«Азия кубогы» додасы өтті

Түркістанда қазақ күресінен ересектер арасында Қажымұқан Мұңайтпасовтың жүлдесіне арналған «Азия кубогы» халық­аралық турнирі өтті. Дәстүрлі жарыста Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай мемлекеттері мен еліміздің барлық өңірлерінен келген 300-ге жуық спортшы бақ сынасты.

Жарыстың ашылу салтанатында  сайдың тасындай іріктелген білекті де жүректі балуандарға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов сәттілік тілеп, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының құттықтау хатын оқып берді.

– Қазақ күресі – ұлттық спорт түрлерінің ішінде өзіндік орны бар ерекше спорт. Қазіргі уақытта әлемнің 40-тан аса елінде ұлттық күресімізден федерациялар құрылып, жұмыс істеуде. Қазақ күресінен Әлем, Азия, Африка және Еуропа чемпионаттары өткізіліп, дамудың жаңа деңгейіне көтерілді. Кейінгі он жыл көлемінде өтіп жатқан «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы» және «Әлем барысы» додалары да бүгінде көрермен көзайымына айналып отыр. Біз ұлттық спортымызға қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз! – делінген облыс әкімінің құттықтау хатында.

Екі күн бойы балуандар 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100, +100 келі салмақ дәрежесінде үздіктер анықталды. Жарыстың бас төрешісі Ерлан Иманғалиевтің айтуынша, жарысқа әр салмақ бойынша мықты балуандар келген.

Айта кетейік, жуырда Түркістан қаласында қазақ күресінен «Тұран барысы» ұйымдастырылып, нәтижесінде Қазақстан құрама командасы жеңімпаз атанған болатын. Жалпы Түркістан облысында 4 облыстық, 28 аудандық және қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде қазақ күресі бөлімдері бар. Онда 148 жаттықтырушы 3600-ден аса шәкірт тәрбиелеуде.

Сонымен жарыс қорытындысы бойынша турнирдің «түйе балуан» атағын батысқазақстандық балуан Темірлан Көлбай жеңіп алды. Оған Ордабасы ауданы әкімдігі тағайындаған «темір тұлпардың» кілті табыс етілді.

Е.ҚОЖАХМЕТҰЛЫ.

Пікір қалдырыңыз