«Төрді, шапанды өздеріңіз алыңыздар да, маған жұмысты беріңіздер»

Ордабасы ауданы, Бадам ауылдық округіне қарасты 
Қарабастау ауылының биі Руслан Құдияров: 

– Руслан-ау, жиырмадан енді ғана асқан шағыңда қалай ауыл биі болып жүрсің?
– 2015 жылы жоғары оқу орнын бітіріп келгеннен кейін мені туған жерімнің өркениеттен қалып бара жатқаны қатты ойландыра бастады. «Біздің ауылда неге ауыз су, газ, интернет жоқ? Не істесек болады?» деген сұрақтарды сыныптас достарыма жиі қоятынмын. Олар «Руслан, сен би бол. Сөйтіп, ауылды қолға ал» дегеннен өзге ештеңе айтпайтын. Білесіз бе, бұған дейін ауылымызға билік тарапынан көңіл бөлініп, халыққа пайдасы тиетін бірде-бір игі іс жасалған жоқ. Әйтпесе, біздің ауыл Бадам ауылдық округінен 7 шақырымдай-ақ жерде орналасқан. Шымкент қаласына да өте жақын.
Тас өңдейтін зауыт салынғаннан кейін өзен бойындағы шиыршық тастар бейберекет қазыла бастады. Жер қойнауын заңсыз пайдаланатындар да көбейді. Оларға «бұларың дұрыс емес, қойыңыздар. Ауылға жақындап келесіңдер» деп жатқан ешкім болмады. Өз бетімше мен айтқансымақ болдым алғашқыда. Ауылдың қарапайым қара баласына кім құлақ ассын?
Бір күні ойламаған жерден ауыл тұрғындары бас қостық. Сонда сыныптас достарым көпшілікке мені «Ауыл биі» етіп сайлағылары келетінін жеткізді. Аға буын өкілдері құптады. Қолдау білдірді. Қарсы болғандар да кездесті. «Бұл 24 жастағы жас жігіт ауыл биі болса, төрге шығуы керек қой. Әкесінің әкесіндей жасқа келіп отырған бізден қалайша аттап кетеді» дегендер де болды. Мен оларға: «Сіздер төрге шығып, қойдың басын мүжіп, шапандарыңызды кие беріңіздер. Төр сіздердікі. Ал, маған жұмысты беріңіздер» дедім. Өйткені, ауылды көркейту үшін, басшылардың алдына кіру үшін маған «Ауыл биі» деген статус керек еді. 
– Еее, солай де. Енді түсінікті болды. Ары қарай айта бер. Сонымен Құдияров Руслан Әбдрахманұлы ауыл биі болып жұмысты неден бастады?
– Шымкенттегі Аймақтық әлеуметтік-инновациялық универсиетті бітіріп келгеннен кейін Бадам ауылдық округіндегі өзім білім алған Айтбай Шерімқұлов атындағы жалпы орта мектепке информатика пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Біздің Қарабастау ауылында жалғыз мектеп бар. Оның өзі бастауыш мектеп. Сондықтан жоғары сынып оқушылары Айтбай Шерімқұлов мектебіне қатынап оқиды. Менің ауыл биі болуыма бір жағынан осы мектепте жұмыс істегенім септігін тигізді деп ойлаймын. Тұрғындар «Бадамға күнделікті қатынайды. Жұмысына барғанда ауылдың жайын әкімге жеткізіп жүретін болады» деген-тұғын.
2017 жылы ауыл биі болып сайланғаннан кейін үш күн ұйықтай алмадым. Өзіме артылған жауапкершілік жүгінің қаншалықты ауыр екенін сол сәтте шын сезіндім. Тәжірибем жоқ. Кіммен сөйлесемін, қайда барамын? Білмеймін. Ең алдымен тұрғындарды көшенің бойындағы сары-ала лайдан құтқарып алайын деп шештім. Электр бағаналарының да сымдары жерге түсіп, құлауға шақ тұрған еді. Содан «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесінің Ордабасы ауданындағы филиалына өтініш жаздым. Өтінішімнің соңына бағаналардың суретін тігіп қойдым. Ауыр жүк көлігі бар тұрғындар тас әкеліп беріп, оны бәріміз жабылып көшеге төседік. Арада бір апта өткенде электриктер келіп бағаналарды ретке келтірді. 
Ауыл биі болмай тұрғанымда зауыт басшыларына «сендер осы жерден нан тауып отырсыңдар, сондықтан ауылда біреу үй сала бастаса тасын тегін беріңдер» деп айтып жүретінмін. Ол кезде «мансабым» болмағандықтан, бұл сөзімнің салмағы жоқ еді. Ауыл биі болғаннан кейін зауыт басшыларына барып, «енді бұрынғыдай кез келген жерді өз беттеріңізше еркін қаза алмайсыздар. Өзен жағасы ауылға жақындап қалды. Бұл тұрғындарға қауіпті. Сондықтан, алдымен жұмысты өзеннің арнасын ары қарай бұрудан бастайсыздар. «Қызыл кітапқа» енген жыңғыл тұқымдасына жататын өсімдіктері бар жерді қазуға болмайтынын ескересіздер. «Лицензиямыз бар немесе рұқсат қағазымыз бар» дегенді айтпайсыздар. Айтады екенсіздер, жұмыстарыңызды тоқтатамыз. Бұл – бір. 
Екіншіден, ауыр жүк көліктері бұдан былай асфальтпен жүрмейтін болады. Өздеріне арналған жол бар. Егер де асфальтпен кетіп бара жатқан ауыр жүк көлігін байқап қалатын болсақ, сіздерге хабарлаймыз. Оларға тас артып бермейсіздер. Егер де бір ауыр жүк көлігінің ақшасына қызығып, тас артатын болсаңыздар, мұндай жағдайда да зауыт жұмысын тоқтатамыз. Өйткені, бұл өзгелерге сабақ болуы үшін керек. Қысқасы, осында жұмысымызды істейміз десеңіздер ауылдың тәртібіне бағынасыздар, – деп оларды тәртіпке шақырдық. 
Өзіңіз ойлаңызшы, жүк көліктері жүргеннен кейін асфальт жолдың тоз-тозы шықпай ма? Олар кәсіптерін дөңгелетіп алғаннан соң кетеді. Ал, мұнда біз және біздің балаларымыз тұрады. Әкімдіктегілерге барғанымызбен шұрық-тесік жолды тез арада кім жамап бере салады? 
«Ватсап» әлеуметтік желісінен чат ашып, оған тұрғындардың бәрін қостық. Сөйтіп,  мұны қатаң қадағалауға алдық. Әрине, зауытта ауыл тұрғындары да еңбек етіп, нәпақаларын тауып отырғандықтан, олардың да жұмысынан айырылып қалмауы үшін кей кезде зауыт басшыларына жұмсақтық танытуға тура келді. Қалай болғанда да жағдайды бір жүйеге түсіру оңайға соқпады. Енді бір басшымен мәмілеге келе бастағанымызда, ол кетіп қалады да, орнына басқасы келеді. Сосын бәрін басынан бастаймыз. 
Кейде экологтар біздің ауылға келсе, өзен бойындағы тастарды қазуға бола ма, болмай ма немесе оның қай жерін қазған дұрыс екенін айтып, көрсетіп берсе деп ойлаймын. Әттеген-айы сол, ондай маман да, орган да жоқ. Сондықтан, тәртіпті өзіміз жолға қойдық.
– Ауыл әкіміне қандай мәселемен кірдің?
– Әкімге автобус сұрап кіргенмін. Қарабастау ауылынан Бадам ауылдық округіне қатынайтын, дәлірегі оқушыларды тасымалдайтын автобустың әбден тозығы жеткен еді. Екі күн жүрсе, үш күн бұзылып тұратын. Мұндай кезде мұғалімдер өздерінің көліктерімен оқушыларды ары-бері таситын. Әкімге кіріп осы жағдайдың бәрін жеткіздім. Ол кісі «болды, қарастырамыз» деп қалған.
Көп ұзамай Бадам ауылдық округі әкімінің есебі болды. Оған аудан әкімі қатысты. Есепте біздің ауылға автобус беріледі делінбеді. Ортаға шығып, әкімнен «мына слайдтарыңызда неге Қарабастау ауылы жоқ? Мен сізге өткен жолы айтып едім ғой» дедім. Сол кезде менің өтінішім қайта қаралып, хаттамаға енгізіліп, біздің ауылға автобус берілетін болған. Бұл туралы аудандық газетке мақала жазылды. Менде ол газет әлі сақтаулы тұр. Жаңалықты естіп, ауыл жұртшылығы да бір марқайып қалған еді. Бірақ, жаңа оқу жылы жақындаған сайын олардың қуанышы су сепкендей басыла бастады. Автобусымыз әлі жоқ. Содан аудан әкімінің орынбасарына бардым. Қарабастауға тиесілі болған автобус басқа ауылға кетіп қалыпты. «Бұл қалай?» деп мәселенің мәнін түсіндіріп беруін өтініп, тиісті органдарға арыз жаздым. Бәрі «газеттегі ақпарат қателесіп жазылып кеткен» деп құтылуға тырысты. Мен түсінер едім, егер де ауылдың аты ғана жазылса, мұндай болуы мүмкін. Алайда, мұнда ауылдың аты да, оқушылар баратын мектеп те толық жазылып тұр ғой. 
31 тамыз күні кешқұрым ауыл тұрғындары жиналып, өзім видео түсіріп, «ютуб» желісіне жүктейтін 
болдым. 
Ертеңіне таңғы сағат 8-де ауыл тұрғындары мен оқушылары айтылған жерге келді. Видео түсіріп, ауылдың үлкендерін сөйлеттім. Сол күні оқушылар сабаққа бұрынғы автобуспен барды. Ауылдан аталмыш білім ұясына 60 бала қатынап оқиды. Видеода автобустың ішін, скотчталған терезелерін көрсеттім. Сенесіз бе, әлгі автобус ертеңіне жүрмеді. Оның орнына «Hyundai Starex» маркалы бірнеше көлік келіп тұрды. Арада 1 ай 3 күн өткенде ауылымызға жаңа автобус бұйырды. Осы оқиғадан кейін ауыл тұрғындары ояна бастады. Өзгерді. Ұйымшыл бола білсек, барлық қиындықты жеңетінімізге көз жеткізгендей болды. Ал, мен талап ете білуді үйрендім. 
– Міне, нәтиже! Жарайсың! 
– Мұнан кейін саясатта жүрген кісілермен араласуға бет бұрдым. Өзімді дамытайын дедім. Мәселелерді шешу барысында адамға ең алдымен мықты ұстаным мен қатал мінез керек екенін ұқтым. Ауылдың кіре берісіне «Қарабастау» деген жазуы бар қақпа орнату керек деп ойладым. Оның бағасы 300-400 мың теңгенің аралығында тұрады екен. Ауылдағылардан қажетті қаржыны жинағаныммен, оны орнатуға тағы сол көлемде ақша қажет еді. Зауыт басшыларына тағы бардым. «Сіздер ауылды көркейтуге атсалысыңыздар. Бізге қақпа істеп беріңіздер. Сырттан келген адамдар қайда, қандай ауылға келгенін біліп жүретін болады»  дедім. Бір ай уақыт бердім. Айтылған мерзімде зауыт басшылары қақпаны орнатып берді. 
Ауылда әлі күнге дейін ауыз су  да, газ да жоқ. Аудан әкімінің өткен жылдың басында берген есебінде биыл жол салынады, ауыз су құбыры тартылады, медициналық нысан тұрғызылады делінген. Арада 6 айдай уақыт өтті. Бірақ, осы шаруалардың бірде-біреуі қолға алынбады. Ауылымыз бәз-баяғысынша қоңыр тіршілік кеше берді. 
Өздеріңіз білесіздер, ауданымыздың әкімі ауысты. Жаңа әкім бадамдықтармен танысуға келгенде оған Қарабастау ауылындағы 
60 түтіннің ортақ мәселесін жеткізген болатынмын. Көп ұзамай әкім халықпен тағы кездесу өткізді. Сонда Бадам ауылдық округінің әкіміне «Руслан қайда? Русланның ауылына барамыз» депті. Сенесіз бе, біздің ауылға ауыл әкімінен басқа ешкім келмеген ғой. Аудан әкімі келгенде тұрғындардың қуанышын сөзбен айтып жеткізе алмаймын.  
2021 жылы ауылдағы жолға асфальт төселді. Қазір ауыз су құбыры тартылып жатыр. Бұл жұмыс та аяқталуға шақ қалды. Келер жылы медициналық пункттің құрылысы басталмақ. Интернет желісі тартылды. Ұялы телефон байланысы да жақсарды. Бұрын бір-бірін ысқырып табатын жастардың қолында бүгінде бір-бір смартфон. Тұрғындарға үйден шықпай төлем жасауға, қашықтықтан қосымша білім, электронды қызметтер алуға мүмкіндік туды. Меніңше, ауылда жылда бір алға жылжу, өзгеріс болуы керек. Сонда ауылдан жастар кетпейді. 
– Неге бұлай дедің? 
– Өйткені, күн өткен сайын ауылда тонның ішкі бауындай болып топтасып жүретін жастардың қатары сиреп барады. Бәрі қалаға қарай ұмтылуда. Көпшілігінің оқуларын бітіргеннен кейін туған жерге қайта оралғысы келмейді. Қарашаңырақтарда қалып бара жатқан қарттарды көргенде терең ойға батамын. Балаларын үйлендіргеннен кейін амалсыздан қалаға жібереді. Мұнда жұмыс тапшы. Бір себебі осы. Екіншіден, ауыз су, газ жоқ. Адамның жайлы өмір сүруі үшін бұлардың бәрі де қажет дүние. Құдайға шүкір дейік, соңғы бір-екі жылда ауылымыз ақырындап болса да даму жолына түсті. Енді бәрі реттелетін шығар. Алда әлі талай атқарылар жоспарларымыз бар. 
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңе рахмет! Тек қана алға! Ауылымыз да, қаламыз да өзіңдей жастардың күшімен көркейе берсін! 

Сұхбаттасқан Дилара БИМЕНОВА,
«Ońtústik Qazaqstan».

2 пікір

  • СЕРЫК С
    СЕРЫК С

    БИЛЫК ҚОЛЫНА ЖЕТКЕСЫН БАРЫ УМЫТАДЫ ХАЛЫКТЫ ХАЛҚЫМ ДЕП КОТЕРЫЛЫП АЛАДЫ КЕЙІН ҚАЛАДЫ ХАЛЫҚ

  • Битореев Өмірбай Абдурович
    Битореев Өмірбай Абдурович

    Осы бетінен өзгермесе әлі талай белесті бағындырары сөзсіз .Ақ-жол бауырым .

Пікір қалдырыңыз