«Сауран ауданынан су қоймасын салу керек»

Аман Жайымбетов, «Ońtústik Qazaqstan».

Жыл өткен сайын көлемі ұлғайып, халық саны артып, жаңа аудандар салынып жатқан Түркістан облысында тіршілік көзі саналатын ауыз су мен ағын суға сұраныс арта бастады. Жаңадан құрылған Сауран ауданын тіршілік көзімен толыққанды қамтамасыз ету мақсатында түрлі ұсыныстар айтылып, жаңа жобалар қолға алынып жатыр. 

Иә, өңірде ысырапшылдыққа жол бермей, суармалы жерлерді күтіп ұстау мәселесі өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Таяуда Сенатор Әли Бектаев осынау өзекті мәселелерді негізге алып Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады. «Сырдарияның төменгі жағындағы Шардара, Отырар аудандары мен Арыс қаласының бес жүз мыңға жуық тұрғындарының негізгі күнкөрісі ауыл шаруашылғы саласы болып табылады. Оларға тіршілік көзін дер кезінде жеткізіп беруіміз керек. Сексен мың гектарға жуық ауыл шаруашылығы жерлерін суару үшін олар суды Шардара су қоймасынан 1970 жылдары салынған Қызылқұм магистральды каналы арқылы алады. Осы су қоймаларынан тарайтын каналдар мен су жүйелерінің жағдайы өте нашар. Елу жылдан бері үздіксіз қызмет етіп келе жатқан Қызылқұм магистральды каналының пайдалы әсерінің коэффициенті жыл өткен сайын азайып барады. Су қоймасынан алынатын 950-980 миллион текше метр судың тек 620-630 миллион текше метрі ғана егіс алқаптарына жетеді» деді сенатор.
Айтса айтқандай, ауыл шаруашылығы жерлерінің біраз бөлігі бүгінде сусыздық пен күтімсіздіктен әбден тозуға айналған. Бір кездері жерасты суы көтеріліп кетпеуі үшін үздіксіз істеп тұратын тік дренаждар істен шығып, тіпті біразының тек қаңқасы ғана қалды. Осы қарқынмен кете берсе бір кездері шыбық қадасаң шынар өсетін құнарлы жерлер әбден тозып, ұшқан құстың қанаты талатын құла дүзге айналатынын жергілікті журналистер шырылдап тұрып айтты. Енді, міне, бұл мәселе депутаттардың да назарын аударып, биік мінберлерден айтыла бастады. Сенатор Әли Бектаев өз сөзінде аталған аудандарда жерасты суларының шамадан тыс көтеріліп кетуіне байланысты егістік алқаптар сорланып бара жатқанын айта келе, бұл мәселені дер кезінде оңтайлы шешпесе қаншама мыңдаған гектер құнарлы жерлеріміз құрдымға кететінін жеткізді. «Топырақты қалыпты жағдайда ұстау үшін аймақта бұрын салынған үш жүзден астам тік дренаж істен шығып, бүгінде бұл жерлердың жерасты суы көтерілуіне байланысты жерлер жарамсыз болып барады. Арыс-Түркістан каналы бойындағы ауыл шаруашылығы алқаптарының жағдайы да Бөген су қоймасындағы су көлемінің төмендеуіне байланысты қанағаттанарлықсыз жағдайда. Атап айтқанда, Сауран ауданының Шаға, Қарашық, Шорнақ ауылдарында фермерлерге қажет су беру тамыз айында толығымен тоқтатылды» деген депутат өңірдің магистральды каналдары мен суару жүйелерінің барлығын толық зерттеп, оларды қалпына келтіру, су ағу мүмкіндіктерін арттыру, су шығынын төмендету бағытында нақты жол картасын жасап, алдағы екі-үш жылдың көлемінде күрделі жөндеуден өткізудің мүмкіндігін қарастыру керек екенін айтты. Тіпті, Сауран ауданындағы ауыл шаруашылығы жерлерін суландыруды жақсарту мақсатында сыйымдылығы 3,2 миллион текше метр су қоймасын салуды ұсынатынын жеткізді. 
Сенатордың сөзі негізсіз емес. Қалай болғанда да құнарлы жерлерді сақтап қалу үшін оларды қараусыз қалдырмай, игеру жолдарын қарастырған жөн. Ал, иен далалы егістік игерілу үшін ең бірінші тіршілік көзі – су керек екені айтпаса да түсінікті. Ендеше, егістік алқаптарды кеңінен игеру мақсатына ұсынылған сенатордың сауалы жауапсыз қалмайтын шығар деген сенімдеміз. 
Пікір қалдырыңыз