Қырағылық құрметке бөледі

Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».

Шындығы керек, бұрындары атақ-даңқты адам өзі қуып жүретіндей көрінетін. Елден ерекше қасиеті шамалы болса да атақты болып, жұрт аузында жүргенді қалайтындар аз емес қой. Сөйтсек, өмірде бәрі біз ойлағандай емес, лайықты марапат өз иесін өзі іздеп табатын сәтке де куә болады екенбіз. Бұған осы жолы көзіміз жетті. Республика күні қарсаңында кеден қызметкері Ербол Құлмұхамед-ұлы (суретте) небәрі 35 жасында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Құрмет» орденімен марапатталды.

Әрине, тәуелсіз еліміздің басты белгісі – оның заңды түрде белгіленген мемлекеттік шекарасы. Ел тыныштығы – шекарашының күн мен түндерге ұласқан қызметі. 
Иә, сырттан келер қауіп-қатер аз емес. Соның ішінде, әсіресе, есірткі тасымалы өскелең жастарымыздың келешегіне балта шабатыны ақиқат.
Биыл шілде айында Түркістан облысының Сарыағаш ауданы аумағындағы «Жібек жолы» өткізу бекетінде аса ірі көлемдегі есірткі тасымалына тосқауыл қойылды. Аталған кеден шекарасы арқылы өтетін автокөліктерге кедендік тексеру жүргізу кезінде Өзбекстаннан Қазақстан бағытына қарай бет алған көлік кеденшілер мен шекарашылардың назарына ілігеді. Тереңдетілген техникалық тексеру барысында машинадан күдікті зат табылмаған. Алайда, көлік иесінің қипақтап тұрысынан секем алған шекарашылар оны тексеруге кеденшілерге жібереді. Бойынан ештеңе табылмаса да, түрінен әлдебір қорқыныш сезімі сейілмей тұрғанын байқаған кеден қызметкері Ербол Артықбаев әріптестеріне көлікті қайта тексеруге ұсыныс жасайды. Содан соң көліктің іші-сыртын тегіс қарап шығады, еш ілік таппайды. Ең соңында бензобакты тексеруге тура келіпті. Сөйтсе... бензобактың ішінен спецификалық белгілері бар зат табылады. Тиісті сараптама қорытындысы бұл заттың героин екенін көрсеткен. Осылайша шетел азаматының көлігінен елімізге жасырын түрде алып өтпек болған 31 келі 500 гр героин тәркіленді. Арнайы үйретілген иттің иіс сезбеуінің себебі де есірткінің мықтап жасырылғанында болып шықты.
Ербол Құлмұхамедұлы 1987 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін заңтану мамандығы бойынша бітірген. 2019 жылы Түркістан облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің «Жібек жолы» кеден бекетіне жетекші маман болып жұмысқа орналасты. Енді, міне, қырағылығы мен сезімталдығының арқасында екінің біріне бұйыра бермейтін үлкен марапатқа ие болып отыр. Біз Ербол Құлмұхамедұлына еңбек жолында тек сәттіліктер тілейміз.
Пікір қалдырыңыз