытай, Өзбек-стан, Қырғызстан, Иран, басқа да шетелдерге босып кеткен қазақтардың біразы сонда қалып қойды. 1955-1962 жылдары Қытайдан қандастар орала бастағанымен, көш тоқтап қалды. 
Осы жерде шегініс жасағанды жөн көріп отырмыз. Қазақ хандығы құрылғаннан бастап Жоңғария, Ресей, Қытай, Қоқан, Хорезм мемлекеттерінен талай құқай көрді. Соның салдарынан территориямыздың біраз бөлігінен айрылып қалдық. Сонда да рухы мықты бабаларымыз тілін, дінін, ділін сақтап қалды. КСРО атты алып империя орнаған соң да Қазақстан жеріне көз тіккендер көп болды. 1924 жылы Орта Азия республикаларында жүргізілген аймақтық қайта бөлісте Қазақстан тағы да біраз жерінен айрылды. Одан беріде Н.Хрущев Өзбекстанға Бостандық ауданы мен Мырзашөл алқабын беріп жіберді. Киров, Мақтаарал, Жетісай аудандарының республикамызға қайтарылуы тікелей Д.Қонаевтың есімімен байланыстырылады. Әйткенмен, 300 мың халқы бар 3 аудан мен 5 кеңшар (Шымқорған, Тимирязев, Қызылқұм, Арнасай, Амангелді) Өзбекстанда қалып қойды.
Біз шетелдердегі қазақтардың барлығын сондағы диаспора деп қате айтып жүрміз. Шын мәнінде диаспора  өз Отанынан басқа елге шашырап кеткен белгілі бір ұлттың өкілдері деген ұғымды білдіреді. Ал, өз атамекенінде қалып қойған (мәселен, Ресей, Қытай, Өзбекстан) қазақтарды «ирридент» деп атаған әлдеқайда дұрысырақ. Бұл деген сөз аумақтық жер бөлісі кезінде немесе соғыс жағдайында атамекенінде қалып қойған жергілікті тұрғындардың басқа мемлекетке кіруін білдіреді.
Япырай, «мың өліп, мың тірілген» қазақ Жер шарының қай түкпіріне барсаңыз да табылады. Олар сол елдің тілін жақсы меңгерген. Кәсіп таңдауда да қандастарымыз жаңылмаған. Ең бір сүйсінерлігі және қуанарлығы – олар атамекендерінен жырақ жүрсе де ұлттық құндылықтарды қаз-қалпында сақтап келеді және атамекен жайлы сөз қозғалса жүректері өртеніп соғады. 
Былтыр сәті түсіп Түркияның Мәрмәр және Эгей теңіздері жағалауларында демалдық. Ыстамбұл, Анкара, Кемер, Измир қалаларына жолымыз түсті. Измир қаласының іргесіндегі ауылда қазақтар жылқы өсіріп отыр. Олар қымыз баптаумен айналысады екен. Ал, Санкт-Петербург қаласында кездескен ағамыздың бірі университетте сабақ берсе, екіншісі – киноактер. Ирандағы қазақтар тері илеуді шебер меңгерген. Коронавируске байланысты Өзбекстанмен барыс-келісіміз азайды ғой, ондағы туыстар егіншілікті мықтап меңгерген. Бізге таңсық анар, құрма, басқа да жемістерді солардан әкелуші едік.
Атамекен қай қазаққа да қымбат. Олардың туған жерге оралғылары келеді-ақ. Алайда, қандастарды елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына бейімдеу әлі де түпкілікті шешілмеген. Естеріңізде болса, тоқсаныншы жылдардың басында «Қайт, қазақ, еліңе!» деген ұран көтерілді. Осы леппен Отанына оралғандар бірқатар қиыншылықтарды бастан кешіргені жасырын емес. Отанына оралғысы келетіндер көбейгенімен, оларға бөлінетін квота көлемі кеми түсті. 1993 жылы 10 мың, 1997 жылы 7 мың, 1995 жылы 5 мың, 1996 жылы 4 мың, 1997 және 1998 жылдары 3 мың, 1999 жылы 500, 2000 жылы 600 отбасыға квота бөлініпті. Көріп отырсыздар, квота көлемі жыл сайын көбеюдің орнына азая түскен. 
Әзірге статистика деректерінен Қазақстанда 18 миллионнан астам тұрғын бар екенін білеміз. Қазақстан мемлекетінің әрбір шаршы метріне 5,5 адамнан келеді екен. Бұл жері кең болғанымен, халқы аз қоныстанған елге жатады. Мұның ұлттық қауіпсіздік пен экономикаға, еңбек ресурстарын қамтамасыз етуге де залалы бары рас. Сондықтан Қазақстан Республикасы 2015 жылға дейін мемлекетіміздегі тұрғындар санын 20 миллионға жеткізуді межелеген болатын.
Осы ретте қалай көбейеміз? Бұл табиғи өсім мен көші-қон мәселесін оңтайлы шешкенде ғана орындалады. Зерттеушілер мен ғалымдар шетелдерде әлі де 5,2 миллион қазақ тұрады деген дерек айтады. Оларды атамекенге тарту керек. Халқы аз, жұмыс күші тапшы солтүстік облыстарға оңтүстік өңірден мамандар жіберу, орнықтыру, тұрақтандыру мақсатында көптеген шаралар атқарылуда. Шетелдерден оралатын қандастарымызға да осындай қамқорлық керек. Ал, жастарға, жаңа отбасыларға, көп балалы аналарға, олардың ұрпақтарына Үкімет тарапынан жан-жақты әрі тұрақты көмек жүйелі көрсетілуі тиіс. 
Бүгінде Түркістан облысы демографиялық өсім жөнінен республикада көш бастап тұр. Әрине, бұл қуантады. Десек те,  жастар арасында бедеулік, белсіздік белең алып бара жатқаны да жасырын емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап көрсеткен «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды Үкіметке тапсыра отырып, отбасылық-демографиялық ахуалға алаңдаушылық білдіруі тегін емес. Өкініштісі, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көрсеткендей, отандастарымыздың 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негіз болатын себеп деп санайды. 
Жастар арасында бұл кеселдің шетелдің сапасыз тағамдарынан туындайтынынан, суықтан сақтанбайтынынан, жыныстық ауруларды көптеп жұқтыруынан болатынын дәрігерлер айтудай-ақ айтып  жүр. Әйтсе де, бұған жете мән беріп, тәрбие жұмыстарын жолға қойып жатқанымыз шамалы. Бұл ретте ұлттық тәрбиенің ықпалы зор болар еді.
Көсемсігеніміз де, шешенсігеніміз де емес, жоғарыдағы осы мәселелер мықтап қолға алынса, халқымыздың денсаулығы мықты болып, көбейе түсер еді.
Сіз не дейсіз?

Пікір қалдырыңыз