ФИФА-ға ақша ғана керек пе?

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».


Дүниежүзілік футбол қауымдастығы осы бір әлемдегі нөмірі бірінші спорт түрінің дамуы үшін жыл сайын реформа жасап жатады. Соңғы уақытта футбол мамандары да, жанкүйерлер де қауымдастық қабылдаған өзгерістерге жиі сын айтатын болды. Мәселен, келесі мундиальге қатысатын командалар саны артып, 48-ге жетпек. Мұның өзі әлем чемпионатының деңгейін түсіріп жібермей ме деген күдік басым. Оны осы әлем чемпионатындағы кейбір нәтижелер шегелей түсетіндей.

Мундиальдің екінші күні Англия–Иран кездесуімен басталды. Осы ойынның нәтижесі біздің әлем чемпионатының деңгейіне қатысты күдігімізді растай түскендей. Англия жайшылықта қарсылас қақпасына 6 гол салмайтын. Тіпті Еуропаның ортаңқол ұжымдарының өзі азулы Англиядан 3-4 гол жіберуді ар санайтын. Сан-Марино, Гибралтар, Андорра секілді футболы артта қалған құрамаларды есепке алмасаңыз, Еуропада Англиядан 6 гол жіберетін құрама жоқтың қасы. Былтыр ғана өткен Еуропа чемпионатында Англия құрамасы тек Украина құрамасына 3 гол салды демесеңіз, әр ойында 1 голдан артық салған жоқ. Мұның өзі Еуропа футболының қарыштап дамып кеткенін көрсетеді. Ал, ФИФА-ның өзге құрлықтарда да футболды дамыту жоспарының әзірге сәтсіз болып жатқаны осындай ойындардың нәтижесінен аңғарылады. Енді 2026 жылғы әлем чемпионатына 48 құрама қатыспақ. Оның ішінде Азия, Солтүстік Америка құрлығынан қатысатын командалардың саны артады. Демек, Қытай, Вьетнам, Ямайка, Панама, Куба, Тринидад және Тобаго секілді құрамаларды мундиальден көріп қалуымыз ғажап емес. Ал, олардың Англия, Франция, Германия секілді азуын айға білеген командалардан ең аз дегенде қанша гол жіберерін сізге дәл қазір айта алмаймыз. Осыған қарап ФИФА-ның бұл реформасы спорттық жағынан дамуға емес, коммерциялық пайда табуға бастайтынын аңғарғандаймыз. Әлем чемпионатында ойнайтын командалар көбейген сайын футбол қауымдастығының табысы да арта түспек. Сонда ФИФА-ға керегі футболдың дамуы ма, әлде ақша ма?

Хош... сонымен ойынға тоқталайық. Иран құрамасы ойын басталмай жатып жеңілгендей көрінді. Олай дейтініміз ирандық футболшылар өз елдеріндегі наразылық акцияларына қолдау білдіріп, ойын басында әнұран айтудан бас тартты. Ал, стадионға жиналған ирандық жанкүйерлер әнұранға қосылмақ түгілі, наразылық ысқырығын жаудырды. Осылайша мемлекеттің негізгі рәмізі болып табылатын әнұранды айтпаған Иран футболшылары ағылшындардан тас-талқан болып жеңілді. Англия сапында Букайо Сака дублімен көзге түссе, Рэшфорд, Грилиш, Беллингэм, Стерлинг бір-бір голдан соқты. Айтпақшы, 19 жасар Джуд Беллингэм ХХІ ғасырда туып, әлем чемпионатында гол соққан алғашқы футболшы атанды. 

«А» тобының екінші ойынында Сенегал құрамасы Нидерландыға кәдімгідей айбар көрсетті. Африкалық құрама қорғанып қана қоймай, ара-тұра қауіпті шабуылға да шығып отырды. Осы тұста команданың ең басты жұлдызы Садио Маненің жоқтығы қатты білінгенін айта кетейік. Сенегал тәп-тәуір шабуылдағанымен, оның нүктесін қоятын ойыншы табылмады. Ал, ойын соңына қарай әлдері құрыған африкалықтардың босаңсығанын қызғалдақты елдің өкілдері пайдаланып кетті. Ойынның 84-минутында Гакпо Нидерландыны алға шығарса, 90+9-минутта Классен есепті еселеді.

«В» тобында ресми тілі ағылшын тілі болып табылатын үш елдің құрамалары топтасқанын айтқанбыз. Сол командалар арасындағы алғашқы текетірес жарыстың екінші күнінде болды. Футболшылары Англия клубтарында доп тебетін АҚШ құрамасы Уэльсті оңай ұтады деп болжағанбыз. Алайда, Бэйл бастаған құраманың да оңай шағылар жаңғақ емес екеніне көз жеткіздік. Қос құрама бұл ойында бір-бірден гол соқты. АҚШ сапында атақты Джордж Веаның ұлы Тимоти Веа көзге түссе, Уэльс құрамасының жалғыз голын команда капитаны Гарет Бэйл салды.

Жарыстың үшінші күні жанкүйерлерді күтпеген нәтижелерімен қуантты. Турнирдің ең басты фавориттерінің бірі Аргентина құрамасы Сауд Арабиясын қалпақпен ұрып аламыз деп ойлады-ау?! Төреші Винчич ойынның 10-минутында арабтардың қақпасына 11 метрлік айып добын белгілеген, Месси мүлт кеткен жоқ. Одан кейін «ақ-көгілдірлер» 3 гол салса да, ойыншылары оффсайдта қалып, оның ешқайсысы есептелген жоқ. Ал, екінші таймға сылбыр күйде шыққан аргентиналық ойыншылар Сауд Арабиясы футболшыларының «екі шелек мұздай суына» дайын болмай шықты. Алдымен 48-минутта Салих аш-Шехири есепті теңестірсе, арада 5 минут өтпей жатып Салем әл-Досари Мартинес қорғаған қақпаның торын екінші рет бүлк еткізді. Ойынның қалған уақытында Месси мен Ди Мария бастаған жігіттер қанша шабуылдағанымен Мұхаммед әл-Обайс қақпасының кілтін таба алған  жоқ. Бұл матчтың үздік ойыншысы дәл осы әл-Обайс атанды. 

Осылайша 36 матч бойы жеңілмей келе жатқан Аргентина құрамасы әлемдік рекордқа сынық сүйем қалғанда сүрінді. Бұған дейінгі рекорд Италия құрамасына (37 ойын қатарынан жеңілмеген) тиесілі еді. Енді Аргентина плей-оффқа шығамын десе, Мексика мен Польша құрамаларын қалай да жеңуі керек. Алайда, Мексика да, Польша да «тұрар жеріңді айт!» дейтін ұжымдар. 

Польша мен Мексика футболшылары үшін Аргентинаның жеңілісін өз пайдаларына жаратып кететін тамаша мүмкіндік туған. Қай жеңгені Аргентинадан іргесін аулақ салып, топтың көшін бастайтын еді. Алайда, қос құрама бірін-бірі ала алмады. Әлем чемпионаты десе екінші тынысы ашылып кететін мексикалық қақпашы Гильерме Очоа бұл мундиальде де ерекше көзге түсті. Ойынның екінші таймында Роберт Левандовски тепкен пенальтиді қайтарып, командасын жеңілістен құтқарып қалды. Қос команда гол соға алмай тарасты. Соған қарамастан бұл ойынды тартыссыз өтті деп ешкім айта алмайды. Мексикалықтар да, поляктар да алма-кезек шабуылдап, бүгінгі дамыған футболдың жарқын үлгісін көрсетті. 

Ал, «D» тобындағы Тунис құрамасы өзінің қаражаяу команда емес екенін алғашқы турда дәлелдегендей. Былтыр Еуропа чемпионатында қола жүлдегер атанған дат футболшылары Африкадан келген құрамаға қарсы ештеңе істей алмады. Ойынның есебіне қарап (0:0), Тунис құрамасы тек қорғанысқа жатып алды деуге болар еді. Алайда, олар да үстін-үстін шабуылға шығып, Каспер Шмейхельді жұмыссыз қалдырған жоқ.

Бұл топтың фавориті француздар Австралияны оңай ұтты. Ойынның басында австралиялық футболшы Гудвин есеп ашып, тағы бір сенсацияның шетін шығарғандай болған. Алайда, Франция есін тез жиды. Алдымен Рабьо есепті теңестірсе, Жиру үзіліске дейін «үш жолақты» елдің құрамасын алға шығарды. Екінші таймда Мбаппе мергендік танытып, Жиру есепті 4:1-ге жеткізді. Данияның ұпай жоғалтқанын ескерсек, Франция құрамасына бұл топтан 1-орынмен шығуы үшін мүмкіндік көбейе түскендей. Алайда, алдымызда әлі 2 тур бар. Уақыттан озбайық.

Пікір қалдырыңыз