Қазақстан қағаз да шығара алмай ма?..

Аман Жайымбетов, «Ońtústik Qazaqstan».

Соңғы бір жылда қағаз үш есе қымбаттады. Мұның себебін мамандар көрші мемлекеттерде орын алып жатқан түрлі саяси-экономикалық жағдайлармен байланыстырады. Қымбаттап жатқан тек қағаз ғана емес, сырттан импортталатын тауарлардың барлығының да бағасы өскен. Өйткені, қат дүниенің қымбаттай түсетіні айтпаса да түсінікті.     

Жасыратыны жоқ, Қазақстан қағаз өніміне келгенде сыртқа тәуелді. Бұл саладағы импорттың үлесі ішкі өнімдерді үш орап алады. Асты-үсті табиғи байлыққа тұнып тұрған Қазақстан сонда қарапайым қағазды да қарық қылып шығара алмайтын болғаны ғой. Алысқа бармай-ақ, іргеміздегі Өзбекстанның өзі бүгінде заманауи техниканың түр-түрін шығарып, алдымен өздерін өздері қамтамасыз етіп, одан артылғанын экспортқа шығарып отыр. Өндіріс саласын өркендетуде Алатаудың ар жағындағы айыр қалпақты ағайындар да қалысар емес, базарға барсаң қырғыздардың қолынан шыққан киім-кешек пен ыдыс-аяқтан көз сүрінеді. Ал, біздегі бұл сала дайын өнімді қаптап-қаттаумен, қажетті техниканың өзін сырттан алып келіп құрастырып-жинақтаумен ғана шектеліп тұр. Біреудің шығарған өнімін шала-шарпы құрастырғанымызға мәз болып, бөркіміз қазандай болып жүргенде ойламаған жерден пандемия деген пәлекет килігіп, отыз жылдан бері аузымызды қу шөппен сүртіп жүргенімізді әшкерелеп берді. Енді міне, Ресей мен Украина арасындағы қырғи-қабақ соғыстың зардабын да ең алдымен керегін тек тасымалдап қана тұтынатын «дайын асқа тік қасық» елдер тарта бастады. 
Бұл саланы зерттеп жүрген мамандар Қазақстандағы қағаз өнеркәсібінің кенжелеп қалуына бірнеше себепті алға тартады. Соның бірі шикізаттың жеткіліксіздігі болса, екіншісі сұраныстың аздығы екен. Қисынға салып қарасаңыз, бұл екі фактор да себеп бола алмайды. Жерінің асты да, үсті де байлыққа тұнып тұрған елде қағаз шығаруға керекті шикізат қоры жоқ деуге бола ма? Дұрысы – соны тереңірек өңдеу жағы жетіспей жатыр десек құлаққа қонады. Рас, жаһандану жолында адамзат барлық құжат айналымын, жұмыс процесін компьютерлендіре бастады. Көптеген қызмет көрсету салалары қағазбастылықтан біршама арылып, жұмыстың басым бөлігі электронды форматқа көшірілді. Бірақ, бұған қарап қағаз атаулының түкке де қажеті болмай қалады деген түсінік тумауы керек. Өркениеттің ошағы саналатын Батыс елдерінің өзі қанша жерден заманауи жұмыс тәсіліне көшсе де, қағазға деген сұранысын төмендеткен емес. Статистикалық мәліметтерге сенсек, қайта қол күшінен гөрі техниканы көбірек пайдаланатын бүгінгі заманда қағазға қаттап қоятын құжаттар саны артқан. 
Осы тұста жалпылама қағаз өнімдері дегенімізбен оның қолданылу аясына қарай түрлі санатқа бөлінетінін де ескеру керек. Мәселен, бүгінде үйінің ауласына шағын станок қойып, макулатураны қайта өңдеп, әжетхана қағазын шығарып жатқандар да, сонымен бірге шикізатты тереңірек өңдеу арқылы сапалы қағаз өндіретіндер де осы саланың өкілі болып саналады. Алғашқылары шектеулі шикізатқа тәуелді болса, кейінгісі жаңа технологияның нәтижесінде жоқтан бар жасап жүргендер. Бізге алғашқысынан гөрі кейінгісінің қызметі маңызды. Оның қаншалықты маңызды екені шекара жабылып, сырттан келетін қағаз өнімдері сап тыйылғанда білінеді. 
Қалай болғанда да қағаз-қаламмен жұмыс істеуді бір кісідей меңгерген біздің елде де қағазға сұраныс болмай тұрмайды. Сол сұранысты қанағаттандыру үшін Қазақстан бір жылда жүз миллиард теңгеге жуық қаржыны осы салаға жұмсап отыр. «Energyprom.kz» зерттеу орталығы өкілдерінің айтуынша, Алматы облысында қағаз өнеркәсібі жақсы жолға қойылған. Өңірде қағаз өнімдерін негізінен «Қазақстан қағазы» АҚ мен «Kagazy Recycling» серіктестігі өндіреді. Мұнда бір жылда жиырма миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, одан кейінгі орында 18,7 миллиард теңгенің өнімімен Алматы қаласы тұр. Қаладағы «Карина Трейдинг», «Компания В», «Almapack Co LTD» серіктестіктерінің бұл салаға қосып жатқан үлесі зор. Еліміздегі үшінші мегаполис саналатын Шымкент те алдыңғы үштікте тұр. Шымкенттегі қағаз өндіретін негізгі кәсіпорындар ретінде «Ақжол–2008 Лтд» мен «Бумпром» компанияларының аты жиі айтылатынын білеміз. Сондай-ақ, бұл сала жайлы сөз бола қалса «Ақ Барыс», «Бәйтерек» сауда таңбасындағы кеңсе қағаздарын шығаратын кәсіпорын еске түседі. Осыдан бес жыл бұрын шикізат тапшылығынан жабылып қалудың аз-ақ алдында тұрған өндіріс орны бүгінде жұмысын жалғастырып жатыр ма, әлде шын мәнінде нарықтың қыспағына шыдамай жабылып, жағаға шығып қалды ма – бұл сауалдың жауабын сұратып тиісті орындарға хабарласқанымызбен ешқайсысынан мардымды жауап болмады. Соған қарағанда елімізде өзіндік орны бар өндіріс орнының «олай-бұлай» болып кеткенін Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Шымкент қалалық филиалының басшылары да «естіртуге» жүрегі дауаламады-ау деймін... 
Жалпы, біздегі жеңіл өнеркәсіптің ахуалының осыншалықты «ауыр» болып, шикізатты тереңірек өңдеу саласының тұралап қалуына бірден-бір себеп ретінде жүйедегі жемқорлықты алға тартатындар көп. Ел ішінде «откат» бермесең мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктердің маңына да жолатпайтынын айтып жүргендер жетерлік. Бүгінде әлемдік автонарықта өзіндік орнын қалыптастырып үлгерген «Daewoo» зауытын Шымкенттен салу ұсынылғанын, бірақ, сол кездегі кейбір басшылардың ірі көлемде «шапка» сұрауы салдарынан шетелден келген инвесторлар көрші мемлекетке кетіп қалғаны жайлы сүйекке таңба түсетіндей жағымсыз әңгіме бар. Біздің бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған қағаз өндірісі де негізінен мемлекет тарапынан жеткілікті дәрежеде қолдауды қажет етеді. Ал, оны қолдауы тиіс шенеуніктер мемлекет мүддесінен бұрын өздерінің құлқындарын ғана ойлап кете ме деген қауіп те жоқ емес. Өйткені, өмірден алынған осындай нақтылы мысалдар көптеген іске қолбайлау болып жатады. Егер шикізатты тереңірек өңдеу жағы тек қағаз жүзінде ғана қанттай болып, шын мәнінде басқаша болып жатпаса, адамнан басқаның бәрін құрастырып жатқан біздің елдегі өнертапқыштарға қарапайым қағаз шығару соншалықты қиын бола қоймас. Әрине, оны іске асырғысы келетін талапкерлерді де қалың елдің арасынан табу қиын емес. Тек дайын өнімді құрастыру, қаптау, түптеумен ғана шектелмей, енді елдегі бар шикізатты тереңірек өңдеу жағына да көңіл бөлейік. Сонда ғана «Қазақстан қағаз шығара ала ма?» деген сияқты кекесінге толы сұрақ та тумаған болар еді. 
Пікір қалдырыңыз