«Жұлдызды» құрамның соңғы жорығы немесе Бельгияның қауқары қай жерге дейін жетеді?

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Катарда өтетін әлем чемпионатына қатысушы құрамаларды таныстыруды жалғастырамыз. Бүгін «Е» және «F» тобының командалары туралы әңгіме болмақ. Мұнда да әлем чемпионатын жеңіп алу мүмкіндігі бар құрамалар топтасқан. 
«Е» тобы. Сіз футбол қарайсыз ба, Энрике мырза?
«Е» тобына үңілсеңіз, плей-офф кезеңіне кімнің шығатыны күні бұрын белгілі сияқты. Себебі, мұнда топтың ғана емес, чемпионаттың басты фавориттері Германия мен Испания құрамасы бар. Оларға Жапония мен Коста-Рика құрамалары серік болады. 
Жанкүйерлер де, спорт мамандары да «кім чемпион болуы мүмкін?» деген сауалға келгенде әңгімені Франция, Бразилия, Аргентинадан бастайтыны рас. Алайда, Германия да, Испания да қаражаяу команда емес екенін ұмытпаған абзал. Бұл құраманың ойыншылары әлемнің үздік клубтары сапында доп тебеді. 
Испания құрамасы бұл мундиальге тәжірибесі толысқан орта жастағы футболшыларын алып келді. Десек те... Бас бапкер Луис Энрикенің бірқатар шешімдеріне көпшілік күмәнмен қарағаны рас. Әсіресе, қақпашы таңдауда Энрике бапкер қателесті дейтіндер көп. Оған біз де қосыламыз. Энрике бұл чемпионатқа Унаи Симонды («Атлетик Билбао»), Роберт Санчесті («Брайтон»), Давид Райяны («Брентфорд») апара жатыр. Ал, «Манчестр Юнайтедтің» қақпашысы Давид Де Хеа әлем чемпионатын теледидардан көрмек. Осы тұста Энрике бапкердің футбол қарайтынына, оның ішінде ТОП клубтардың ойынын көретініне күмәндана бастадық. Әйтпесе, кез келген қақпашы жасай алмайтын сейвтерімен көзге түсіп жүрген Давид Де Хеаның құрамаға іліне алмауын басқа ешқалай түсіне алмадық. Тағы бір ТОП клубтың қақпасын күзетіп жүрген Кепа Ариссабалаганың да Испания жейдесін кие алмайтыны жоғарыда атаған күмәнімізді күшейте түсетіндей. «ПСЖ-ның» негізгі құрамында алаңға шығып жүрген Серхио Рамос та құрамаға артықтық етпес еді ғой. Ал, «Ливерпуль» ойынын үйлестіріп жүрген Тиаго Алькантараның Катарға бара алмауын қалай түсінеміз?! Энрике бапкер бізді оқып отырса, кешіріп қойсын, осындай жоғары деңгейлі ойыншыларды әлем чемпионатына ертпеу – мықты бапкерге жарасатын іс емес. Осыған дейін Испания құрамасының бұл әлем чемпионатын жеңу мүмкіндігі жоғары бағаланып келген. Алайда, Дохаға аттанған құрамы мундиальдің алтын кубогын Мадридке алып қайтады дегенге сену қиын. 
Оның қасында соңғы жылдары ала-құла ойнап жүрсе де Германия құрамасының мүмкіндігі көптеу сияқты. Қақпашы таңдауда Ханс Дитер Фликтің бас ауыртар проблемасы жоқ. Нойер, Тер Штеген, Трапп, бәрі де өз командасын өрге сүйреп жүрген қақпашылар. Қорғаныста Рюдигер мен Зюле біріксе, алынбас қамал болатынын Флик бапкер біледі. Орталық шептегі Иозуа Киммихтің аяғындағы доптан соңғы рет қашан айырылып қалғаны ешкімнің есінде жоқ. Доп көрсе, тас кенеше жабысып алатын Киммихке клубтасы Горетцка көмектеседі. Германияның шабуылдағы ойыны Серж Гнабридің көңіл-күйіне байланысты болатын сияқты. Себебі, негізгі құрамның орталық шабуылшысы Тимо Вернер бұл чемпионатқа келе алмады. Есесіне шабуылдағы өзге ойыншыларға жарқырай көрінетін сәт туды. Мәселен, 19 жасар Жамал Мусиала осы чемпионаттың үздік жас ойыншысы атануы мүмкін. Осы маусымның өзінде Мусиала «Бавария» сапында он шақты гол салып тастады. 
Бұл топтағы өзге екі құрама жөнінде ауыз толтырып айтарлықтай ештеңе жоқ. Жапония құрамасының ойыншылары Еуропаның ортаңқол командаларында доп тебеді. Атап өтуге тұрарлық ойыншы – Минамино. Былтыр «Ливерпуль» сапында доп тепкен футболшы, биылдан бастап «Монако» құрамында жүр. Одан бөлек «Арсенал» қорғаушысы Томиясуды айтуға болады. 
Ал, Коста-Рика құрамына үңілсек, Еуропада доп тебетін футболшыны кезіктіру қиын. Тек «ПСЖ» қақпашысы Кейлор Навасты айтуға болар еді, бірақ, оның өзі франциялық клубтың негізгі ойыншысы емес. Бұл құраманың футболшылары өз елінің чемпионатында, АҚШ, Мексика лигаларында өнер көрсетеді. 
«F» тобы. Енді мұндай құрам бола ма, болмай ма?
Соңғы 10 жылда Бельгия футболы қарыштап дамыды. ФИФА рейтингісінде бұл құрама біраз уақыт бойы көз тізгінін ешкімге берген жоқ. Ірі турнирлерде жеңіске жетпесе де, әлем үздіктері қатарынан көрініп жүрді. Оның бәрі осыдан 20 жылдай бұрын басталған елдегі футбол реформасының арқасы. Осы уақыт ішінде әлем мойындаған талантты футболшылар шоғыры пайда болды. Эден Азар, Ромелу Лукаку, Кевин де Брюйне, Тибо Куртуа сынды «жұлдызды» ойыншылар Еуропаның маңдайалды клубтарында доп тепті. Бұл мундиаль сол «жұлдызды» құрамның чемпион атануына соңғы мүмкіндік болуы ықтимал. Себебі, бұл футболшылардың да жасы біразға келді. Бірақ... қазіргі Бельгия осыдан 4 жыл бұрынғы Бельгиядан мықты еместей көрінеді. Өткен әлем чемпионатында олар қола жүлдеге әрең қанағаттанған. Биылғы әлем чемпионатына да Роберто Мартинес сол футболшыларды әкелді дегенімізбен, ағайынды Азарлардың, Лукакудың өз клубтарында жарытып ойнап жүргені шамалы. Ал, Алдервейрелд пен Вертонгенді кәрілік дейтін ит қаба бастады. 2018 жылғы мықты құрамнан Кевин де Брюйне мен Тибо Куртуа ғана деңгейлерін сақтап қалды десек болатындай. Олардың ізін ала жас футболшылар да өсіп келеді. Алайда, ол футболшылардың 2018 жылғы Бельгия жеткен жетістікке жете аларына сену қиындау. Енді Бельгия үшін мұндай мықты құрамның болар-болмасы белгісіз.
Бұл топта «қызыл сойқандардан» бөлек шахмат жейделі Хорватия құрамасы бар. 2018 жылғы әлем чемпионатындағы «Хорватия ертегісі» ешкімнің есінен шықпаған болар?! Олар нағыз сенсацияны жасап, финалға дейін жеткен. Финалда Франция құрамасына төтеп беруге деңгейлері де, әл-дәрмені де жетпеді. Қартаймайтын Модрич ұлттық құрамасын тағы бір рет, бұл жолы соңғы рет өрге сүйреп көрмек. Оған тәжірибелі Брозович, Перишич, Ковашич, Ловрен көмектеседі. 
«Ғ» тобында Бельгия құрамасының плей-офф кезеңіне қиналмай шығары анық сияқты. Ал, екінші жолдамаға кімнің ие болуы мүмкін деген сұрақтың басы ашық қалуда. Өйткені, Хорватия құрамасына Канада мен Марокко әжептәуір қиындық туғызуы мүмкін. Бұл құрамалардың бұған дейінгі әлем чемпионатында айтарлықтай нәтижелері болмағанымен, соңғы жылдары бұл елдердің футболында даму байқалады. Канада құрамасында Еуропаның белді клубтары «құда түсіп» жүрген Дэвид есімді шабуылшы бар. Ал, «Бавария» құрамасының қорғаушысы Дэвис Еуропаның ең жылдам жүгіретін футболшысы екенін ұмытпаған шығарсыздар. Айтпақшы, Альфонсо Дэвис бұл чемпионатқа шабуылшы ретінде тіркеліпті. Германия чемпионатында қапталдағы қорғаушы ретінде ойнайтын футболшының шабуылдағы әлеуеті де нашар емес-тін.
Марокко құрамасын қалпақпен ұрып аламыз дегендер қателеседі. «ПСЖ» қорғаушысы Ашраф Хакими, «Бавария» қорғаушысы Нуссайр Мазрауи, «Севилья» қақпашысы Яссин Боно, «Челси» шабуылшысы Хаким Зиеш Марокко құрамасын осы мундиальге бастап келіп отыр. Одан бөлек «Фиорентина» ойыншысы Софьян Амрабат пен «Севилья» шабуылшысы Юсеф эн-Несириге назар аударуға болады.
Пікір қалдырыңыз