Спорт пен саясат ешқашан ажырамайды

Ерболат АЙНАБЕКОВ,  «Ońtústik Qazaqstan».


Спорттың оның ішінде футбол шенеуніктерінің өзін де, өзгені де алдап жүрген ұран сөздері бар. Ол «Спортқа саясат араласпайды. Араласуға жол бермейміз» деген сөз. Бірақ, осыған дейін нешеме саяси оқиғалардың спорттық іс-шараларға әсер еткенін көргенбіз. Өткенді еске алмаған күннің өзінде бүгінде Катарда өтіп жатқан мундиальдің саяси салмағы күн санап артып келеді.

Біржынысты некеге, қатынасқа қарсы екенін Катар әлем чемпионатын өткізу құқығын жеңіп алған кезде-ақ айтқан. Егер осындай акцияларды қолдаған, мұсылман елінің заңына қайшы келетін жағдайлар орын алса, бірден жазалаймыз деп кесіп айтқан. Батыс бұған қарсы болды. Әсіресе, Батыс Еуропа елдері бұлқан-талқан ашуланған. Германия футболшыларын ЛГБТ жалауы бейнеленген ұшаққа отырғызып жіберген-ді. Алайда, Катар немістердің беделіне қараған жоқ, ұшақты елдеріне кіргізбей қойды. Неміс футбол федерациясы мұнымен тоқтап қалған жоқ. Алғашқы турдың ойыны алдында Германия футболшылары фотоға түсу кезінде ауыздарын қолмен басып, наразылық белгісін білдірді. 

Алайда, неміс футболшылары ойын соңында бұл ауыздың жабыларын сезген жоқ. Ол ауызға құм құйған жапон футболшылары болды. Алғашқы ойында самурайлармен күш сынасқан немістер жеңіліп қалды. Ойынның 33-минутында неміс жартылай қорғаушысы Гүндоған пенальтиден есеп ашқанымен, екінші таймда алаңға шыққан Доан есепті теңестірсе, оған ілесе ойынға қосылған Асано жеңіс голын соғып кетті. 

Осылайша жапондар немістерге Катарға футбол ойнау үшін келу керектігін түсіндірді. Ал, саяси акцияларға белсене араласып жүрген бундес-тимнің енді есін жия қоюы екіталай. Себебі, келесі турда олар қарқыны қатты Испания құрамасымен күш сынасады. 

Осы ойыннан кейін Германия құрамасының сапында алаңға шыққан қос мұсылман футболшының әлеуметтік желідегі парақшасына жанкүйерлер «шабуыл» жасады. Илкай Гүндоған мен Антонио Рюдигердің инстаграмдағы парақшасына футболшылардың әрекеті туралы негативті пікірлер көптеп жазылды.

Ал, Испания құрамасының қарқыны қатты деуімізге де себеп бар. Олар бірінші турда Коста-Рика құрамасын аямай ұтты. Тіпті, Коста-Риканың испан тілді мемлекет екеніне қараған жоқ, топырлатып 7 гол салды. Ал, Солтүстік Америкадан келген құрама «қызыл фурияның» қақпасына дәл соққы былай тұрсын, қисық соққы да бағыттай алмады. 

«F» тобындағы Марокко құрамасының бұл мундиальге тегін келмегенін айтқан болатынбыз. Олар бұл сөзімізді бірінші турда-ақ дәлелдеп берді. 2018 жылғы әлем чемпионатында күміс жүлде алған Хорватия құрамасына қарсы айбар көрсетті. Қос құрама гол соға алмай тарқасты демесеңіз, ойын тартыссыз өтті дей алмайсыз.

Бұл топтағы фаворит Бельгия құрамасы да Канаданы әупірімдеп жүріп жеңді. Ойындағы жалғыз голды Мишель Батшуайи соқты. Оның алдында канадалық футболшы Альфонсо Дэвистің 11 метрлік айып добын сала алмай қалғанын айтқанымыз жөн. Негізі пенальти тебуді 22 жасар Дэвис емес, орта жастағы тәжірибелі футболшылардың бірі алуы керек еді. Соншама жылдан кейін әлем чемпионатына шыққан Канада құрамасының алғашқы голын соғар кезде жас футболшы толқынысын баса алмаған секілді. Әккі қақпашы Тибо Куртуадан айласын асыра алмады.

Бірінші турды «G» және «H» топтарының командалары қорытындылады. Швейцария құрамасы топтың аутсайдері Камерунмен күш сынасқан. Алайда, есепті ашуға Швейцарияға қарағанда Камерунның мүмкіндігі көптеу болды. Тек шабуылды түйіндерде Шупо-Мотинг пен Экамби мүлт кетіп жатты. Ал, ойынның екінші кезеңінде Камерунде туған футболшы Эмболо Швейцарияны алға шығарды. Әлем чемпионатындағы алғашқы голы болса да Брэль Эмболо оны тойламады. Голды өзінің тарихи отанының командасына салғаны үшін жанкүйерлерден кешірім сұрады. Бұл ойында одан өзге гол болған жоқ.

Есесіне бұл топтағы екінші ойын Бразилия мен Сербия арасындағы кездесу тартысты өтті. Турнирдің ең басты фавориті Бразилия құрамасының алғашқы ойында қалай өткізерін аңдау үшін көз тіккендер көп болды. «Селесао» көпшілік күткен үдеден шыға алды. Осы маусымда жақсы ойнаған Роберто Фирминьоны Катарға әкелмегені үшін Тите бапкерді сынағандар көп болды. Алайда, олардың сынына шабуылшы Ричарлисон лайықты жауап берді. Қос гол салып, командасына жеңіс сыйлады. 

Соңғы топтағы құрамалардың деңгейлес екенін айтқан болатынбыз. Бұл сөзімізді Уругвай мен Оңтүстік Корея арасындағы кездесу (0:0) дәлелдеп бергендей. Тіпті, фаворит Уругвай болғанына қарамастан ойын тізгіні азиялық командада болды. Алайда, гол соғатын мүмкіндікті мүлт жіберіп жатты. Айтпақшы, бұл қос құрама қақпаға бірде-бір дәл соққы жасай алмай, мундиальдің анти-рекордын тіркеді. Бұған дейін бірде-бір әлем чемпионатында қақпаға дәл бағытталған соққысыз матч болмаған.

Ал, қызықтың көкесі Португалия–Гана арасындағы текетіресте орын алды. «Еуропалық бразилиялықтар» кездесудің фавориті болғанымен, ганалықтар да жеңісті оңай бере салатындардың қатарынан емес-ті. Бірінші таймда командалар голсыз тарқасты. Ал, екінші таймда қос құрама бірден 5 гол салды. Алдымен Португалия капитаны Роналду пенальтиден есеп ашса, Гана капитаны Андре Айю оны жауапсыз қалдырған жоқ. Одан кейін Жоау Феликс португалиялықтарды қайта алға шығарып, Рафаэль Леау есепті 3:1-ге жеткізді. Содан кейін Гана футболшысы Букари есепті қысқартқанымен, африкалықтардың шамасы одан арыға жетпеді.

Енді алдағы 3-4 күн  бойы екінші тур ойындарына куә боламыз. Қай команданың плей-оффқа шығар-шықпасы да осы турда айқындала бастайды.

Пікір қалдырыңыз