Ел табысы еселенді

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Ерте көктемнен бастап қоңыр күзге дейін бел жазбай жұмыс істеген ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері әдеттегідей «Алтын күз» мерекесін атап өтті. Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» көп салалы кешеніне жиналған көпшілікке алдымен ауыл шаруашылығы саласы техникалары мен өнімдерінің көрмесі таныстырылды. 

Салтанатты жиында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірдің еңбеккерлерін төл мерекелерімен құттықтап, олардың жетістіктерін жоғары бағалады. 
– Ауыл шаруашылығы – Түркістан облысының негізгі драйверінің бірі. Ауылда өскендіктен бұл саланың ерекшелігін, қиындығын жақсы білемін. Еңбек адамы елді алға бастайды. Сіздердің еселі еңбектеріңіздің арқасында өңірдің агроөнеркәсіп кешені тұрақты дамып келеді. Он айдың өзінде жалпы өнім көлемі өткен жылдың тиісті кезеңінен 145,3 миллиард теңгеге артып, 951 миллиард теңгеге жетті. Егіс көлемі 14 мың гектарға ұлғайып, 860 мың гектарға дейін жетіп отыр. Жаңадан 113 гектар жылыжайлар салынып, жалпы көлемі 1625 гектарға дейін ұлғайды. Ет өнімдерін экспортауда өңіріміз республикада бірінші орында тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу міндетін қойып отыр. Бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр. 2023 жылдан бастап ауыл шаруашылығы жобаларына, кооперация желілерін дамытуға жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызбен жеңілдетілген несиелер беріледі. Сіздермен бірге облыстың аграрлық саласын жаңа бағытта дамытып, ел табысы молаярына сенемін, – деген Дархан Сатыбалды бір топ еңбек озатын арнайы марапаттады.
Атап айтсақ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі, Құрмет грамотасы тапсырылды. Сонымен бірге агроөнеркәсіп кешенін дамытуда озат атанған аудан әкімдері облыс әкімінің дипломына ие болды. Бірінші орынды Сайрам ауданы алса, екінші және үшінші орындарды Бәйдібек пен Сарыағаш аудандары еншіледі. 
Салтанатты жиында Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев облыстың озат агроқұрлымдарын облыс әкімінің дипломымен марапаттаса, еңбек адамдарын насихаттап жүрген бірқатар БАҚ өкілдеріне облыс әкімінің Алғыс хатын ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов тапсырды.  
Мерекелік кеште Түркістан өңірінің танымал өнерпаздары мен белгілі әншілер Мадина Сәдуақасова мен Мөлдір Бақытжанқызы өнер көрсетті.  
Міне, осылайша еңбек озаттары өздерінің төл мерекесін жоғары дәрежеде атап өтті. Ендеше, өз несібесін жерден теріп, қажырлы еңбектерімен қоғамның әлеуметтік тұрақтылығының нығаюына қомақты үлес қосып келе жатқан ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлерін біз де өз тарапымыздан айтулы жетістіктерімен құттықтаймыз.
Пікір қалдырыңыз