Отбасылық сот қажет пе?

Дәулет Тұрсынұлы.


Шымкентте «Отбасылық сот. Даму перспективалары мен проблемалары» және «Отбасылық даулар. Медиация мәселелері» тақырыбында «дөңгелек үстел» мәжілісі өтті. Басқосуға жергілікті соттардың судьялары мен қалалық әкімдікке қарасты білім беру, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармаларының басшылары, отбасылық даму ұйымдарының өкілдері, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл мен медиаторлар қатысты.

Жиынды ашқан Шымкент қалалық сотының алқа төрағасы Мұхтар Парменов отбасы мемлекет пен қоғамның берік іргетасы екенін атап өтті. 

– Тәртіп пен заң өзгерсе де, отбасылық құндылықтар өзгермейтін киелі әрі мәңгілік құндылықтар. Барлық жақсылық атаулы отбасынан бастау алады. Сондықтан қоғамда орын алып жатқан келеңсіздіктердің түп-тамыры отбасында болған жағдайлардың көрінісі, – деді алқа төрағасы.

Жиынға қатысушылар отбасылық дауларды қараудағы соттар қызметінің бүгінгі жай-күйінен хабардар болды. Шымкент қалалық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Дәурен Сайхановтың айтуынша, ювеналды соттар ауыр және аса ауыр қылмыстардан бөлек бірқатар азаматтық істерді де қарайды. Солардың қатарында баланың тұрғылықты жерін анықтау, ата-ана құқығынан айыру, бала асырап алу, алимент өндіру, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты барлық әкімшілік істер бар. 

Шымкент қаласы, Абай аудандық сотының татуластырушы судьясы Ләззат Әуелбекова қазіргі заманғы отбасы құқығы арнайы білім мен дағдыларды қажет ететінін атап өтті. 

Басқосуда «Право» қоғамдық қорының директоры Ольга Рыль, қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева, қалалық адвокаттар алқасының төрағасы Серік Баймұратов, халықар-алық медиация институтының директоры Жанар Үсіпбекова, сонымен қатар бірқатар қоғамдық ұйым өкілдері сөз сөйлеп, тақырып аясында өзара пікір алмасты. 

Мәжіліс қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныс айтылды. Онда отбасылық соттар бойынша халықаралық тәжірибені зерделеу, дауларды сотқа дейін реттеу, отбасылық және басқа да даулар кезінде татуласу рәсімдерін міндетті түрде қолдану қажеттілігі атап өтілді.         

Пікір қалдырыңыз