Rolls-Royce компаниясы жайлы не білесіз?

Әлем жұртшылығы қызыға қарайтын осынау брендтің автомобильдері еске түссе, байлығы тасып жатқан, аяғына нық тұрған, табысы мол компания көз алдымызға келеді. Бұлай ойлауымыздың да жөні бар. Өйткені, Rolls-Royce автомобильдері ең сәнді класқа жатады және бұл машиналардың құны өте жоғары. Бір сөзбен айтқанда қалтасы қалың адамдарға арналған. Алайда, бұл компанияның бір кездері қиын сынақтарға тап болып, жабылудың сәл-ақ алдында болғанын көпшілік біле бермейді. Мұндай оқиға бірнеше рет қайталанған. Дегенмен, бұл компанияның басшылығында кез келген проблемадан шығудың жолын таба алатын, жұмысшылардың жағдайын жасай білетін адамдар болған. Солардың арқасында компания бүгінгі күнге аман жетіп отыр. 

Қазір мұндай атақты брендтің негізін қалаушылар секілді адамдар сирек кездеседі. Бұлай деуімізге нақты себеп те бар. Тарқатып айтсақ, өзін-өзі оқытатын инженер Фредерик Генри Ройс пен әуесқой инженер, ақсүйек Чарльз Стюарт Роллс «Midlend» қонақүйінің мейрамханасында отырып, бүгінде теңдессіз маркаға айналған автомобильді бірлесіп өндіру туралы келісім жасасқан. Сөйтіп, екеуі де өздерінің қиялындағы көліктерін жасау идеясын ойластырып, жобаларын жетілдіреді. Сондай-ақ, Роллс инженер Ройстың бір-екі кемшілігін түзеп, болашақ серіктесінің жұмысына оң әсерін тигізеді. Содан, 1904 жылдан бастап екі азамат құрған компанияның автомобильдерінде «Rolls-Royce» деген марка пайда бола бастады. Автокөліктерге тапсырыс берушінің өтініші бойынша әртүрлі қозғалтқыштар мен құрылғылар орнатылған. Деректерге сүйенсек, 1904-1907 жылдар аралығында компания өз маркасымен жүз автомобиль шығарған. 
Тұңғыш Rolls-Royce көлігі 1906 жылы халықаралық автомобиль көрмесінде көпшілік назарына ұсынылыпты. Содан кейін алғаш рет Rolls-Royce компаниясының эксклюзивті көлігі жарыққа шыққан. Ол көліктің ерекшелігі – құрастыруға арналған барлық бұрандалар осы компанияның өзінде жасалғандығы. Сонымен қатар, көлік бойлық және көлденең амортизаторлармен жабдықталып, олар автомобильдің жүрісіне бұрын-соңды болмаған жайлылық сыйлады. Ал, көліктің «жүрегі» алты цилиндрге арналған жеті литрлік қозғалтқышы болды. 
Деректерге сәйкес, жоғарыда айтқан эксклюзивті көліктің он екі данасы шығарылған. Бірақ, он үшінші көліктің өндірілуі ерекше болыпты. Дәлірек айтсақ, «Barker» деген студияның дизайнерлері автомобиль корпусын және барлық бөлшектерін күміс сияқты етіп жасайды. Нәтижесінде, бұл көлік күміс Ghost (күміс елес) деп аталды. Және бұл атау бүгінгі күнге дейін жалғасып келді. 
1910 жылы Чарльз Стюарт Роллс аэробатика орындау кезінде апатқа ұшырайды. Алайда, бұл Ройсқа кедергі келтірмей, ол жұмысты құлшыныспен жалғастыра береді. Қажырлы еңбектің арқасында аталған модель ең сәнді әрі қымбат үлгі ретінде әлі де өз құнын жоймай келе жатыр. Бүгінгі таңда компанияны сатып алғысы келетін үміткерлер өте көп көрінеді. Мәселен, олардың қатарында BMW, Volkswagen, Daimler-Benz және компанияны ұлттық қазына ретінде сақтап қалғысы келетін Rag бастамашыл азаматтар тобы бар.

Дайындаған Б.Мейірханұлы.

Пікір қалдырыңыз