Эльмираның жасаулары

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ, «Ońtústik Qazaqstan».

Ата-бабаларымыз қыздың жасауына қатысты «Жасауды алты жастан жинасаң асады, жеті жастан жинасаң жетеді» деген тамаша сөз қалдырған. Себебі, халқымыз қыздың жасауына ерекше көңіл бөліп, барған жерінде әулеттің абыройын түсірмеуді өзіне борыш санаған.

Дегенмен, заман қанша құбылса да, халқымыздың ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігі, ыстық ықыласы еш өзгерген емес. Қазір ұзатылатын қыздың соңынан апарылатын кәделердің ұлттық нақышта безендірілетіні  соның айғағы болса керек. Сол жасауды тігетін қолөнер шеберлері ауыл-ауылдарда аз емес. Киіз басып, көрпе құрайтын әжелеріміздің тәлімін көрген жандардың өзі қазір орта буынға айналды. Соның бірі – біздің бүгінгі кейіпкеріміз.
Кәсіпті үлкен ортада ғана емес, ауылда тұрып-ақ жандандыруға болатынын Созақ ауылының тұрғыны Эльмира Қозиеваның тірлігінен аңғаруға болады. Ол мемлекеттен ешқандай қаржылай көмек алмай-ақ, кәсібін өз үйінде дөңгелетіп отыр.
– Өзімнің туып-өскен жерім – Шолаққорған ауылы. Маған ісмерлік қасиет анам Күлпаннан дарыса керек, тігін тігуді бала кезден үйрендім. Содан бері бұл менің өмірлік серігіме айналды. Тауарларды Шымкент, Түркістан қалаларынан әкелемін. Қазір тапсырыс берушілердің талғамы өте жоғары, көпшілігі жасалатын дүниесінің қазақы нақышта безендірілгенін қалайды. Соған орай біз де жасаулардың ою-өрнегіне мұқият қараймыз. Ою-өрнек демекші, оның да өзіндік философиясы болады. Бұрын үлкендер: «Құрақ құрау – жаңадан бас қосқан екі жастың несібесін арттырады, жиналар мал-дүниесі құрақтай құралып бекісін» дегенге саяды деп отырушы еді. Құрақтың көп еңбекті қажет ететіндігін бұрынғылардың осы сөздерінен аңғаруға болады, – дейді тігінші.
Эльмираның бос уақыты өте аз. Созақ, Сызған, Шолаққорған және басқа да көрші ауылдардан тапсырыстар үздіксіз түсіп тұрады. «Жасаған дүниемнің сапасына айрықша мән беремін, артымнан сөз ергенін қаламаймын» дейтін тігіншінің алға қойған жоспарлары көп. Ең бастысы, кәсібін дамытып, әзірлеген бұйымдарын халыққа танытқысы келеді. Ол қыз жасауларынан бөлек қазақы киім-кешек сынды тігінмен бітетін барлық бұйымдарды дайындайды. Ине ұстауға икемді қыздарын да осы кәсіпке баулып жүр.
Осы кәсібінің арқасында шаңырағының ырысын арттырып  отырған Эльмира Берікқызы отағасы Айдармен бірге алты ұл-қызды тәрбиелеп отыр.
Пікір қалдырыңыз