Қолымыз – жұмыста, көзіміз – Катарда!

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».


Енді 10 күннен кейін әлем назары Арабия түбегіндегі Катар мемлекетіне ауады. Иә, бұл тойды футболсүйер қауым 4 жылдан аса күтті, себебі, биылғы доп додасы әлемнің ең ыстық нүктелерінің бірінде өтпек. Катар жерінің басым бөлігін құм жауып жатыр. Мұнда жаздыкүні футбол ойнамақ түгілі көшеге шығудың өзі қиын. Өйткені, ауа температурасы 50-55 градустан жоғары болады. Сол себепті де биылғы футбол додасы күз-қыс айларында өтпек. Алайда, мұның өзі Катарда салқын болады деген сөз емес.

Шашсаң – осылай шаш, шашылсаң – осылай шашыл! 

Катарда өтетін бұл дода ең қымбат әлем чемпионаты болғалы тұр. Катар билігі чемпионатты өткізу үшін 300 миллиард АҚШ долларына дейін ақша шашуға әзір отыр. Табиғи газдың арқасында қағанағы – қарық, сағанағы – сарық болып отырған мемлекет қалай шашылса да жарасатындай. Себебі, бұған дейінгі футболдан әлем чемпионатын тек ірі мемлекеттер өткізіп келген. Катар мұндай құрметке ие болған Уругвайдан кейінгі екінші «шағын мемлекет» атанып отыр.

ФИФА әр мундиальді әр құрлықта өткізуді үрдіске айналдырып келеді. Бұл – «сары құрлықтағы» екінші әлем чемпионаты. Бұған дейін 2002 жылы Оңтүстік Корея мен Жапония бірлесіп, әлем чемпионатын өз елдерінде қабылдаған. Алайда, бұған дейін араб мемлекеттерінің бірде-біреуіне мұндай футбол додасын өткізу бақыты бұйырмаған екен. Әрі Катар футболдан әлем чемпионатын қабылдаған мұсылмандар саны басым алғашқы мемлекет атанбақ. 

Шейхтар бұл мундиальге 300 миллиард АҚШ долларын шашуға дайын екенін айттық. Мұның соншалық көп ақша екенін түсіндіру үшін өзге спорттық додалардың бюджетін бір шолып шықсақ жеткілікті шығар. Бұған дейін спорттық жарыстарға бөлінген қаржының рекордты көрсеткіші 50 миллиард АҚШ доллары болған. Ресей билігі 2014 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге осыншама қаржы бөлген. Ал, биылғы доп додасы ол рекордты 6 есеге дейін жаңартып отыр.

«А» тобы. Нидерланды қай жерге дейін шабады?

Хош, сонымен 20 қараша күні әлем чемпионатының алғашқы матчы өтеді. Жарыс қожайындары Катар Оңтүстік Америкадан келген Эквадор құрамасымен күш сынасып көрмек. Жалпы «А» тобында бұл екеуінен бөлек Нидерланды мен Сенегал құрамалары бар.

Катар құрамасы бұл мундиальге жарыс қожайыны ретінде қатысып отыр. «Сары құрлықта» Жапония, Иран, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, БАӘ, Австралия сынды мемлекеттерден асып түсетін құрама табылмай тұр. Оның үстіне ФИФА Азия құрлығы үшін небәрі 5 квота бөледі. 

Алайда, жарыс қожайындарын анық аутсайдер деп қарауға да болмайды. Әлем чемпионатын өткізу туралы шешім қабылданғалы бері Катарда футболға деген көзқарас мүлде өзгерген. Оның дәлелі ретінде бұл құраманың 2019 жылғы Азия чемпионатын тұңғыш рет жеңіп алғанын айтуға болады. Сол жылы Катар құрамасы Жапониямен бірге Оңтүстік Америка чемпионатына шақырылғанымен, қос құрама да топтық турнирден әрі аса алмады. Есесіне былтыр Катар футболшылары Солтүстік Америка чемпионатына қатысып, өз тобында бірінші орын алып, жартылай финалға дейін жетті. 

Катар ойыншыларының басым бөлігі өз чемпионаттарында өнер көрсетеді. Атап айтуға тұрарлық футболшы – команда капитаны Хасан әл-Хидос. Ол өз құрамасының сапында 160 ойын өткізіп, 34 гол салған. Хасан «Әл-Садд» клубының сапында 16 рет Катар чемпионы атанған. 

Мұндай ірі турнирлерде ірі сенсациялардың да орын алатынын ескерсек, жанкүйерлер қиқуынан күш алатын Катар құрамасының топтан шығуға мүмкіндігі, әрине, бар. 

Бұл чемпионатта үш-ақ ойын өткізуі мүмкін құрамалардың қатарына Эквадорды жатқызуға болатын шығар... Бұл құрама бұған дейін 3 әлем чемпионатында өнер көрсеткен. 2002 және 2014 жылдардағы мундиальде топтық турнирден әрі аса алмаса, 2006 жылғы чемпионатта 1/8 финалға шығып, Англия құрамасына жол берген. Қазір Эквадор құрамасында буын алмасу процесі өтіп жатыр. Валенсия, Кайседо, Нобоа секілді аңыз ойыншылардың орнын жас футболшылар басуда. Англиялық «Брайтон» сапында доп тебетін Эступеньян мен кіші Кайседоға артылар жүк ауыр. Сонымен қатар «Байердің» қорғаушысы Инкапье мен «Фенербахче» ойыншысы Эннер Валенсияға да Эквадор халқы үміт артады. Құраманы 2020 жылдан бері аргентиналық бапкер Густаво Альфаро жаттықтырады. Содан бері бұл команданың ойынына аргентиналық стиль енген секілді. Команда қарсыласқа жоғары қысым жасайды, қапталдағы қорғаушылар жиі шабуылға шығады. Эквадор құрамасы шабуылдағанда қорғанысты ұмыт қалдыруы мүмкін. Сондықтан да шығар, бұл құраманың ойынында өте көп гол соғылары даусыз. 

Әр мундиаль сайын бір африкалық құрама сенсация жасайтыны үйреншікті жайтқа айналып кеткен. Сенегал құрамасының ең басты жұлдызы – «Бавария» ойыншысы Садио Мане екені түсінікті. Ол биыл әлемнің үздік ойыншысына берілетін «Алтын доп» бәсекесінде тек Карим Бенземаға жол беріп, екінші орын алды. Шабуылда Манеге «Уотфорд» ойыншысы Исмаил Сарр мен Түркия чемпионатында доп тебетін Фамара Дьедю көмектеседі. Ал, Маненің клубтасы қапталдағы қорғаушы Буна Сарр жарақатына байланысты командасына бұл чемпионатта көмектесе алмайды. Есесіне команданың гол жібермеуіне «Челсидегі» қос алып Кулибали мен Менди жауап береді. Қорғаныста Кулибалиге «ПСЖ» ойыншысы Абду Диалло көмектеспек. 

Сол баяғы қартаймайтын Луи ван Галь Нидерланды құрамасын биыл ұшпаққа қалай да шығарамын деген ниетте. Луи ван Галь ұлттық құрама тізгінін үшінші рет ұстап отыр. Алғашқысы өте сәтсіз болған. Ван Галь баптайтын құрама алғаш рет әлем чемпионатына (2002 жылы) бара алмай қалған-ды. Есесіне 2014 жылы ван Галь шәкірттері әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Алайда, содан кейін бұл құрама құрлық, әлем чемпионаттарында бір жарқылдай алмай-ақ қойды. Оның өзіндік себебі де бар. 2008-2014 жылдары ұлттық құрама сапында өте мықты футболшылар доп тепті. Эдвин ван дер Сар, Арьен Роббен, Дирк Кейт, Джованни ван Бронхорст, Рафаэль ван дер Варт, Уэсли Снейдер, Робин ван Перси секілді жұлдызды футболшылары бар құрама 2010 жылғы әлем чемпионатының финалына дейін жеткен-ді. Буын алмасу процесі Нидерланды құрамасы үшін ұзақ жүрді. Әрине, биылғы әлем чемпионатына келетін құрамы 2010 жылғы құраммен салыстыруға келмейді. Десе де, Вирджил ван Дейк, Маттейс де Лихт, Стефан де Врей, Френки де Йонг, Мемфис Депай, Стивен Бергвейн даңқты ағаларын жоқтатпас үшін барын салады. 

«В» тобы. Азмун салған әлек, қайта оралған Бэйл

«В» квартетіндегі ойындар көпшілікті бей-жай қалдырмауы тиіс. Себебі, мұнда саясаттағы ежелгі бітіспес қарсыластар топтасқан. Англия, Иран, АҚШ, Уэльс. Иранның АҚШ-пен арасы қандай екенін білесіздер. Бұл қатынасқа құрамына Англия мен Уэльс кіретін Ұлыбританияның да көзқарасы біржақты екені түсінікті. Иранда осыдан бірнеше ай бұрын басталған көтеріліс әлі басылар емес. Жергілікті билік елдегі бұл лаңға АҚШ кінәлі деп отыр. Мүмкін... Бәрі де мүмкін... Иран әскерінің Ресей әскеріне көмектесуіне байланысты Еуроодақ бірнеше санкция салып тастады. Украина тарапы ФИФА-дан Иран құрамасын әлем чемпионатына қатыстырмауды өтінген. Алайда, халықаралық ұйым әлі бір нақты шешім қабылдаған жоқ. Футбол додасының басталуына 10 күн қалғанын ескерсек, Украина өтініші қабылданбайтын секілді. Осындай саяси текетірестер бұл топтағы ойындарды одан сайын қызықты ете түсетіндей. 

Иран құрамасы жарақаттан ем алып жатқан Азмунға сенім арта алмайтын сияқты. Оның үстіне Азмун елдегі саяси оқиғаға байланысты әлеуметтік желіде артық сөйлеп қойған секілді. Иран заңына сәйкес елдегі саяси жағдайға ашық түрде пікір білдіруге болмайды екен. Азмун салған әлектің арқасында ұлттық құрама өзінің ең басты «жұлдызынан» айырылып қалайын деп тұр. «Байер» шабуылшысы жарақатынан айыққан күннің өзінде Иран футбол федерациясы оған ұлттық құрама жейдесін кигізе қоймайды-ау... 

Уэльс құрамасы әлемдегі ең жасамыс құрамалардың бірі саналады. Бұл құрама алғашқы ойынын сонау 1876 жылы өткізген екен. Соған қарамастан  Уэльс құрамасы үшін бұл әлем чемпионаты небәрі екінші мундиаль болмақ. Бұған дейін олар 1958 жылғы әлем чемпионатында өнер көрсеткен. Бұл мундиальге де Уэльс құрамасы «тар жол, тайғақ кешуден» өтіп барып келді. Іріктеу кезеңінде өз тобында екінші орын алып, қосымша ойындар өткізуге мәжбүр болды. Онда алдымен Австрия құрамасын, сосын Украинаны тізе бүктіріп, мундиальге жолдама алды. Құраманың басты жұлдызы Гарет Бэйл командаға қайта оралды. Алайда, Бэйл құрамасын жалғыз өзі сүйреп жүр дегендер қателеседі. Бэйлден бөлек Аорон Рэмзи, Джо Аллен, Даниэль Джеймс, Неко Уильямс, Этан Ампаду, Бэн Дэвис сынды көпке танымал футболшылар бар. Ал, алғы шепте ойнайтын денелі Киффер Мур қалай гол соғуды ешкімнен сұрамайды. 

Уэльс футболшыларының басым бөлігі Англияда доп тебеді дегенімізбен, көпшілігі Чемпиончиптің дәрежесіндегі ойыншылар. Олар көбіне қарымта шабуылдарға иек артады. Джеймстің жылдамдығы мен Бэйл мен Рэмзидің жеке шеберліктері де ойын тағдырын шешіп кетуі мүмкін. 

Бұл топтан плей-оффқа шығуға үмітті командалардың бірі – АҚШ құрамасы. Құрамына үңілсеңіз, көзіңіз бірден жартылай қорғаныс шебіне түседі. Мұнда Джованни Рейна («Боруссия Д»), Джонни Маккенни («Ювентус»), Тэйлор Адамс, Брендан Аоронсон (екеуі де «Лидс Юнайтед») шеп құрған. Құраманың ең жұлдызды ойыншысы – Кристиан Пуличиш («Челси») екені даусыз. Бұл құрамада назар аударуға тұрарлық тағы бір футболшы бар. Ол – 22 жасар Тимоти Веа. Францияның «Лилль» клубында доп тебетін ол атақты Джордж Веаның ұлы. Әкесі 1995 жылы «Алтын доп» иегері атанғанын білеміз. Алайда, үлкен Веаға бірде-бір рет әлем чемпионатында доп тебу бақыты бұйырмапты. Сол бақыт ұлы Тимотиге бұйырған екен, сондықтан аянып қалмас.

«В» тобының басты фавориті – Англия құрамасы екені даусыз. Иран да, АҚШ та, Уэльс те бұл топтағы екінші жолдама үшін таласса керек. Топтың фавориті болғанымен, Англия құрамасына турнирдің фавориті атану қиынға соғатын секілді. Әр турнирге кілең жұлдызды ойыншыларымен келетін Англия құрамасы тек бір рет қана әлем чемпионы (1966 жылы) атанған. Содан бері бірде-бір рет ірі турнирде биік тұғырдан табылып көрмепті. Ал, құрамына үңілсек...

Қақпада Джордан Пикфордқа «Арсенал» ойыншысы Рэмсдейл бәсекелес бола алады. Қорғаныстың ортасында Магуайр мен Стоунз тұратын шығар. Ал оң қапталдағы қорғанысты кімге тапсырарын білмей Саутгейттің басы қатқаны қатқан. Кайл Уокер де, Рис Джеймс та жарақатына байланысты Катарға бара алмайды. Ал, Александр Трент-Арнольдтің ойыны Саутгейтке мүлдем ұнамайды. Бапкердің пікірінше, Арнольд шабуылға шыққанда өзінің қорғаушы екенін ұмытып кетеді. Ал, оны алмастыратын Томори керісінше шабуылға бейімі жоқ. Саутгейт бапкер Арнольд пен Томориді қосып бір ойыншы шығаратындай сиқыршы емес қой. Соған қарағанда бұл шепті Киран Триппьерге тапсыратын секілді. 

Ал, орталық шепте Саутгейт бас қатыратын бір-ақ мәселе бар. Ол – кімді шығарсам  дұрыс болады деген сұрақ. Маунт, Мэдисон, Филипс, Хендерсон, Грилиш, Беллингем, Фоден, Стерлинг, Кейн, Сака. Бәрі де «сен тұр, мен атайын» футболшылар. 

Англия құрамасы бұл топтан қиналмай шығуы тиіс. Ал, қалған екінші жолдамаға талас өте тартысты өтетін сияқты.

Пікір қалдырыңыз