Шетелдіктердің елге келуі бақылауда тұр

Қазақстан Республикасына келіп жатқан Ресей азаматтарының артуына байланысты Ішкі істер министрлігінің көші-қон қызметі ресми түрде мәлімдеме жасады.
«Қазақстанда мигранттардың келуі мен болуы көші-қон бақылауында. Шетелдіктердің Қазақстанда болу тәртібі заңмен реттеледі. Бірде-бір шетел азаматы көші-қон заңнамасының талаптарын орындамай, мемлекетіміздің аумағында болуға құқығы жоқ.
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтары үшін Қазақстан Республикасында болудың рұқсат етілген мерзімі мемлекеттік шекарадан өткен күннен бастап, ортақ ереже бойынша 90 күннен кейін аяқталады.
Статистикаға сүйенсек, биыл Қазақстанға 4,3 миллионға жуық шетелдік келсе, 4,1 миллионы кеткен, оның ішінде 1 660 000 Ресей Федерациясының азаматы келген және 1640 мыңы кеткен. Олардың уақытша болуы есепте. Әрқайсысының төлқұжат деректері мен кіру күндері, олар туралы толық ақпарат бар.
Көші-қон процестеріне мониторинг жүргізілуде. Ішкі істер органдары келушілердің белгіленген болу ережелерінің сақталуын бақылауда. Шетелдiктiң елде болу мерзiмi аяқталса, оған қатысты заңда көзделген шаралар қолданылады. Бақылау барысында көші-қон заңнамасын бұзған 45 700 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оның 4200-і мәжбүрлі түрде Қазақстаннан шығарылды. Оның ішінде көші-қон заңнамасын бұзған 3 200 ресейлік жауапқа тартылған. Бұл елге келген Ресей Федерациясы азаматтарының тек 0,2 пайызын құрайды. Бұл статистика олардың Қазақстанда болу шарттарын сақтау тәртібін көрсетеді. Егер оны бұзған жағдайда Қазақстаннан мәжбүрлеп шығару 
5 жыл мерзімге елімізге қайта кіруге тыйым салу түріндегі қосымша санкцияны қарастырады.
Сол сияқты ішкі істер органдары шетелдіктердің Қазақстанда болу тәртібінің сақталуын уақытша тұруға берілген рұқсат негізінде бақылайды. Уақытша тұруға рұқсат шетелдiкке Қазақстан Республикасында заңда көзделген еңбек шарты, оқу, емделу және басқа да жан-жақты негiздерде берілуі мүмкін. Көшi-қон қызметi олардың тұрғылықты мекенжайы, тұрғын үйдің иесі және онда тұратын шетелдіктер туралы толық ақпарат бойынша иммиграциялық бақылауды қамтамасыз етеді.
Шекарадан заңсыз өтуге, ел аумағында тіркеу үшін құжаттарды ресімдеу тәртібін бұзуға байланысты кез келген жағдай Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жолы кесіледі. Қазақстан Республикасының көші-қон қызметі штаттық режимде жұмыс істеуде. Шетелдіктердің, уәкілетті мемлекеттік және құқық қорғау органдарының заңдылықты сақтауын бақылау жүзеге асырылуда» деді ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықов.
Пікір қалдырыңыз