Елгезек журналист елу жылдан бері елге қызмет етіп жүр

Жетісай жақта журналист Жаппар Ғаппарды танымайтындар кемде-кем. Есім-сойы да естіген адамның есінде қалатындай ерекше. Құдды шығармашылық адамдарының өздеріне таңдап алатын бүркеншік аты сияқты. Жаппар Ғаппардың танымал болып жүргеніне бұл бірінші себеп болса, екіншіден, елу жылдан бері аудандық газеттердің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген оны қалың елдің жыға танитындай да жөні бар.

Журналист ретінде қалың елдің құрметіне бөленген Жаппарды біз бала кезден білеміз. Орта мектепте он жыл бірге оқыдық. 1970 жылы «алтын ұя» мектеппен қимай қоштасып, әрқайсысымыз әр тарапқа кеттік. Қазіргі Ж.Ералиев ауылдық округіне қарасты «Сырдария» (бұрынғы А.Жданов атындағы) мектебін бітірген сол жылғы түлектер арасында қасы қалың, орта бойлы бала ерекше елгезектігімен көзге түсіп жүрді. Сірә, өзінің болашақ мамандығына тән мінезді сол кездің өзінде бойына қалыптастырып алғандай. Әр нәрсеге жіті назар аударып, өзіндік пікірін білдіріп жүретін оның белсенділігін мектеп мұғалімдері басқа оқушыларға үлгі ететін. Әлі есімде, математика пәнінен дәріс берген Тоғай Бердішев ағайымыз әр оқушының бойындағы қабілетіне ерекше тоқталып, кезек Жаппар Ғаппарға келгенде «сөйлегенде алдына жан салмайтын, әр істің байыбына тереңірек бойлай алатын сенен мықты журналист шығады» дегені бар. Ағайымыздың сол сөзі қанаттандырды ма, әлде болайын деп тұрған баланың талабына бұл сөз қамшы болды ма, әйтеуір, араға бірнеше жыл салып Тоғай ағайдың айтқаны айдай келді. Рас, ә дегеннен ауылдың қара баласы сол кездегі еліміздегі журналист мамандығын даярлайтын жалғыз оқу орны – С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне түсіп кете алған жоқ. Бірақ, бірінші жылы емтиханнан сүрінсе де алған бетінен қайтпай, ақыры дегеніне жетті. 

Мені таң қалдырғаны, Тоғай ағайымыз мінезін сипаттап берген шәкірттерінің барлығы дерлік сол болжамнан тым алыс кеткен жоқ. Ол кісінің түлектерінің үштен бірі мектепті өте жақсы аяқтап, жетеуі үздік аттестат иегері атанса, Хадиша Әбенова алтын медальмен бітірді. Хадиша қыз педагогикалық институттың филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін де үздік тәмамдап, қызыл диплом алды. Кандидаттық диссертацияны да өте сәтті қорғады. Ғалым ретінде ұзақ жылдар бойы Шымкент мемлекеттік педагогикалық институтында дәріс берді. Алған бетінен қайтпайтын Жаппар сыныптасымыз да өз дегеніне жетіп, ұзақ жыл аудандық газеттерде жұмыс істеді. Аудандық партия комитетінің үні саналатын, аптасына үш рет қазақ-орыс тілдерінде шығатын «Жетісай» газетінде көп жылдар бойы жауапты хатшы болды. Кейіннен негізін талантты ақын Әлібек Мейірбеков қалаған «Нарық әлемі» газетіне бас редактор болды. Жетісайдағы «Жеті сыр» газетіне басшылық еткен жылдары аптасына бір рет шығатын бұл газет аудандағы өзекті мәселелерді жасқанбай жазатын бірден-бір басылымға айналды. Бүгінде аудандық ардагерлер ұйымының үнқағазы ретінде танылған «Халық үміті» газетін шығарып жүр. 

Жалпы, журналистиканы мамандықтың төресі дейтін болсақ, оны осындай дәрежеге жеткізетін де сол саланың ыстық-суығына төзіп жүрген қатардағы сарбаздары екені анық. Бірақ, несін жасырамыз, соңғы кездері бұл мамандық иелері де сирек кездесетін кәсіп иелерінің қатарынан саналып жүр. Әсіресе, орталықтан шалғай жатқан аудандарға талантты жастар көп бара бермейді. Сол себепті шығар, бүгінде жастар арасында өндіріп жазып жүргендерін кездестіру қиын. Ал, менің бала кездегі досым, ұзақ жылдан бері сыйласып жүрген сыныптасым, одан да жақынырақ тартып айтар болсам, журналистиканың қазанында бірге қайнап келе жатқан «қандыкөйлек»  әріптесім Жаппар Ғаппар сол олқылықтардың орнын толтырып, аудандағы кадр тапшылығын сездірмеу үшін біраз газеттерге басшылық етіп, қаншама шәкірт даярлады. Елге еткен еңбегі еленіп, 2014 және 2016 жылдары ауданның ең үздік қаламгер-журналисі номинациясының иегері атанғанын да айта кетейік. Одан бөлек «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталып, қай жылдары іріленген Мақтаарал ауданының құрметті азаматы атанды.  

Иә, қаламы жүрдек журналистерге қашан да жұмыс табылады. Тіпті, өз ісіне шынайы берілген мамандарға қай кезде де сұраныс бар. Екеуміз тек сыныптас қана емес, қызығы мен шыжығы қатар жүретін журналистика саласында біраз жыл бірге жұмыс істеген әріптес ретінде де бір-бірімізді жиі іздеп тұрамыз. Екі мыңыншы  жылдары мен Тұрғанбек Қанаевтың басшылығындағы «Болашақ» газетінің, ол Анар Аспан жетекшілік ететін «Ақиқат–Истина» газетінің Жетісай ауданындағы меншікті тілшісі болып қызмет атқардық. Ақпарат ағыны тасқындап тұрған сол тұста екеуміз Жетісайдың жаңалығын жарыса жазып, өзекті мәселелерін қатар көтеріп жүрдік. Осылайша біздің бала кезде, мектеп партасынан басталған достығымыз өзінің жарасымды жалғасын тауып келеді. Бір-бірімізді бірер күн көрмей қалсақ, қайда жүр екен деп іздеп тұрамыз.

Іздейтін досың болғаны қандай жақсы!

Жеңіс БАЙЖАНОВ, ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Пікір қалдырыңыз