Жаңа бағдарламаларда қандай жеңілдік бар?

Аман ЖАЙЫМБЕТОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Иә, үйі жоқтың күйі жоқ. Бар тапқанын пәтерақысына төлеп, өлместің күйін кешіп жүрген отбасылардың жер алып, үй салып алуға қайбір жағдайы болсын, олардың бар үміті мемлекет тарапынан берілетін баспанада. Бірақ, кезекпен берілетін тұрғын үйдің де өзіне тән машақаты бар. Баспаналы болуға қандай бағдарлама тиімді екенін білмегендіктен де кейде адамдар иегінің астында тұрған несібеден қағылып жатады. Сол себепті біз бұл саладағы соңғы жаңалықтармен бөлісіп отырмыз. 

Бұрын белгілі бір санат бойынша берілетін жеңілдіктер енді басқа адамдарға да қолжетімді болмақ. Яғни енді кез келген азамат баспана кезегіне тұрып, 5 пайыздық несиемен пәтер ала алады. 
Үкіметтің тұрғын үй саясатын реформалау жөніндегі жаңа заң жобасында көрсетілгендей, елімізде енді мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлерімен бірге жекеменшік кәсіпорындарда қызмет ететін азаматтар да баспана алуға кезекке тұра алады. Ол үшін он жыл бойы өз атында үйі болмауы керек.
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, елімізде жарты миллионға жуық адам баспанаға мұқтаж. Олардың басым бөлігін әлеуметтік осал топтағы адамдар мен оқуын жаңа бітірген жас мамандар құрайды. Мәжіліс қарауына ұсынылған жоба депутаттар тарапынан қолдау тапса, қоғамның осы топтағы өкілдеріне баспанаға қол жеткізу оңай болмақ. 
Елімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқанына қарамастан, әлі де баспанаға мұқтаждық мәселесі толыққанды шешімін табар емес. Тіпті жыл өткен сайын баға да шарықтап барады. Сарапшылардың айтуынша, бұған сұраныстың артуынан бөлек басқа да себептер бар. Біріншіден, адамдар ақшасын жылжымайтын мүлік сатып алу арқылы сақтап қалуға ұмтылса, екіншіден, пәтерін жалға беру арқылы табыс тауып отырғандар да аз емес. Үшіншіден, өткен жылдың соңына таман қолға алынған зейнетақы жиынтығының бір бөлігін алуға жасалған мүмкіндік те бұл саладағы өзгерістерге өз әсерін тигізбей қоймады. Міне, осындай факторлардың әсерінен баспанаға сұраныс артып тұр. Егер жоғарыда айтқан жеңілдік қолға алынса, көптеген адамның арзандатылған баспанаға қол жеткізіп, ол тұрғын үй нарқының төмендеуіне әсер етуі мүмкін бе? Мамандар мұндай жағдайда тұрғын үй бағасының өсу қарқыны баяулауы мүмкін, алайда, оның арзандауы мүмкін емес екенін айтады. Себебі елдегі инфляция бағаның төмендеуіне мүмкіндік бермейді. «Елдегі қымбатшылыққа байланысты адамдар қолдарындағы бар ақшасын үнемдеуге көшеді. Сол себепті де тұрғын үйге сұраныс қатты жоғары болмайды. Бұл тұрғын үй бағасының өсу қарқынының баяулауына әсер етуі мүмкін, бірақ теңге инфляциясын көріп отырғаннан қалың ел бір жыл бұрынғы бағаға қайтып келуі мүмкін емес» дейді тұрғын үй нарығын көптен бері зерттеп жүрған сарапшы мамандардың бірі Айбар Олжай. 
Соңғы бір жылда пәтерлер біршама қымбаттағанын статистикалық деректер де жоққа шығармайды. Айталық, қолданыстағы пәтерлерді қайта сату бағасы 25,9 пайызға, жаңа тұрғын үйлердің бағасы 17,7 пайызға көтерілгені байқалады. 
Орта есеппен елімізде жыл сайын жиырма миллион шаршы метр үй салынады екен. Бірақ, сарапшылардың айтуынша, мұның өзі бағаның арзандауына әсер ете алмайды. «Иә, өткен екі жылда 17-18 миллион шаршы метр тұрғын үй салынған болса, демек, 20 миллиондық межені орындау да қиын емес. Бірақ, осы 17-18 миллион шаршы метрдің негізгі бөлігін жекелеген азаматтардың өздері салады. Сондықтан оның нарыққа қатты әсері болмауы мүмкін. Сол себепті 20 миллион шаршы метр үй салу азаматтардың сұранысын қанағаттандырып, бағаның төмендеуіне мүмкіндік бермейді. Мемлекеттің алдына қойып отырған мақсатын орындауы мүмкін, бірақ, үкімет бүкіл азаматтың тұрғын үй мәселесін өз мойнына ала алмайды» дейді А.Олжай.
Оның сөзінше, мемлекеттің саясаты көп жағдайда әлеуметтік әлсіз топтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған.
«Мемлекеттің тұрғын үй саясатына қарасаңыз, әлеуметтік әлсіз топтарға жұмыс істейтін шаралар қабылданған. Оларға ипотеканы төмен мөлшерлемемен береді. Ал, қалған азаматтар өз жағдайларын өздері жасауы тиіс. Мемлекет барлық азаматтың тұрғын үй проблемасын шешіп бере алмайды. Сол себепті де баға төмендей қоймайды» дейді ол.
Қалай айтқанда да, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынып жатқан жұмыстар жоқ емес. Соның бірі жоғарыда айтқан жалпыға бірдей бес пайыздық жеңілдік болса, тағы бірі – жаңа ипотекалық бағдарлама. Оның шарттары қандай екеніне де қысқаша тоқтала кетейік. ҚР Индустрия және инфроқұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, ұсынылып отырған ипотекалық бағдарламаның жылдық мөлшерлемесі 11,5 пайыз көлемінде бекітілмек. Аталған бағдарлама арқылы баспана алатын азамат 20 пайыз алғашқы жарна төлеуі тиіс. «Астана және Алматы қалаларында тұрғын үй сатып алу кезінде субсидиялауға жататын ипотекалық тұрғын үй қарызының ең жоғары сомасы 35 миллион теңгеге дейін бекітіледі. Ал, Ақтау, Атырау және Шымкент қалаларында – 25 миллион, Қарағанды қаласында – 20 миллион және басқа өңірлерде 15 миллион теңгеге дейін қаражат ұсынылады» делінген ресми мәлімдемеде. Тағы бір айта кететін жайт, қаржы мемлекеттік органдарда тіркелген, лицензиясы бар екінші деңгейлі банктер арқылы беріледі. Мұндағы тағы бір ерекшелік, ипотека мерзімі бұрынғыдай жиырма жыл емес, ең ұзақ мерзімі 10 жыл болып бекітілген. 
Біздің елдегі орташа табыспен он жылда баспанаға қол жеткізуге болады екен. Бірақ, кейде арадағы түрлі жағдайлар адамдардың сол арманына қол жеткізуіне кедергі болып жатады. Оның бірі бағаның тұрақсыздығы болса, тағы бірі тиыннан теңге құрап жиған ақшаңызды сақтандыру жағында да шалағайлық көп. Сол себепті тұрғын үй сатып алу келісімшартын жасасқанда оның заңдылығына толық көз жеткізіп алған жөн. Яғни үлескерлер қаржысын қабылдауға қаншалықты құқылы екенін анықтаңыз. 
Пікір қалдырыңыз