«Әскер – ер жігітті шынықтыратын, шыңдайтын орта»

Биыл еліміздің Қарулы Күштері саласында өзіндік орны бар Ұлттық ұланның 6506 әскери бөлімінің құрылғанына 60 жыл толып отыр. Осы мерейтойға орай бөлім командирі, полковник Бауыржан ҚАБЫЛБЕКОВПЕН әңгімелескен едік.

– Бауыржан Оңғарбайұлы, мерейлі мерекелеріңіз құтты болсын! Қоғамдағы тұрақтылықтың сақталуына сүбелі үлес қосып келе жатқан еңбектеріңіз жана берсін дейміз. Әңгімеміздің әлқиссасын әскери бөлімнің тарихынан бастасақ. 

– Әскери бөлімнің тарихы сонау 1961 жылдан бастау алады. Сол жылдың 7 қазанында Қазақ КСР Ішкі істер министрі Қазақ КСР ІІМ Ішкі әскерлер және айдауыл күзеті бөлімінің жеке дивизионын құру туралы бұйрыққа қол қойып, бұл іс подполковник Петр Головачев, майор Дмитрий Бынковский және капитан Лев Соколов деген білікті офицерлерге жүктелді. 1962 жылы 6 қарашада полковник Құлахмет Халменов қазіргі отставкадағы милиция генерал-майоры, дивизион командирі, подполковник Петр Головачевке жауынгерлік Туды табыстаған. Осы маңызды оқиғаның құрметіне бұл дата әскери бөлімнің туған күні болып белгіленеді. 1963 жылдың басында жедел-қызметтік міндеттердің ұлғаюына, сондай-ақ әскерлер құрылымының жетілдірілуіне байланысты Қазақ КСР Ішкі істер министрінің жеке дивизионы Жамбылдан Шымкент қаласына ауыстырылып, Қазақ КСР қоғамдық тәртіп министрлігінің Ішкі әскерлер отряды және колонна күзеті болып қайта құрылды. 1968 жылы 25 қарашада айдауыл күзетінің жасағы Қазақ КСР ІІМ айдауыл полкі болып өзгертілді. Ал, 1994 жылы ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен 6506 әскери бөлімінің құрамына Шымкент және Тараз қаласында орналасқан әскери бөлімшелер кіретін ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің құрамасы болып қайта құрылды. 2000 жылы ҚР ІІМ бұйрығымен әскери бөлім базасында жедел мақсаттағы құрама құрылды.

Бөлімнің қалыптасуына әрі жүктелген қызметтік міндеттердің орындалуына бөлім құрылғаннан бастап жауынгерлерге қолбасшы болған білікті командирлер жауапты болды. Міне, биыл әскери бөлімнің құрылғанына 60 жыл толып отыр. 6 қарашада тарихы терең бұл күнді әскери бөлімде қызмет еткен барлық ардагерлеріміз бен әскери қызметшілерімізді шақырып, салтанатты түрде атап өтетін боламыз. 

– 60 жыл аз уақыт емес, әрине. Дегенмен, осы жылдар ішінде еліміздің ішкі тыныштығын сақтауда қаншама қиын сәттерді бастан өткердіңіздер...

– Расымен де, бөлімнің тарихын қырағылықтың, сарбаздардың, сержанттардың, прапорщиктер мен офицерлердің әскери борышын өтеуге деген адалдығының шежіресі деуге болады. Сонау құрылған жылдардан бастайтын болсақ, 1964 жылы Қоғамдық тәртіпті сақтау министрлігінің жеке құрамы мен қызметкерлері Шымкент қаласында қоғамдық тәртіпті орнатуға белсене араласты. 1967 жылдың көктемінде бөлімнің жеке құрамы Сарыағаш кентіндегі су тасқынынан зардап шеккен азаматтар мен мүліктерін құтқаруға қатысты. 1972 жылы 27 қазанда Жаңатас стансасындағы ондаған миллион рубль тұратын материалдық құндылықтар сақталған «Қаратаухимстрой» қоймаларына төнген өртпен үш жарым сағат бойы күресті. Бөлім жауынгерлері 1993-1998 жылдары Тәжікстан Республикасындағы тәжік-ауған учаскесінде ТМД-ның сыртқы шекараларын қорғау жөніндегі үкіметтік міндеттерін орындады. 1990 жылы Қырғызстан Республикасының Ош қаласында, 1991 жылы Закавказьеде, таулы Қарабахта, 1992 жылы Түлкібас ауданындағы Керейт ауылында аса қауіпті қылмыскерлерді ұстауда жанкештілік танытып, жауынгерлік міндеттерді адал орындады. 2002 жылы Түркістан қаласында екінші дүниежүзілік қазақ құрылтайы өтіп, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бөлімнің 500-ден астам қызметкері жұмылдырылды. 2005 жылдың ақпан айында бөлім қызметкерлері Бәйдібек ауданының тұрғындарына төтенше жағдайдың салдарын жоюға көмектессе, 2008 жылы Сарыағаш ауданындағы, 2020 жылы Мақтаарал ауданындағы су тасқыны кезінде халықтың қауіпсіздігі үшін жауынгерлік қызмет атқарды. 2019 жылы Арыс қаласында орын алған жарылыс кезінде де біздің жауынгерлер тәулік бойы тұрғындардың үй-жайларындағы және әкімшілік ғимараттардағы мемлекеттік мүліктің сақталуын күзетті. Кешегі қаңтар оқиғасында да ішкі тыныштығымызды күзету міндетін атқарды. Мұның барлығы бөлім қызметкерлерінің адал да арлы еңбегі мен қырағы да батыл қызметінің жетістігі деп білемін.

– Жасыратыны жоқ, қазір жастар арасында әскерге деген қызығушылық төмен. Сіздіңше, бұған не әсер етіп жатыр? 

– Бұл жағдайға бір жақты баға беріп, біреуді даттап, біреуді мақтауға менің құқығым жоқ. Алайда, тәрбиенің отбасынан басталатындығын айтқым келеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген даналық сөз осыған сай келеді. Бұрын ата-анамыз, ата-әжеміз «өскенде мектепке барасың, оқисың, әскерге барасың, бір маман иесі боласың» деп үнемі құлағымызға құйып отыратын. Әскерге бару біздің қасиетті парызымыз екендігі бала кезден санамызда сайрап тұрды. Қазір заманауи техниканың дамыған кезі, интернет, әлеуметтік желі – мұның бәрі балаға, оның көзқарасына әсер ететіні анық. Дегенмен, кез келген баланың бойында Отанға деген ыстық сезім болуы тиіс. Оны баланың бойына қандай жолмен болсын сіңіру – біздің ата-аналық парызымыз. Әскер – ер жігітті шынықтыратын, шыңдайтын орта. Ер азаматтың қас-қабағына қарап, жағдайын жасап, мәпелеп отыратын мекеме емес. Онда отбасын, Отанын қорғайтын, сол жолда кез келген қиындықтарды жеңіп шығатын батыл, қайратты, рухты азаматтарды даярлайды. Әскер болған соң бірінші кезекте тәртіпке бағынып, бұйрықты орындау керек. Қазіргі ата-аналармен осы бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет сияқты.

– Әңгімеңізге рахмет! 

 Әңгімелескен Бауыржан ЕРМАН, «Ońtústik Qazaqstan».

Пікір қалдырыңыз