Ислам Жеменей, ғалым: «Әзірге біз «өліктің кебінін» киген жоқпыз»

Иранда еркін өcтік

– Армысыз, Ислам аға! Алдымен кеш те болса, оқырмандарымыздың атынан 70 жылдық мерейтойыңызбен құттықтауға рұқсат етіңіз. Сол жетпіс жылдың 32 жылы бойында елімізде ғалым ретінде де, қоғам қайраткері ретінде де жемісті еңбек етіп келесіз. Осы жерде өміріңіздің бастауын тағы бір шолып өтсек артық болмас деп ойлаймын.
– Біздің аталарымыз Иранға отызыншы жылдардағы ашаршылықта тап болыпты. Содан бері ондағы қазақтар диаспора ретінде өмір сүріп келеді. Ал, диаспораның түрі көп. 
Біріншіден, ондағы қазақтардың күн көруі мен білім алуынан бастап дамуына дейінгі мәселенің бәрі сол тап болған елінің қай жүйедегі ел екеніне, сол елдің саяси құрылымы мен экономикасына тікелей қатысты. Өзбекстан, Тәжікстан немесе Түркіменстан секілді кеңестік республикалар мен Моңғолия, Қытайдағы жағдайды Иран, Ауған, Түркия секілді нарықтық экономика, батыстық жүйедегі елдердегі жағдаймен  салыстыруға мүлдем келмейді. Иранға барған аталарымыздың ширек ғасырға жуық өмірі тек күн көрумен, азаматтық алумен өтті, басқаға мойын бұруға ешқандай мұршалары болмады. Ол кезеңнен өткеннен кейін аталарымыздың алдында қайтсек қазақы болмысты сақтап қаламыз деген мәселе тұрды. Сол үшін олар әр отбасында қазақ  тілінде ғана сөйлесуді өте қатаң ұстанды. Басқа тілде сөйлесуге ешкімнің құқы болған жоқ. Соның арқасында Ирандағы қазақтар қазақы әдеби тілді білмесе де, арасында кейде парсыша сөз араластырып жіберіп отырса да, басқа елдегі, оның ішінде Қазақстандағы қазақтармен сөйлесе алудың алғышарттарын жасап алды. 
Екіншіден, салт-дәстүр, әдет-ғұрып та қатаң сақталды. Тойларда, кештерде (олар бір сөзбен «ойын» аталады) Қожаназар, Зайыр, Темірбай, Қайырбай, Жаңбыр сияқты жыршыларымыздан Маңғыстау түбегінде жиі айтылатын жырларды бала кезімізден құлағымызға құйып өстік. 
Үшіншіден, аталарымыз «біз осы жерде өмірден өтсек те, сендер ертелі-кеш елге, Отанға ораласыңдар, сондықтан діліңді, тіліңді, дініңді жоғалтпа, оны жоғалтсаң ертең елге барғанда жұртпен қалай араласасың, оларға «мен – қазақпын!» деп қалай айтасың?» деумен болды.
Төртіншіден, тарыдай шашылған қазақты біріктіретін бір ғана нәрсе бар – ол біздің қазақтығымыз. Сіз өзіңіздің ата-тегіңізді, руыңызды біліңіз, құда боларда ру сұрасамыз ғой, бірақ, қазақ екеніңізді ұмытпаңыз. «Қазақ» деген сөз біз үшін қасиетті ұғымға, киеге айналды. Мысалы, бір бала тәртіпсіздік, бұзақылық жасап қойса, оған: «балам,  сен қазақсың, ал, қазаққа мұндай нәрсе жараспайды, ол қазақтың болмысына жат нәрсе» деп құлағымызға құйып, санамызға сіңіріп тастады...
Бесіншіден, аталарымыз ұлттық киім киіп жүруді де естен шығарған жоқ. Өзіңіз білесіз, қазақ ашық-шашық жүрмейді және түрлі-түсті, қызылды-жасылды, әсем безендірілген киімді жақсы көреді.
– Сосын ғой, революцияға дейін қазақ жеріне келген еуропалық саяхатшылардың «қазақтар Азияның француздары екен» деп баға беріп жүргені...
– Қыздар оюлы, үкілі әсем тақия, бөрік, қарқара киіп, келіншектер гүлді орамал тартып, сәбилі болғаннан кейін оны ақ жаулықпен алмастыратын еді. Немерелі болғанда ақ жаулықтың орнына кимешек киетін. Бас киімсіз, шашын жаппай жүрмейтін. Бүгінгі хиджап деп жүргеніміз сол. Хиджаптың өзі «жамылғы» дегенді білдіреді. Бірақ, шашыңды жабу үшін араптың немесе басқаның қара орамалын жабу мақсат емес қой. Мысалы, 1979 жылы Иранда аятолла Хомейни басқарған ислам революциясы жеңіске жетіп, патшалық, шахтық режим құлаған соң, 1980 жылы парсы елінің әйелдері ислам тәртібіне сәйкес бәрі басына өздерінің ұлттық қара орамалын тартты. Сонда біздің қазақтың әйелдері оған қарсылық білдірді, «біз қара жамыла алмаймыз, өзіміздің ұлттық бас киімдеріміз бар, басқаны емес, тек соларды киеміз, ұнатпасаңыздар  елден шығарып жіберіңіздер!» деді.
– Міне, нағыз намысты қазақы болмыс! Неге олар күйеуі аман-есен қасында жүрген кезде қара жамылып, жамандық шақыруы тиіс?..
– Иран өкіметі олардың талабына көнді. Содан бері 42 жыл өтсе де, бұл дәстүрдің қаймағы бұзылған жоқ, әлі сақталып келеді.
– Ал, өкіметі халқын бетімен жіберген Қазақ мемлекетінің өзінде басынан аяғына дейін қара жамылған қазақ әйелдерінің саны күннен-күнге көбейіп келеді. Енді тек жылтырап тышқан сияқты екі көзі ғана көрінетін «никап» деген пәле пайда болыпты, әуейі қазақ соны да киіп жүр...
– Иранда қазақ әйелі барлық жиын-тойда, ойында ғана емес, күндегі тіршілікте де өздерінің ұлттық киімдерін киіп жүреді. Оны интернеттен өзіңіз де көре аласыз. Одан да  басқа ұлттық мәселелер бар, оларды тағы бірде реті келер, сонда сөз етерміз.
– Бүгін істеуге болатын істі несіне кейінге қалдырамыз, айта беріңіз. Оның үстіне бұл өзі бүгінгі еліміздегі тамырынан ажырап бара жатқан ұрпаққа ой саларлық, өнегелі әңгіме болып отыр.
– Мен Қазақстанға 1990 жылы біржола кеттім бе, соған дейін «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген салт сақталатын, Иранда әйелдер көшедегі ер адамның алдын кесіп өтпейтін, оны өткізіп жіберіп барып, өз жолын жалғастыратын. Жасы кіші ерлер жасы үлкендерге бұрылып келіп, жиында жолыққанда олардың алдына арнайы барып сәлем беретін. Бұл дәстүрлер бүгінге дейін жалғасып келеді.
Тағы бір дәстүр – «ақсақалдар институты» болатын. Елдегі бұл ұйымның төрағасы менің әкем Ақмұрат қажы еді. Әкем 2004 жылы қайтыс болғанда елдегі қазақтың үлкендері «енді біздегі ақсақалдық дәстүр үзілді десек болады» десті... Иранда қазақтар үш қаланың: Бендер-Түрікмен, Горган, Гүмбез Кавус қалаларының айналасында, екі ауылдан алты ауыл болып тұрып келеді. Солардың бәрі Ақмұрат әжінің адалдығын, азаматтығын сыйлайтын.
Ирандағы қазақ жетпісінші жылдары есін жиды ғой. Сексенінші жылдары қазақтың тойына жақсы машина мініп келетін жігіттер көбейді. Бір жақсы жері, біз ол жақта еркін өстік. Ешкім бізді қудалаған, қысым жасаған жоқ. Иранның бүгінгі ең атақты тарихшысы Парвиз Раджаби 1988 жылы Иран қазақтары туралы «Кешегі қонақтар, бүгінгі қонақ иесі» деген мақала жазды. Сексенінші жылдардың басында мен, Ақберді, Нияз Тобыз, Ағали, Аяз, Жамал, Шапур, т.б. жігіттер бастап, қазақтың мәдени қоғамын аштық. Қазақтың киноларын, күйтабақтарын алдырдық, оларды кеңінен насихаттадық. 1980-90 жылдары біз өте белсенді болдық. Нияз Тобыш екеуміз қазақ тілін үйрету оқулығын жаздық. Менің Иран университеттерінде оқыған лекцияларым бойынша қазақтың салт-дәстүрлері туралы жарты сағаттық «Арай» атты деректі фильм түсірілді
Бірақ, сол 1980-1990 жылдар арасында қазаққа әсер еткен үш оқиға орын алды. Оның біріншісі – 1979 жылғы атақты Ислам революциясы. Екіншісі – 1980-1988 жылдардағы Ирак–Иран соғысы. Ол Иран экономикасын дағдарысқа ұшыратты. Ал, оның салдары қазаққа да тиді. Үшіншісі – 1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздік алуы. Иран қазағы сол кезде екіге бөлінді. Біреулері – Қазақстанға көшу керек дегендер, біреулері – оған қарсылар. 
– Көшуге қалай қарсы болуға болады?.. Туған жерге оралуды армандап, аңсап жүрген жоқ па еді бәрі?
– Олар коммунистік саясаттан қорыққандар-тұғын... Ел пікірінде осындай қарама-қайшылық пайда болды. Менің әкем, Ақмұрат қажы өте жомарт, ойшыл, көпшіл, сосын сөзге өте шешен адам еді. Сол кездегі Президент Назарбаевтан бастап Қазақстаннан барған Еңбек министрі Саят Бейсебаев секілді ірі шенеуніктердің көпшілігі біздің әкемізбен ақылдасты. Саяттың бірде маған «кедергінің бәрін ақылмен, тәртіппен шешіп отырған Ақаң болмағанда Ирандағы қазақ көші де болмас еді» дегені бар. Әкем 80 жасында қайтыс болғанда оның Шарғи Көрпе, Өтеміс Құнанорыс секілді ел ағалары, жасы үлкен екі замандасы үйге келіп жылады.  Мен «әкем жасы жетіп, бала-шаға, немере-шөберелерінің алдында кетті ғой, сіздер неге жылайсыздар?» дегенімде, «жұма намаздан шыққанда Ақаңды алдымызға салып қай үйге барсақ та есік ашық, дастарқан жаюлы, тамақ асулы еді, енді ондай абырой-беделі асқақ адам қайда бізге? Ел кімнен, қандай адамнан айрылғанын әлі түсінбей отыр! Біз жетім қалдық қой» деді... Әкемді жерлегенде тек қазақтар ғана емес, жергілікті жұрттың бәрі келді, қазақтан бірнеше есе көп келді.
– Олай болса әкеңіз, осындай абыройлы адам, мұндағы елдің көшбасшысы ретінде өзінің мұрагерін ұзақ өмірінде күні бұрын неге дайындап кетпеген?
– Бәрекелді, өте әдемі мәселені көтердіңіз. Оған себеп – жоғарыда аталған үш оқиғаның  салдары. 1993 жылы елге алдымен ауған қазақтарының, сосын 1995 жылы біздің көшіміз жол тартты. Арманымыз – түптің түбінде елге оралу ғой. Шамасы келгені Алматыға, келмегені –  Маңғыстауға. Сол кезде, жоғарыда айтылған үшінші оқиғадан екі мәселе туындады.
Біріншісі, Иранда сіздің еңбек өтіліңіз 30 жылға толды ма, жасыңыз қаншада болса да автоматты түрде зейнеткерлікке шығарыласыз. Мысалы, мектептен кейін, 18 жасыңызда екі жылдық әскери борышыңызды өтеуге аттанасыз. Ол мерзім сіздің қызметтік өтіліңізге кіреді. Одан келіп оқуға түссеңіз, ондағы уақытыңыз да сондай. Сонымен 48 жасқа келгенде сіз зейнеткер атанасыз. Ал, ол елдегі зейнетақы көлемі әркімнің қызметіне қарай мың доллардан үш мың долларға дейін. Қазақстанға келсе, білесіз, зейнетақының қанша екендігін...
Екінші мәселе – тілдің жағдайы. Келіп жұмыс істеуге – Қазақстанда барлық іс қағазы орыс тілінде. Осы нәрсе бүгінге дейін көшті баяулатып отыр.
Айта кетерлік бір ерекшелік – Иран қазақтарының сауаттылығы. Оны мүмкін еткен аталарымыздың ақылы, «қазақ болып қалу үшін оқыңдар, оқымасаңдар өз құқықтарыңды қорғай алмайсыңдар, біз сияқты болып қаласыңдар» деген қатаң талабы болды. Мен, Мұхаммед Ескелді және т.б. бастаған жоғары білім алу үрдісі жалғасып келеді. Қай салада болсын, көзі ашық қазақ жастары өте көп. Бізде оқу бірінші орында, сауда екінші орында болды. Ақтауға көшіп келгендердің бәрі қиналмай жұмысқа орналасып жатыр.  
Мен «Иран қазақтары» деген екі кітап жазғанмын. Қазір «Иран қазақтарының бүгіні мен өткені» деген кітап жазып жатырмын. Елге оралған бауырларымыз мұнда қандай жетістікке жетті? Ирандағы жетістігіміз қандай? Осы екеуін салыстырып қарастырамын. Бұл өте маңызды мәселе. 
– Иранда қандай тіл оқытылады?
– Онда үш тіл – парсы, араб және ағылшын тілі оқытылады. Алты жылдық бастауыш мектепте білім тек парсы тілінде беріледі. Үш жылдық орта мектепке көшкенде араб тілі қосылады. Одан кейінгі үш жылдық салалық мектепке келгенде ағылшын тілі қосылады. Он екінші сыныпта университетке дайындық оқытылады. Он екі жылдықты бітірмесеңіз университетке түсе алмайсыз. Университетке түсерде парсы мен ағылшын тілдерінен тест тапсыру міндетті болғандықтан, талапкерлер мектеп қабырғасында оқып жүргеннің өзінде-ақ, ақылы курстарға барып білімдерін шыңдай түседі. 
Тағы бір айтарым, Иранның оқу орындарында, мектептен бастап жоғары білім ордаларына дейін, пара алу, пара беру атымен жоқ. Өйткені, халықтың қоғамдық санасы әрі білім жүйесінің жасаған механизмі оған жол бермейді. Осыған орай, ұстаз атаулы қоғамда айрықша құрметке ие. Сондай-ақ, парсы әдебиеті мен Иран тарихы пәні барлық салаларда оқытылуы міндетті.
– Қазақ жастарының қаншасы, шамамен, жоғары білімді?
– Жартысынан астамы деуге болады. Горганда Қазақстанның консулдығы бар. Ол жерден қазақ тіліне байланысты көмек алуға болады. Оның үстіне қазір ирандық қазақтардың жартысы Қазақстанда болғандықтан олармен араласады, хабарласады, тіл мәселесі шешілді деуге болады. Ал, біз өзіміз кезінде кириллицадағы қазақ әліппесін 1978 жылы осы жақтан баратын, Ахаңның арабша төте жазуымен шығатын «Біздің Отан» газетінен үйренген едік. Оның алғашқы рет бір бумасын сатып алып үйге келгенім, маңдайыма басып, көкірегіме қысып, ағыл-тегіл жылағаным әлі күнге дейін есімде... 
Сосын «Шалқардан» қазақ музыкасын тыңдайтынбыз.
– Иранда оның толқынын ұстауға бола ма?
– Зорға-зорға. Бірақ, күндіз-түні аңдитынымыз сол ғой!.. «Қыз Жібек» кинофильмі алғаш рет Иранға келгенде Горганнан 400 шақырым Теһранға күніне 40-50 адам барып көретінбіз. Сол адамдардың бәрі біздің үйге келіп жататын. Кинотеатрдың тең жартысын толтырып қазақ отыратын. Кино он күн жүрді, біз де он күн бойы қайта-қайта барумен болдық. Бойымызға қандай рухани күш жинадық десеңізші! Және оны күні-түні талдаудан жалықпайтынбыз. Жалпы, Иранда кино түсіру де, оны талдау да мектептен бастап жақсы жолға қойылған.
Біз аталарымыздың тіл туралы, ұлт туралы аманатын арқалаған алғашқы ұрпақ болдық. Мен 1990 жылдан бері осындамын ғой, содан бері ұлттық құндылықтарға қатысты қаншама кемшілікті көріп келемін және соның бәріне шыдап келемін. Шыдатып келе жатқан – сол Аманат!

Қазақстан секілді елде халықтың кедей тұруы мүмкін емес!
 
– Ендеше, атамекенге қандай аяулы сезім, асқақ арманмен келгеніңіз жайлы, олардың орындалған-орындалмағаны жайлы да еске түсіре кетіңізші..
– Менің әкем Ақмұрат бізге «ой, айналайындар-ай, сендер білмейсіңдер ғой, қазақ деген қандай кең, бауырмал, мейірбан халық!. Оның даласы қандай! Оны білсеңдер сендер қазақ болуға құштар болар едіңдер!» дейтін. Дейтін де тоқтайтын. Қазақтың елін, жерін көруге құштар болып біз қалатынбыз... Армандаймыз, қиялдаймыз. Шетте жүргенде қанша қиындық көрсек те, арқа сүйейтін, аяқ тірейтін кең дала, бауырмал халық құшағын жайып күтіп тұрғандай арқаланып жүретінбіз. Яғни біз, аталарымыздың елге деген махаббат пен аңсар сезімін мойнына аманат етіп алған ұрпақ, өз көзімен көрмеген елдің өз қиялыңдағы ғажайып бір көркем бейнесіне ғашық болып, оның дидарын сағынып, ол арманға жетуді асыға күтіп жүрдік. Ол біздің жүрегімізді жаулап алған, теңдесі жоқ жалғыз ару болды. Бұл ғажап сұлу жарды тек қана жүрек көзімен көруге болатын еді...
Біздің ол кездегі өміріміз ғашықтық пен сағыныштан тұратын. Бұл екеуінің кереметі –  адам ондай кезде арман мен мақсат жолында шаршау дегенді білмейді және өмірге деген белсенділігі, құштарлығы өте жоғары болады. Сондықтан мен сыртта жүргенде де, елге келгеннен кейін де қаншама қиыншылық кездескенмен, оны сезген жоқпын.  Мен Қазақстанға  «еліме еңбек етемін» деп келдім. Пойыздан түскенімде сол кездегі ҚазМУ-дің шығыстану факультетінің деканы Әбсаттар Дербісәлі мен академик Рахманқұл Бердібайдың баласы Азамат вокзалда қарсы алды. Университет ректоры Мейірхан Әбділдин қабылдады. Ол кісі «Ирандағы айлығыңыз қанша еді?» деп сұрады. «2000 доллардың айналасы» дедім. Ректор «біз ондай жалақы төлей алмаймыз ғой» деп қалды... «Аға,  бергеніңіз жетеді, тіпті, бермей-ақ қойсаңыз да болады, мен әскери міндетімді өтедім деп есептеймін». Мейірхан аға орнынан тұрып келіп, мені құшақтады. «Жұмыс істеуіңе бар жағдайды жасаймыз!» деді де №15 жатақханадан теледидар, тоңазытқышы бар екі бөлме берді... 
– Мейірхан аға біртуар ғажап адам еді ғой. Қызметіне сайлану арқылы келген алғашқы ректор-тұғын. Екі жылдан соң «бұл менің қолым емес екен» деп өз еркімен кеткен алғашқы басшы да өзі болды.
– Мен Ирандағы Теһран ұлттық университетінің психология-педагогика факультетінде оқып жүрген кезімде «Қазақстанға барсам, қазақтың ұлттық деңгейін көтеру үшін арнайы бір мектептер ашсам» деп армандайтынмын. Мемлекеттік психологиялық-педагогикалық мектеп-интернат ашылуы керек. Ол мектепте оқитын балалардың елу пайызы әр мемлекеттен келген қазақтар отбасынан іріктелініп алынса. Сонда бұл орта әртүрлі ағымдағы психология мен мәдениеттің, ой-өріс тәжірибенің түйіскен, тоғысқан жері болар еді, ол жерден жаңа бір ұлттық арнаның бастауы ашылар еді.
Мектеп-интернат қана емес, ғылыми-зерттеу институты ашылуы қажет. Бұл институтта қазақтың ең мықты ғалымдары ұлттың рухани негізін жан-жақты зерттеуі тиіс. Ұлттық болмыстың сүйегі, ұстаным-қағидаттары өзгеріссіз қалып, қалған жағы заманға қарай және болашаққа сәйкес өзгеріп, жаңғырып, жасарып, байытылып, күшейтіліп отырылуы керек емес пе?! Біздің мінез-құлқымызды жақындастырып, мақсатымызды айқындайтын бір арнадағы ортақ психологияның негізі де осы жерде қалануы керек.
 Біздің қазақтың бәрінің көзі ашық, оқыған дейміз. Оқыған адам тек маман ғана, бәрі бірдей қайраткер емес қой. Ауғанстанды алыңыз. Тоқсаннан аса пайызы оқи білмесе де, елін-жерін қорғай біледі. Ал, оқыған болып біздер мемлекетімізді қорғай аламыз ба?.. 
Қазақстанға келгенімде қазақша-парсыша, парсыша-қазақша сөздік жоқ екен. Өмір бойы жинаған сөз қорымды «Санат» баспасының директоры марқұм Серік Әбдірайымов қолдап, Иранның Қазақстандағы елшісі, досым Расул Ислами қаржылай көмек көрсетіп, 1994 жылы кітап етіп шығардым. Ол кездері арнайы жазу машинкасы жоқ, парсыша сөздің бәрін қолмен жазуға тура келді. 2003 жылы толықтырып, тағы шығардым. 
Мен 2015 жылы зейнеткерлікке 1,5 мың теңгемен шықтым. «Бұл қалай?» деп сұрағанымда, сол жердегі шенеунік жігіт «елге келдіңіз ғой, сол да жетпей ме сізге?» деп мазақтап күлген. Мен сауал жібергеннен кейін қайта қарап, 7 мың теңгемен шығарды ғой. Мен ол жігітке өкпелеген жоқпын, бұған дейін тісімнен шыққан да жоқ еді, бірінші рет сізге айтып отырмын. Тіпті, жазбай-ақ қойыңыз.  Себебі, біз аламыз деп емес, береміз деп келгенбіз дедім ғой. Бұл жаққа келген соң Алаш арыстарының өмірімен танысқан соң, соларды өзімізге үлгі-өнеге, идеал етіп алғанбыз. «Жанын пида еткен солардан артықпыз ба?» деген ойды өміріміздің ұстанымына айналдырғанбыз...
Тоқсаныншы жылдары біз жалауымызға сүйсіне қарап, қуаныштан көзімізге жас келетін еді, әнұран орындалғанда жүрегіміз жарылардай болып жылайтын едік. Қазір сондай орта жоқ сияқты... 
Қазақстанға келгенімде менің жасаған алғашқы тойым – Азаматтық той болды. Қонақтарым «мұндай той бола ма» деп таң қалысты. «Азаматтық туралы» куәлігімді алғанымда толқып, түннің бір уақытына дейін Алматыны шарлап, көзімнен жас парлап, жылап жүрдім. Сосын жанымды қоярға жер таппай, бір досымның үйіне бардым. «Не болды?» дейді ол маған. «Мен бақыттымын, мен азаматпын» деймін оған. Сондай ерекше сезім, сондай әдемі дүниелер қайда? Қазір шетелдегі бауырларымыз дәл сондай сағынышпен, сондай арманмен келе ме? Ойланатын мәселе...
– Шымкенттегі «Асар» мөлтекауданын салып, оған Өзбекстаннан туған ауданының бір қазағын да қалдырмай көшіріп алып келген, Өзбекстанның вице-премьері болған Ибадулла Қалыбековтің «мен 2008 жылы келгенде бес жылда бес миллион қазақты көшіріп әкелем деген жалындаған сезіммен келген едім» дегені бар еді.  
– Мен 1986-89 жылдары Түркияда магистратурада оқығанда тақырыбыма әдейі Қазақстанға жету жолдарын үйрену және үйрету үшін туризм саласын таңдап алдым. Бұл сала бойынша дүние жүзінде жазылған тұңғыш еңбек – менің зерттеу кітабым – Стамбул университетінің музейінде тұр. Мен жерлестеріммен «өмірге жаңа келген сәбилерге парсыша ат қоймаңдар» деп күресетінмін. Солай еркін ойлап жүрген мен Қазақстанға келгенде әлгіндей көп мәселенің көкесі мұнда екенін көрдім. Бұрын қазақтың атын ғана аңсап келсем, енді атын ғана емес, затын сағынатын болдым...
1990 жылдан шамамен 2010 жылға дейін менің ұйықтай алмай, азаптанып, қазағыма жаным ашып жыламай шыққан түнім аз болды... Сөйтіп жүргенде Әмірхан Меңдеке есімді бір азамат журналист менен «ішіңдегіні шығаршы» деп екі рет сұхбат алды, олар «Қазір мылтықсыз майдан жүріп жатыр» және «Бізді мақсатқа жеткізетін шикізат емес, парасат» деген тақырыппен жарияланды. «Алла Тағала бізге парасат, сана берді ғой, сол сананы пайдаланбасақ, ел болуымыз қиын» деп жазатынмын. Ғылым академиясында болған бір жиында «Президентке батылы жетіп, сөзі өтіп айта алатын адам болса ол кісіге айтсыншы, менің жалғыз өтінішім бар – ең ауыр деген ауданға мені әкім етіп қойсын, төрт жылда гүлстанға айналдырмасам,  сол жерде мені дарға ассын!» дедім. Өйткені, себептің неде екенін, салдардың қайда апаратынын көріп жүрмін. Біздің елде мүмкіндік деген соншама көп, ал, соның бір де біреуін біз санамен, парасатты іскерлікпен, жүрекпен, сүйіспеншілікпен іске асырып жатқан жоқпыз!
– Есесіне халықтың қазынасын жеудің ұшығына шықтық, соның салдарынан жап-жаңа үйлеріміздің, мектептеріміздің салынып бітпей жатып жарылатынына, құлайтынына да етіміз үйреніп кетті, ол сұмдық оқиға болудан қалды...
– Қазақстан секілді елде халықтың кедей тұруы мүмкін емес! Бізде байлық асып-тасып, төгіліп жатыр, тек соны ұқыптап жинауды ұйымдастыратын адам жоқ. Оны істеу де қиын емес қой – шағын кәсіпорындар мен бірлескен кәсіпорындарды көбейту және олардан алғашқы үш жыл немесе бес жыл бойы салық алмау. Экспортқа тауар шығарса көмек беріп, көтермелеп, ынталандыру.
– Иә, бұл әлемнің талай дамушы елі жүріп өткен, әбден сыннан өткен екі жол-жосық қой.
– Сосын менің мұндай сөз айтуыма бірінші себеп – бизнесті жақсы білетінім, экономиканы оқығанымнан бөлек, әкем фермер болған соң сондай ортада өскендігім. Елу-алпыс жұмысшыны қалай басқару керектігін жас кезімнен әкемнен көріп, үйреніп өстім. Әкем Ақмұрат Иран қазақтары ақсақалдарының төрағасы болды. Ол өте мықты ұйымдастырушы еді. Мәселен, қол астында жұмыс істеген бүкіл қызметкерінің жағдайын ойлайтын. Айлығының шетінен беріп отырып, қызметтік көлігін жекеменшігіне айналдырып алғандардың әкеме алғысы шексіз.
Екінші себеп – 1979 жылға дейін ең артта қалған елдің бірі болған Түркияның тәжірибесі. Кедейлік, жоқтық, жұмыссыздық, қандай жаман нәрсені ойласаңыз, соның бәрі сол кезде сол елден табылатын еді. Кейін Кенан Еврен – президент, артынша Тұргут Өзал – премьер-министр болды. Құдай түріктердің бағын ашты. 1980-85 жылдары бұл ел адам сенбестей өзгерді. Қазір Түркия әлемдегі өзіндік орны бар ел. Олардың көптеген жақсы үлгілерін пайдаланбай жүрміз. Ал, соншама бай Қазақстанды бір жыл емес, 6 айдың ішінде өте жоғары биіктерге жеткізуге болады.
Қытай мен Моңғолиядағы күллі қазақ елге түбегейлі оралса, қаймағы бұзылмаған ұлттық болмысымызды бірге ала келер еді. Біздің бала кезімізде Иран зиялылары Қазақстанның картадағы ұлан-байтақ келбетіне қарап тұрып «мынадай алапат аймағы бар мемлекет қалайша біреуге кіріптар болды» деп таң қалушы еді. Тәуелсіздік алғаннан кейін де Қазақ елі көрші республикаларға қарағанда әлдеқайда бай, ғылыми әлеуеті өте жоғары, ешкімге қайыр сұрап жалтақтамайтын мемлекет болатын. Тәуелсіздіктің басында Иранның, Түркияның әлемге белгілі компаниялары бар ынта-жігерлерімен Қазақстанға жұмыс істеуге ағылған-тұғын. Бірақ, сол үлкен толқын бүгінде саябырсып қалды...
– Түркиямен қатар Иран да сол тұстағы Ислам төңкерісінен кейін даму жолына түскені, соның арқасында ол да Түркия секілді индустриялы елге айналғаны белгілі. Бір-екі ауыз сөз сол өзіңіз туған, өскен ел жайлы айтсаңыз.
– Ия, 1979 жылы, аятолла Хомейни жүзеге асырған Ислам төңкерісі алдындағы Иранның саяси, экономикалық және рухани жағдайы тура қазіргі Қазақстанның жағдайынан айнымайтын. Шах Реза Пехлеви қазба байлықтың бәрін американдық компаниялардың еркіне беріп қойған-тұғын, олар қарапайым жұмысшыларды да өз елінен әкелетін. Мұнайдан түскен таза пайданың 65 пайызы солардың, 30 пайызы шахтың отбасы мен айналасындағылардың, қалған 5 пайызы ғана Иран халқының еншісінде еді. (Бізде 81 пайызы инвесторлардың, 19 пайызы еліміздің еншісінде, бірақ, ол 19-дың қаншасы нақты халыққа бұйыратынын ешкім дәл айта алмайды). Ел өзінің  мыңдаған жылда қалыптасқан ұлттық келбетінен айырылып, батысшылдық белең ала бастады. Әке-шеше өз балаларына ие бола алмай қалды. Отаншылдық, ұлтжандылық, адамгершілік деген асыл қасиеттерді аяққа таптаған ұрпақ өсіп-жетіле бастады. Осыны көзбен көріп отырып, жандары шыдамаған елдің Хомейни бастаған зиялылары әрекетке көшті. «Телегей-теңіз байлықтың үстінде отырып қайыршылық күй кешкенше, біреуге жем болғанша өлген артық» деген ұранмен басталған төңкеріс өз нәтижесін берді...
– Бізде де қазір сол кездегі Ирандағыдай, Ленин айтқан «жоғарыдағылар жаңаша басқара алмайтын, төмендегілер ескіше өмір сүргісі келмейтін» жағдай орын алып тұр ғой...
– Аталарымыз «қарғыстың жаманы – елсіз қалу, Құдай содан сақтасын, артыңда елің тұрмаса, өмір сүрудің мәні жоқ» деп отыратын. «Өз елің болмаса, қанша жерден мықты, бай болсаң да, көшеде алшаң басып жүре алмайсыңдар» дейтін. Ал, мұнда келгелі, сол «алшаң басудың» ауылы алыстап бара жатыр да... Себебі, өз тіліңіздің көмегімен күн көре де алмайсыз. Әсіресе, саудада. «Қайда барсаң онда бар, маған десең президентіңе бар!» дейді. Қандай ауыр тиеді адамға...
– Біз, күлбілтелемей сөздің ашығын айтар болсақ, өз елімізде бұрын екінші сортты ұлт болсақ, соңғы 30 жылда үшінші, төртінші сортқа түсіп, сорлап қалған ұлтпыз. Соған көнген, өзінің қайраткер еместігіне еті үйреніп қалған, түрлі сылтау-желеу тауып, өзінің онысына кешіріммен қарайтын болған ұлтпыз. Ал, осы ретте Ираннан келген ұлдардың қайраткерлігі қандай? 
– Мен бұл мәселеде шетелдік  инвесторлар бірінші сорт, орыс тілді қазақтар  екінші сорт, ауылдан келген қазақтар  үшінші сорт, шет елден келген қазақтар төртінші сорт екен деген қорытындыға келдім. Орыс тілді және қазақ тілді қазақтардың көзқарасы бір-біріне қарама-қайшы. Анау байғұс қазақ тілділер орыс тілді қандастарын жақсы көреді, бауырына тартқысы келеді, ал, орыс тілді қазақтар бұларды менсінбейді, өздерін тіпті жоғары санайды. Өз қағынан жерігендер. Ең сорақысы – осы! Қазақ тілін білмейтіндердің басшы болып, халықты басқаруға моральдық құқығы жоқ. Мына «қазақ тілін білмеймін» дейтіндер нағыз ұятсыздар. Қазақтың байлығын иемденгенді біледі, ал тілін білмейді. 
– Орыс тілді қазақтар,  оның ішінде Болат Әбілов секілді «оппозиционер» болып жүргендер Сергей Дуванов сияқтыларға еріп, «біз де Еуропадағыдай  ұлттық мемлекет емес, азаматтық қоғам құруымыз керек» дейді. Оларға  «еуропалықтар да азаматтық қоғамға ұлттық мемлекеттен келді» деп көріңізші, тыңдамайды, біле тұрып  білмегенсиді, түсінбегенсиді.
– Яғни сіз айтып отырған ұлттық мемлекетті, мен айтып жүрген ұлттық қауымдастықты құруға бірінші кедергі болып отырған нәрсе – осы екі тілділік пен екі түрлі психология. Аты бір – қазақ, бірақ заты бөлек. Ұлттық қауымдастық болмаған соң, адамдар негізгі ұлттық құндылықтарды бағаламағаннан, қадір тұтпағаннан кейін бізде ұлттық патриот та, ұлтқа деген сүйіспеншілік те болмайды. Естуімше Еуропа Одағындағы бірнеше ұлт бірігіп, ортақ конституция жасайын деп жатқан көрінеді. Ал, біз әлі өзіміздің ұлттық қауымдастығымызды құра алмай жүрміз. Біз оны құруда кем дегенде 50 жыл кеш қалдық. 
Бірақ, кеш қалу еш болу деген сөз емес қой. Қазақ дарынды дара тұлғалардан, қайраткерлерден еш уақытта кемдік көрмеген, ұлттық санасы өте биік болған халық. Бір ғана мысал, үндістер 1492 жылы Солтүстік Америкада бір миллион болған екен, сол кезде қазақтың да бір миллион болғаны «Тарихи Рашиди» еңбегінде айтылады. 1897 жылы біздің санымыз 6 миллион болды, 1890 жылы Солтүстік Америкада үндістерден 300 мың адам қалды. Оған дейінгі төрт ғасырды олар да, біз де кескілескен айқастармен өткіздік. Сол кездегі үндістің Қара Бұғы дейтін соңғы ақсақалы «біз халық, ұлт ретінде енді жойылдық, өйткені, үндістердің ұлттың ары, намысы үшін күресетін бірде-бір қаһарманы қалған жоқ, енді үндістердің қаһармансыздық кезеңі басталады» деген екен. Қаһармансыздық кезеңі – бір ұлттың өлім кебінін киюіне, өзін жерлеуіне дайындығы деген сөз. 
«Бір ұлттың тууына бес жүз жыл керек» деген де болжам бар. Сол сияқты  бір ұлттың өлуіне де бес жүз жыл керек екен. Мысалы, үндістердің тұқымы күні бүгінге дейін жойылған жоқ. Бірақ, сонда да оларға жоқтау айтып, зар жылап жүрген кім? Үндістердің бүгінгі зиялылары. Ең соңғы зиялы өліп кеткенде барып, сол ұлт жер жүзінен жойылады деп есептеледі екен.
1890 жылдан бері 131 жыл уақыт өтті, үндістер тым-тырыс, өздерінің ұлттық мүддесі үшін күрескені естілмейді. Өйткені, Қара Бұғы айтқандай, бірде-бір қаһарманы жоқ. Ал, қазақта өз халқы, өз ұлты үшін күресетін қаһармандар бар. Әзірге біз «өліктің кебінін» киген жоқпыз. Бірақ, дәл осылай қол қусырып қарап отыра берсек, ұлттық санамызды жандандырмасақ, ұлттық болмысымызды түгелдей жаңадан қалыптастырмасақ, қауіп көп. Өйткені, біздің қазіргі күйіміз, Абай атамыздың сөзімен айтсақ, «біз өзі тірі болсақ та анық тірі де емеспіз». Хал үстіндегі жайға келген жоқпыз, бірақ келуіміз де мүмкін.
– Исеке, сіз ұсынған «ұлттық қауымдастық» дегеннен гөрі «ұлттық мемлекет» деген меніңше дәл де нақты болып көрінеді. Және бізді «өлім кебінін» киюден қорғап қалатын да жалғыз сол болады деп ойлаймын.
– Қосыламын! Себебі, ол қорғаумен қатар өрлеуге де негіз бола алады. Оған мысал ретінде жоғарыда айтылған Түркия елінің ұстанымын айта аламыз. Олар мемлекетінің ішінде де, сыртында да ұлттық құндылықтарын дәріптеп, ұлтының ауызбіршілігін қамтамасыз етуге тырысады. Тіпті, мешіттерде де діни уағызбен қатар ұлттық тәрбие қатар беріледі. Әлемдегі түріктер бар қалалардың бәрінде түріктің ұлттық тағамы сатылатын кафе-асхана жұмыс істейді. Тұрғыт Озал бүкіл елге «Мен түрік болғаным үшін мақтанамын!» деген ұранды ілгізіп тастады... 
Ал, мен күйген-жанғаннан, жаманатты болып айтқан-жазғаннан еш нәтиже шықпағанын көргеннен кейін басқалардың қатарына қосылдым. Халқыма қай салада көбірек пайдам тиеді, сол іспен ғана айналысайын деп шештім. Мен Иран, Түркия елдерімен байланысты күшейтуде, әсіресе, мәдениет пен білімде, көп еңбек еттім. Оларым онша елеп-ескерілген жоқ. Мен оған күйінбеймін, тек ұсыныстарымның іске аспағанына ішім ашиды. Мен ұлттық, шын мәнінде ұлтына жанашыр кадрлар даярлау ісі қолға алынады ғой деп едім, олай болмады. Олай болмағаннан кейін де жақсы білім алған жастардың әлеуеті пайдаланылмады, бюрократия батпағына тарта берді, ақырында олардың тауы қайтты, тауаны шағылды. Сапалы ұлттық элита құрылмаған күйі қалды!
 
Біздегі буржуазия – «масыл бурзуазия»

– «Ұлттық элита» демекші. Қазақстанның Тұңғыш Президенті: «Байыңдар! Алғашқы капитал ешқашан адал жолмен жиналмайды. Тезірек байыңдар! Қазақты бұрын байлары  асыраған» деп ұрандатып еді. Бірақ, біздің ұлттық элитаны құруы, құрмаса да негізі болуға тиіс байлардың, ұлттық буржуазияны құрмақ түгілі, тіпті, қазақты асырамақ түгілі, оны жұмыспен қамтиын, өндіріс-өнеркәсіп орындарын ашайын дейтін ықылас-ниеті де байқалмайды ғой...
– XIX ғасырда Маркс енгізген буржуазия термині байлар, қалталылар дегенді білдіреді. 1789 жылы Францияның буржуазиясы диктаторлық королдік билігіне қарсы Франция халқын саяси майданға арқау етіп, көтеріліс жасағаны үшін ол «Ұлттық буржуазия» атанып кетті. Үндістанда да ағылшын отаршыларының ақшасына құралған «компрадорлық буржуазия» бірте-бірте «ұлттық буржуазияға» айналды. Басқа елдерде де, ең алдымен бас пайдасы үшін құрылғанымен, кейін елдің де мүддесіне жұмыс істейтін ұлттық буржуазия қалыптасты. Бірақ, ол Кеңес Одағында кейін тап ретінде жойылып кетті.
Ал, біздегілер кеңестік кезеңнен қалған мемлекеттік меншіктегі есепсіз мол байлықты су тегін иемденіп алды да, дамыған елдердің буржуазиясы өткен қиын өткелдерден өтпеді. Сондықтан мен оларды «масыл буржуазия» деп атаймын. Оның үстіне бұлардың ішінде таза қазақы тәрбие көргендері аз. Көпшілігі өзге ұлт өкілдері немесе орыс мектебінде білім-тәрбие алып, қазақ тілі мен мәдениетін менсінбей өскен қазақтар. Балалары да қазақша білмейді, тіпті, білгісі де келмейді. 
– Мен сіздің «масыл буржуазияңызға» биліктегі орыс тілді «масыл шенеуніктерді» қосар едім. Олар байлардан да жаман. Неге? Өйткені, қолында билік бар. Бірақ, қазаққа мүлдем жаны ашымайды. Бір дәлел келтірсем де жететін шығар. Алдыңғы жылы қуаңшылықта батыстағы бес облыста мал қырылып жатқанда Ауыл шаруашылығы министрінің ол жаққа ат ізін де салмауы, жаны ашымаушылықтың шексіз болатынын көрсетті ғой.
– Ол аз десеңіз, біздің биліктегілердің ішінде элиналар көп. Элина – француз сөзі, қызметтің, орынтақтың құлы дегенді білдіреді. Ондайлар қазақ тілін білуі мүмкін, бірақ, ұлттық құндылықтарды керек етпейді. Оларда патриоттық рух, ел үшін бірдеңе істейін деген сезім де, ой да болмайды. Олар «мына орынтақ мені қалай байытады, қайтсем сол орынтақтан айырылмаймын» деген оймен ғана өмір сүреді. Міне, ең алдымен сол элинаның немқұрайдылығы мен масыл буржуазияның қарсылығының кесірінен қазақ тілі іс жүзінде мемлекеттік тіл бола алмай отыр.
Қалың қазақ бұл зұлматты тоқтату үшін, өзінің болашағы, ұрпағының болашағы үшін саяси күреске белсене қатысуы тиіс. Сол үшін, Халық майданы керек. Әйтпесе, қазақтың зары «масыл буржуазия» мен сіз айтқан «масыл шенеуніктердің» құлағына жетпесі хақ. Содан күллі қазақтың тағдыры биліктегі қазақ болғысы келмейтін орыстілді қазақтың көкірегі мен азғындаған аз ғана элинаның құрбаны болмақ.
Менің көп арманымның бірі – бүгінгі «масыл буржуазиямыз» Алла Тағаланың құдіретімен тезірек халықтың да қамын ойлайтын «асыл буржуазияға» айналса екен, ол ұлттық қозғалысқа қолдау көрсетсе екен деймін...
– Ол үшін олар солай етуге мәжбүр болатын жағдай туғызу керек шығар... 
–  Ғасырлар бойы ислам, иран және түркі мәдениетімен ұштасқан мәдениет біздің бойымызға сіңді, ол біздің ұлттық мәдениетіміз болып қалыптасты. Кейін оны зорлықпен ысырып тастап, оның орнын шовинизмге, отаршылдыққа негізделген орыс мәдениеті басты, бізге соны тықпалады. Орыс өзінің мәдениетін, өз әдебиетін, ғылымын ең озық мәдениет пен әдебиет деп бағалайды, соны үстем етуге тырысады. Мысалы, Бартольд пен Радлов атақты шығыстанушылар, бірақ, олар Шығысты орыс ұлтының тұрғысынан зерттеді, соған қызмет ету тұрғысынан қарастырды. Тараздың 2000 жылдық тойы қарсаңында көне қала жайлы материалдар жинағанда ғалымдарымыз осы екі шығыстанушыдан ештеңе таппады. Сосын маған көне парсы дереккөздері арқылы зерттеуге ұсыныс жасалды. Оны мен орындап бердім. Ол үшін сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетов маған алғысын айтты. Қазақтың орысқа дейінгі табиғи түрде қалыптасқан мәдениетін халқына қайта табыстырайын десең, «ой, сенікі парсыға жақындап кетті, арабқа жақындап кетті» деп шыға келеді. Біз ол екеуінің, орыстың да, жалпы кез келген елдің жақсы жағын өзімізге қабылдап ала білуіміз керек, сонда ғана дами аламыз. Біздің өз Радлов, өз Бартольдтарымыз болуы тиіс. Біз де Шығысты, тіпті, қай саланы болсын қазақтың мүддесінің тұрғысынан зерттеуіміз керек, мен осы жолда күресіп келе жатырмын. Мен мақсатыма жете алмасам, оған шәкірттерім жетеді деп ойлаймын.
– Озық елдерде әрбір ірі ғалымның өз мектебін құруына барлық жағдай жасалады ғой...
– Менің де айтып жүргенім – осы! Менің өз шәкірттерімді таңдауға мүмкіндік берілсе, олар бірінші курстан докторантураны бітіргенше менің мектебімде болса деймін.  Парсы тіліне грант жоқ. Ол мамандықты иеленіп шыққандар жұмыс таба алмай қиналады. Мемлекет оған табыс көзі деп қарамауға тиіс қой. Жылына он бала осы мамандық бойынша оқу бітірсе, оның бесеуі менің қарамағыма берілсе. 
Парсы тіліндегі тарих пен әдебиет орасан мол байлық! Түркі мен парсы тарихын бір-бірінен бөліп қарау, бөлек зерттеу мүмкін емес. Бұған мемлекеттің өзі тікелей мүдделі болуы, оған өзінің мемлекеттік саясатында басымдық беруі тиіс. Мысалы, мен Фирдоусидің «Шахнамасының» Тұрмағанбет Ізтілеуұлының теңдессіз аудармасына ілінбей қалған тарауларын қара сөзбен аударып жатырмын. Өйткені, ол кісі тікелей аударма жасамаған, еркін түрде жырлап шыққан ғой. Ал, «Шахнама» дегеніміз, Тұрекең айтқандай  «тұнып тұрған Иран мен Тұран тарихы».
– Еркін түрде демекші, Исеке, Фирдоуси  оны ұқсас екі жолдық жүйемен жазса, Тұрекең оны қазақтың он бір буынды қара өлеңі үлгісінде жазған ғой. «Араб тілі  –  діннің, түрік тілі –  ерліктің, парсы тілі осы екеуін жырлайтын поэзияның тілі» дейтін сөз бұрыннан бар. Сіздің ойыңызша өзіміздің қара өлеңмен аударған дұрысырақ па, жоқ әлде егіз жол етіп аударуға тырысқан жөн бе?  
– Екі жолдық ұқсас жүйемен өзбек тіліне аударуға болатын шығар, өйткені онда парсы тілінен енген сөз біздегіден әлдеқайда көп, ал, бізге қазақтың қара өлеңі қолайлылау, ыңғайлылау деп ойлаймын.  
– Мен «қазір», «қадір», «мұғалім» секілді сөздерді оқыған сайын денем түршігеді! Онда неге «бұгін», «бұрін» деп жазбаймыз? Несіне «үндестік заңы» деген заңы бар біздің тіліміз керемет қой» деп мақтанамыз?
– Иә, тілімізді табиғи болмысынан ажыратып барамыз. Тіпті, жер-су, адам атын да орыс тіліне орайластырып жүрміз ғой. Тілдің дыбысталу заңдылығына қайшы заттың бәрі оны бұзады.
– Енді бір сұрақ, жиырма жылдай бұрын бір әріптесім «сіз қандай сөз айтсаңыз да Құран мен Хадистен дәлел келтірмесеңіз, ол сөзіңіз бекер» дейтін. «Сонда тамыры терең қазақ ұлты исламға дейін рухани байлық жасамаған ба? Қайта сол киелі кітапта қазақтың салт-дәстүрлері көрініс тапқан шығар» дейтінмін. Екінші жағынан, дінге тереңдеп кете берудің қажеті шамалы секілді, қағидалы тұстарын ұстансақ жетпей ме? Исламды жақсы білетін адам ретінде сіздің бұл мәселеге деген көзқарасыңыз қандай?
– Әрбір халықтың белгілі бір ұстанатын салт-дәстүрі ислам дінімен еш қабыспайтын болса, қайшылық туып жатса, онда ол ел ислам дінін қабылдай алмайды. Ал, біздің халықтың дәстүрі мен қағидаттарында үйлесімділік бар. Қазақ халқы діни ұғыммен қатар, өзінің рәсімдерін де жасаған. Мәселен, біреу қайтыс болғанда, марқұмның жаназасына оны танитын барлық жамиғатын шақырады. Қазақ жаназадан қалмайды. Сонда жиылған жұрттан имам «марқұм  қандай адам еді?» деп сұрайды. Бәрі «жақсы адам еді» дейді. «Осы кісінің берешегі болса, оған ренішіңіз болса кешіресіздер ме?» дейді. Бәрі «иә, кешірдік» деп жауап береді. Соның бәрі не үшін? Пенде о дүниеге кетерде адамдардың ризашылығын алып кетуі үшін. Пендені кешіру-кешірмеу бір Алланың қолында. Таза исламдық шартты қазақ өзінің салт-дәстүрімен орындап отыр. Мұндай керемет рәсім ешбір елде жоқ!
Біздің қоғамда біреуден қарыз сұрасаңыз, ол бермейді. Қолхат жазып берсеңіз, береді. Мұның бәрі сенімнің жоқтығынан. Ислам елдерінде ондай емес.  Исламды – идеал десек, исламды қабылдаған мұсылман ұғымының өзін түсініп алуымыз, «мұсылман біреуді алдап кетпейді» деген сенімді қалыптастыруымыз керек. 
– Мәшһүр-Жүсіп атамыздың «қазақтықтың ең басты белгісі – сөзінде тұра білушілік» дегеніндей, қазақтың «ердің екі сөйлегені – өлгені» дегеніндей болды ғой. 
– Иә, ислам – адамзатқа қызмет жасауы керек. Діни адамдар ғылыми еңбектерді, ғалымдар діни еңбектерді оқу керек. Сонда ғана рухани түсіністік болады.
 Әл-Фараби «адамның ойы Жаратушыны тануға қызмет жасағанда пайдалы, нәтижелі болады» дейді. Бұл не деген сөз? Жаратушыны тану болмысымыздың рухани және дүниәуи тұсын тең ұстау, сонда ғана мақсатқа жетеміз. Мұны айтқан Әл-Фараби. Егер Жаратушыны танысақ, оны ұмытпасақ қана жанымыз қайырымды болады. Егер қайырымды ойымызды іске асырмасақ, ондай ойдың құны бір тиын дейді. Яғни бүгінгі тілмен айтқанда, теориялық ақыл практикалық ақылға айналмаса, ол құнсыз дейді. Батыс Әл-Фарабидің осындай кемел ойларын ала білді де, дамыған прагматик қоғамға айналды. Ал, қазіргі Таяу Шығыста өліп жатқан да, өлтіріп жатқан да – мұсылман. Егер Жаратушыға қызмет жасағың келсе, алдымен адамға қызмет жасауың керек. Себебі, Жаратушы адамға мұқтаж емес, адам адамға мұқтаж. Біз діннің осындай мәйегінен айрылып қалдық. 
– Инженер адам ретінде ғылымға жыл сайын бөлер қаржысының үлесі 30 жылда жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 0,3 пайызына да жетіп көрмеген – ал, ол мемлекет даму үшін 3 %-дан кем болмауы тиіс! – үкіметтің ісіне көңілім ешқашан толған емес. Ал, ғалым ретінде «Екінші  ұстаз» атанған бабамыздың  орасан зор мұрасын  қазақшаға аудару ісімізге сіздің көңліңіз тола ма?
– Жоқ. Әл-Фараби – барлық ғылым саласында еңбек еткен энциклопедист ғалым ғой. Мен соның бәрін атап жатпай-ақ қояйын, бір-екеуін ғана айтайын. Әл-Фарабидің тек мантық (логика) туралы 9 томнан тұратын аса құнды зерттеу еңбегі бар. Қазақша аударылды ма? Аударылған жоқ. 
Астрономия, музыка, қоғамтану, математика салаларындағы еңбектерін атамағанның өзінде, Фарабидің тек таза философияға арналған еңбектерінің өзі 11 кітап. Бұл да әлі қазақшаға аударылған жоқ. Біздің бабамыз дейміз. Ал, парсы жұрты Фарабиді айрықша бағалайды. Оның бүкіл еңбектерін парсы тіліне аударған... 
– Өзіңіздің көкейіңізде жүрген, бүгін айтылмай қалған бір-екі мәселені қозғап кетсеңіз...
– Мен көкейімдегілерді үнемі айтумен келемін, бірақ, менің айтқаным биліктегілерге ұнай бермейді, сын сөзді кім жақсы көреді дейсіз. Соның салдарынан олар менің еңбегімді елемеуге, көрсетпеуге тырысады...
– Иә, сондай бір «заңдылық» біздің басымызда да бар. Мейлі, олар өз білгенін істей берсін, біз де өз ойымызды айтып,  өз білгенімізді істей берейік. Еңбегіңізді билік елемесе де, ел біледі, ел бағалайды.
– Оныңыз рас. 2001 жылы, мен ол кезде Таразда жұмыс істеп жүр едім, Алматыға үйге бір келгенімде  Мұзафар Әлімбаев ағамыз телефон соғып, «саған ырзашылық тілегімді білдірейін деп арнап өлең шығарып едім, соның қолжазбасын келіп алып кетші» деп үйіне шақырды. Ақсақал басымен! Арнайы қонақ етіп. Қалай ырза болмайсың... Әбсаттар Дербісәлі ағамыз болса, өзінің соңғы орысша мақаласында мен туралы жазып кетіпті. Оны бір жігіттер оқып, өздері маған аударма жасап берді...
Биліктегілер де біркелкі емес, олардың ішінде де барды бағалай білетіндер бар. Солардың ұсынысымен маған алғашқы рет сонау 2005 жылы «Мәдениет қайраткері» деген атақ берілді. Одан бері де қаншама рет ұсынылып жатырмын, бірақ, аяқсыз қала береді.
– Бұл мәселеде әділетсіздіктің көп екені айтылып та, жазылып та жүр, дегенмен, өзгерер дүние көрінбейді. Мысалы, қазіргі атақтың ең жоғарғысы «еңбек сіңірген қайраткер» болса, соны иеленгендердің біразы лайықсыз десек, олар бізге ренжи қоймас. 
– Біз «елімізге барымызды береміз, күш-жігерімізді аямаймыз» деп келген жандармыз дедім ғой. Сол қағидадан қылдай тайған емеспіз. Жаңағы сөздің өзі де жеке басымыз жайлы емес, ұлттық құндылықтарымыз жайлы көп мәселе алға жылжымай жатқаннан кейін ғана ашынғаннан шығатын ащы даусымыз ғой. 
Мен жақында әлеуметтік желіде Президент Тоқаевқа хат жаздым, онда «Алла Тағала сізге өте үлкен мүмкіндік беріп отыр, соны дұрыс пайдаланып қалмасаңыз өзіңізге де, еліңізге де үлкен қиянат болады» дедім.
– Дұрыс айтқансыз, жұрттың бәрінің ойы қазір дәл осы.
– Бірақ, билік мұндайды ұната бермейді. Дегенмен, шұңқырға да тастап жібермейді ол үшін, жарыққа да шығармайды... Абай өз халқын аямай сынады. Жек көргеннен емес шығар. Мені Өзбекстан өзіне көп шақырады, Иран тіпті «бар жағдайыңызды жасаймыз, келіңіз, сіздің деңгейіңіздегі маман бізге ауадай қажет» деп отыр. Жағдайын ойлайтындар барса бара берсін, менің өз елімде істейтін шаруам басымнан асады... 
– Жетпіс жас, Шерхан ағамыз айтқандай, «жеткен, піскен» жас қой, елге бергеніңізден береріңіз әлі көп болар, қажымай-талмай асулардан аса беріңіз!
– Рахмет! Жақсы күндерге бірге жете берейік!

Сұхбаттасқан Өмірзақ АҚЖІГІТ, «Ońtústik Qazaqstan».

Пікір қалдырыңыз