Бұлар – жаңа Қазақстанның тірегі

Қазір күзгі әскерге шақыру науқаны қарқынды жүріп жатыр. Осы орайда Бәйдібек ауданында «Айбынды жастар – Жаңа Қазақстанның тірегі!» тақырыбында ерлік сабағы ұйымдастырылып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін әскерге аттанғалы тұрған азаматтарды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.

Жиынға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Берік Тұрлыбеков әскер қатарына қосылатын азаматтардың Отан алдындағы борыштарын абыроймен атқарып келулерін тілеп, естелікке жазушы, еңбек ардагері Бағдат Қалаубайдың кітабын тарту етті.

Ал, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Жандос Күлдербаев іс-шараның маңыздылығына тоқталып, қорғаныс саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар үздіктерге департамент басшысының Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ, аудандық Ауған соғысы ардагерлерінің төрағасы мен қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің бастығы, подполковник Нұржан Шүкірбеков жас сарбаздарға ақ батасын берді.

Ал, әскерге шақырылғандар атынан сөз алған Ғаламат Ға­лым­ұлы Отан қорғау – әрбір ер азаматтың міндеті екенін айтып, қатарластарын елді қорғау жолында әскерге баруға шақырды. Салтанатты жиынды әрі қарай жалғаған М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебінің «Жас сарбаз» сыныбының оқушылары автоматты бөлшектеп, қайта жинау өнерін көрсетті. Ерлік сабағы мен жауынгерлерді әскерге аттандыру салтанаты аудан өнерпаздарының патриоттық әндерімен аяқталды.  

Б.МЕЙІРХАНҰЛЫ.

Пікір қалдырыңыз