Жеңілісімізді төрешілерден көріп болмадық па?!

Ерболат Айнабеков, «Ońtústik Qazaqstan».

Иордания астанасы Аммандағы бокстан Азия чемпионаты да мәреге жетті. Токиодағы сәтсіздіктен кейін біздің боксшылардың жарқын жеңісін көреміз деген үмітіміз ақталмады. Ақтық сынға 9 боксшымыз шыққанымен, олардың алтауы бірдей сүрінді.

Сонымен, ерлер құрамасы 3 алтын, 6 күміс, 3 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте Өзбекстан құрамасынан кейінгі екінші орынға жайғасты. Медаль саны жағынан өзге құрамалардан озық болғанымызбен, чемпиондардың саны жағынан көршілеріміз алдымызды орап кетті. 
Турнирді қорытындылаған ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов жарыс төрешілеріне қатысты пікір білдіріпті.  «Біздің құрамадағы жігіттерге төрешілер тарапынан қысым жасалғанын айтуымыз керек. Әсіресе, ақтық сындағы жекпе-жектерде бұра тарту болды. Кәсіпқой спорт маманы ретінде айтар болсам, Сәкен Бибосынов та, Махмұд Сабырхан да, Серік Теміржанов та финалда жеңілген жоқ. Төрешілер қысастық жасап, жеңісті қарсыластарына алып берді» дейді Қайрат Сәтжанов. 
Алайда, көпшілік жанкүйерлердің пікірлерінше, бұл Азия чемпионатында соншалықты өрескел әділетсіздіктер орын ала қойған жоқ. Керісінше, біздің боксшылардың көзінен жеңіске деген жігерді байқай алмадық...
Азия ойындарының кейінге қалуы «сары құрлық» боксшыларының дайындығына да әсер еткен болуы керек. Бірақ, соның арқасында азиялық құрамалардың деңгейін көріп алуға да мүмкіндік туды.
Жалпыкомандалық есепте біздің жігіттер Өзбекстан боксшыларын алға жіберіп алды. Жалпы оңтүстіктегі көршілеріміздің алдында болу басты мақсат па? Әрине, Өзбекстан мен Қазақстан боксшылары арасындағы бәсекелестік қай заманнан бері бар. Мойындауымыз керек, соңғы жылдары өзбек боксы біздің боксты қайда, артқа тастап кетті. Оған осыған дейінгі әлем чемпионаттарын, Олимпиада ойындарын тамашалаған жанкүйерлер оп-оңай көз жеткізе алады. 
Дәл осы Азия чемпионаты құрлықта ғана емес, әлемде де қазақ боксының үстемдігі жоғалмағанын дәлелдеуге мүмкіндік берген. Оның үстіне басты қарсыласымыз Өзбекстан құрамасы бұл чемпионатқа былтыр ғана жастар арасындағы турнирлерде бақ сынап жүрген жас боксшыларды алып келген-ді. Ересектер арасындағы жарыстарға енді араласып жүрген сол боксшылар Азия чемпионатының ең биік тұғырынан көрінді. 
Бұл жетістігімен оңтүстіктегі көршімізді құттықтауға болады. Шындығында олар біздің құрамадан басым болды. Жоқ, біздің бокс мықтырақ деп пікірімізге қарсы шығатын жандар табылуы мүмкін. Одан не ұттық? Біздің бокстың мықтырақ екенін қай боксшымыз дәлелдеді?
Ең ауыр салмақта өзбекстандық Баходир Жалоловтың кәсіпқой боксқа ауысуы Қамшыбек Қоңқабаевтың бағын ашады деп үміттенгенбіз. Себебі, Қамшыбек осыған дейін Азия чемпионатының финалында 2 рет жеңілген. Осы жолы қызылордалық боксшының алтын аларына 100 пайыз сенімді едік. Алайда,  Баходир Жалоловтың  ізбасары Лазизбек Муллажонов Қамшыбектің аптығын тез басып тастады. Бұл жерде төрешілерді не деп кінәларсың?! 
Ал, біздің федерация басшылары, бапкерлер төрешілерді, АИБА-ны кінәлап әлек. Бізге біреуді кінәлағанша нақты іспен айналысу керектігін осы Азия чемпионаты дәлелдеп берді ғой. Ұлттық құрамаға ғана емес, бокс федерациясына түбегейлі өзгерістер қажет. Сөздің емес, істің адамдары керек. Иордания, Филиппин, Тайланд боксшыларына ойсырай ұтылып жатсақ, әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарына қатысудың да керегі жоқ шығар?! Әлем чемпионаты демекші, ендігі дода Ташкентте өтеді. Өзбекстан өз жерінде сізге алтын берсе, сол кезде айтарсыз. Бермейді. Не үшін беру керек? Үшінші раундта сілеңіз қатып қалғаны үшін бере ме? Осы уақытқа дейін төрешілерді кінәлап болдық. Қалай болғанда да қазіргі қазақ боксының проблемасына тік қарауымыз керек. Сонда ғана проблеманың нақты шешімін табуға болатын шығар...
Пікір қалдырыңыз