Ашкөздігі түбіне жетті

Адамнан айла артылған ба? Пенде болған соң әрі қулық-сұмдығы көп мына заманда айлалы болу да қажет шығар дейсің кейде. Десек те, кейбір лауазым иелерінің пара алу жолындағы небір амал-айлаларын көргенде таңданбасқа шараң қалмайды.

Осыдан бірнеше жыл бұрын өзіме етене таныс мектеп басшысының қулығына құрық бойламайтын әрекетін көргенде, «мектептің тізгінін кімдерге ұстатқанбыз?» деп жағамды ұстағанмын. Ол кезде аудан орталығында тұрамыз. Келесі көшеде Алаш ардақтыларының бірінің атын иемдеген мектеп болатын. Біраз жұмыссыз жүріңкіреп қалған әйеліме бірде жұмыс сұрап, әлгі мектептің басшысына кірмек болдым. Есік алдынан тосқан сондағы танысым аптығып келген демімді басып, мұндай мәселе жөнінде директорға емес, алдымен оның жақын-жуығына, таныс-тамырына қолқа салуым керек екенін ескертті. Оның айтуынша, бұл мектеп ішіндегі жазылмаған заңдылық көрінеді. Қысқасы не керек, таныс та табылып, іс те оңынан шешіліп, әйелім жұмысқа тұрды. Ең қызығы, «құр қолға бата жүрмейтінін» ишаралап жеткізген директордың көксегенін банк арқылы есепшотына аудардым. Айтайын дегеніміз бұл емес, әрине. Айтпағымыз, пара алудың осындай заманауи мәдениетін мектеп басшыларының бәрі бірдей меңгермеген болып шықты.  
Тып-тыныш қана ұжымға басшылық етіп жүрген Сәуленің ойын ақша деген әзәзіл бұзды. Мектептегі мұғалім біткенді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап үйренген оған әл-әзір жау келмейтіндей көрінетін. Жоғарыдан тексеруге келгендердің аузын буда-буда ақшамен ұрып, онысын ләм-мим деуге дәрмені жоқ мұғалім байғұстан өндіріп алуға дағдыланған Сәуленің қылығына ауылдастарының да еті үйреніп кеткен. 
Босануына байланысты демалысын өткеріп, жұмысқа шықпақ болған Аягөзді мектеп директоры кабинетінде көңілсіз қарсы алды. Былғарыдан тігілген жұмсақ креслоны әрі-бері ырғаған күйі бұған сағаттың жоқтығын айтып, әлі де демала тұруға кеңес берді. Іздегенге сұраған демекші, тап осы кезде өзіне жақсы таныс директордың әлсіз тұсын білетін Аягөз дереу «қолын құр қалдырмайтынын» қабағымен ұқтырып, әліптің артын бағуға бекінді. Әлгінде ғана Самарқанды су алдырып отырған Сәуленің осы тұста екі қасының ортасына жиырыла қалған әжімді жүзі тарамдала түсіп, әлгіндегі ашулы жүзіне қан жүре бастайды. Тағы да айта түсші дегендей, Аягөздің аузын бағып, келген бетте ашумен айтқан сөздерін жуып-шайғандай болды. Не керек, басшы мен қосшы ақыры тіл табысып, Аягөз Сәуленің емеурінмен білдірген 100 мың теңгесін екі-үш күнде әкеліп беруге келіседі. 
Уәделі күн де жетіп, Аягөз тиісті ақшаны мектеп директоры Сәуле Қамытбаеваның кабинетіне алып кіреді. Бірақ, ақшаны бермес бұрын тағы бір мәселенің басын ашып алуды ұйғарады. Өзіне жақын жамағайыны әрі осы мектепте лаборант болып жұмыс істейтін Еркежанды бастауыш сынып мұғалімі етіп ауыстырып беруін өтінеді. Аягөзге қапысыз сенген директор лаборанттың қызметтік бұл секірісі 1000 АҚШ долларына бағаланатынын жеткізіп, ақшаны тезірек жеткізуін сұранады. Аягөз 100 мың теңгені бастықтың тартпасына салып, сыртқа шығуға беттегенде, сау етіп құзырлы органның қызметкерлері кіріп келеді.
Түйені жүгімен жұтып үйренген мектеп директорының қылмыстық ісі жақында  сотта қаралды. Мектеп басшысы өзіне тағылған айыпты толық мойындап, өткен іске өкінгенімен, судья Сәуле Қамытбаеваны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 366-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп тауып, 20 миллион теңге айыппұл салу жазасына кесті. Мүлкін тәркілеп, өмір бойы білім беру саласындағы ұйымдар мен мекемелерде басшылық ету құқығынан айырды. 

(Кейіпкерлердің есімі өзгертіліп алынды).
Пікір қалдырыңыз