Жас сарбаздар жаңа кезеңге қадам басты

 2022 жылғы күзгі әскерге шақыру науқаны аясында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының механикаландырылған бригадасының қатарына Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласынан келген 130-дан астам сарбаз қосылды. Олар қазір әскери даярлық курсынан өтіп жатыр. Яғни жас жауынгерлер өмірдің жаңа кезеңіне аяқ басып, командаларға, тәртіппен күнделікті өмір сүруге үйренуде. Олар саптық, дене шынықтыру, әскери-медициналық даярлық, жалпы әскери Жарғылар және әскери қызмет қауіпсіздігінің негіздері бойынша білім алып, қару-жарақ пен әскери техниканың мақсатын және жауынгерлік қасиеттерін, жалпы құрылымын игере бастады.

– Жас сарбаздарды әскери ұжымның өміріне жоспарлы түрде енгізу үшін сабақтар өткізудің жоспары жасалып, бекітілді. Сондай-ақ, оларды әскери қызметке сәтті бейімдеу үшін іс-шаралар кешені дайындалды, – дейді бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, подполковник Ринат Калидолдин.

Оған қоса, жас сарбаздармен әскери психологтар мен дәрігерлер жұмыс істейді. Олардың міндеті – әскерге шақырылушыларды жан-жақты зерттеу және бөлімше командирлеріне әр сарбаздың жеке ерекшеліктерін ескерте отырып, оқу процесі мен тәрбие жұмысын ұйымдастыру бойынша ұсыныстар дайындау.

Айта кетсек, әскерге шақырылушылардың салтанатты ант беру рәсімі қараша айының соңына жоспарланған.

«Оңтүстік»-ақпарат.

Пікір қалдырыңыз