Тағы да Найман Бұқарбай туралы...

Сабырбек Олжабай, «Ońtústik Qazaqstan».

Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің 2022 жылғы 10 қыркүйек күнгі 112-санында «ЖҰМБАҚ ӨЛКЕ немесе Найман Бұқарбай ауылы неге бұйығы күй кешуде?» атты мақала жарияланған болатын. Онда  бір кездері дәуірлеп тұрған ферма орталығында қалып кеткен аз ғана үйдің бүгінгі тыныс-тіршілігі, көкейтесті проблемалары, құм қойнауындағы малшылардың өмірі сөз болған-ды.  

Осы қиын да қызықты сапарда біз «Найман Бұқарбай кім болған? Оның есімі Кеңес өкіметі кезінде де өшпепті. Қияндағы бір алыс қыстауға оның есімінің берілуінде қандай сыр жатыр?» деген сауалдарға жауап іздеп көрдік. Найман Бұқарбай елді мекенінің тұрғындары бұл кісі туралы аз біледі екен. Бірақ, біз іздестіруді тоқтатқан жоқпыз. Жұмысымыз жемісін беріп, Найман Бұқарбайдың немерелері табылғанда жіптің бір ұшы қолға тигендей болды. Сонымен, Қаһарбек Бектемісовпен әңгімелесіп отырмыз. 
Дешті Қыпшақ даласындағы Ұлытау атты киелі мекенде  Жырық Найман Сатыбалды деген би өткен. Ол кісі әкеден жалғыз екен. Сол кездегі ырым бойынша ол туылған соң баланы бір кемпірге беріп, әкесі оған ақша төлеп сатып алады. Сөйтіп оның атын Сатыбалды қояды. Сатыбалды малға бай болса да бір перзентке зар болыпты. Әулиеден әулие қоймай қыдырып, етегін шеңгел сыдырып, бір шақалақ үшін шарқ ұрыпты жарықтық. Амалы таусылып, жаны құлазып, өзін қоярға жер таппай отырғанда ауылына ойда-жоқта бір тәуіп келе қалады. «Мұны да сынап көрейін. Алла жомарт қой. Мүмкін осы тәуіптің емі дарып,  ат байлар бір перзентке ие болармын» деген үкілі үмітпен би тәуіпті үйіне шақырмай, алдына өзі барады. Тәуіп бидің тамырын ұстап, ұзақ ойланып отырып қалыпты. Қабағы бірде жазылып, бірде қатуланып, бидің зәре-құтын ұшырса керек. Далаға шығып, көкке қолын созып, Жаратушыға жалбарыныпты. Жараған бурадай құтырынып, аузынан көбік атыпты. Жыны басылғанда үйге кіріпті. Сосын былай деген екен:
– Ұлытау – жер жәннаты, шұрайлы өлке. Шыңғыс бабамыздың ақ киізге отырып, хан сайланған жері. Мына жерде Алаша хан, ана жерде Жошы хан, арғы тұста Домбауыл баба кесенелері тұр. Хандар мен би-болыстар, небір баһадүр батырлардың ізі қалған қасиетті өлке. Бірақ, тағдыр саған бұл мекенді тастап шығуыңды бұйырып тұр. Егер осы өлкені қиып тастап кетіп, қоныс аударсаң, бір шикіөкпеге ие боларсың. Көшіңнің басын қашан атан түйең шөккенше тоқтатпа. Бір жерлерге келгенде түйең тоқтайды. Сол жер сенің құтты мекенің болар. 
Ата қонысты тастап кету кімге  оңай болған дейсіз?! Сатыбалды би ат тұяғы жеткен жерге дейін хабар беріп, ел-жұртымен қоштасып,  үлкен ас береді. Сосын көштің басын Арқа жазығы арқылы сахаралы Созаққа бұрады. Қарт Қаратауды жағалап, асу арқылы Түркістан жаққа қарай беттейді. Одан да өтіп тоқтамай батысқа қарай беттеп бара жатады. Қызылқұмның сусыған құмында көш-керуен бірқатар қиындықтарға кезігеді. Бір жерлерге келгенде атан түйе шөгеді. Би Жаратқанға жалбарынып, Құран оқып, жүгін осы жерге түсіреді.
Бірақ, бұл сусыған құмы, сыңсыған сексеуілінен басқа түгі жоқ құлазыған қу дала еді. Олар ұзақ та шөлді далада қалжырайды. Местегі сусын да таусылуға айналған. Осы кезде Сатыбалды би жігіттеріне «тынығып алыңдар» дейді. Ертеңіне ойпаңдау жердің біріне қада қағып, «осы жерді қазыңдар» деп әмір етеді. Күн қазды ма, түн қазды ма, кім білсін, сексен құлаш жерден мөп-мөлдір де тұщы су бұрқ-бұрқ қайнап шыға келгенде барлығы бірдей қуанады. Би шөл далада өсетін, суда шірімейтін қандым деген ағашпен құдықтың ішін шегендеуді тапсырады.  
Құм қойнауына үйін тігіп, малын жайғастырған соң би жан-жағынан сұрау салып,  тіршілік қамына кіріседі. Арысы Бұқара, Самарқан, Ташкент, берісі Түркістан, Шымкент, Әулиеата қалаларынан кіре тартып, сауда-саттықпен айналысады. Осы жерге орнығып қалады. Бір жолы Сатыбалды би Бұқара қаласына келіп, әулиелердің басына түнейді, Жаратқанға жалбарынып, бала сұрайды. Осы жолы оның тілегі қабыл болып, дүниеге шекесі торсықтай ұл келеді. Бабамыз «Бұқарада түнегенде періштелер аян беріп, өмірге келген ұлым еді, Аты Бұқарбай болсын» деп перзентінің атын осылай атайды. Мұнан кейін әжеміз перзент сүймейді. Барлығы Бұқарбайды бетіне қарап отырып өсіреді. Бұқарбай өсе келе зерек, әкесінің жұмысын жалғастыратын атпал азамат болып ер жетеді. Бұқарбай  іргелес отырған тобықтылардың Қанымкүл деген қызына үйленеді.  Осы Қанымкүл Жорабайқызынан Бектеміс, Тоқтамыс, Өтеміс және Елеусін атты төрт перзент сүйеді. Әкеден қалған дәулет бар, өзінің еті тірілігі қосылып, Бұқарбай осы төңірекке танымал адам атанады. Алдына мыңғырған мал бітеді. Жан-жақтан арып- ашып келген адамдардың алдына жүз қойдан салып береді екен. Ол малының басын сұрамаған. Тек төлін  ғана алып отырыпты. Алдына келгендерге құмның бір бұрышынан құдық қаздырып беріп, жеке отау етіп шығарып отырған. Осылай Қызылқұмның қалың қойнауында бір қауым ел пайда болады.  Ол да әкесі сияқты жоғарыда аталған қалалардан кіре тартып, сауда-саттық жасайды. Айналасына ықпалды адам болған соң оны Қоқан хандығы да шет көрмепті. Датқа сайлап, алым-салық алып отырған. Бұқарбай сонымен қатар, осы төңіректегі дау-дамайды шешеді екен. Оның адалдығы мен әділдігіне, қара қылды қақ жарған турашылдығына, жомарттығына, мәрттігіне байланысты қонысын былайғы жұрт «Найман Бұқарбай ауылы» деп атап кеткен.
Сол замандарда да жол торитын қарақшылар көп болған ғой. Бұқарадан кіре тартып келе жатқан Бұқарбайдың алдынан да қарақшылар, тонаушылар талай  шыққан. Сонда қарақшылардың басшысы «оу, мынау кімнің керуені?» деп сұрайды екен. Топ басшысы керуеннің иесін айтады. Сонда топ басшысы «Бұл Бұқарбайдың керуені» десе-ақ болды, қарақшылар, жол торуылдаушылар тиіспей, теріс айналып кете береді екен. Осыған қарағанда Бұқарбайдың өте ықпалды адам болғанын танимыз. Онсыз да аш-жалаңаш әрі қатігез қарақшылардың оған бата алмауының өзі көп жәйтті аңғартпай ма?!
Қызылдар жүрген жерінің барлығына өрт қойып, Қызылқұмға жеткенде Бұқарбай төсек тартып жатқан қаусаған қарт екен. Сонда комиссар оны төсектен былай көтертіп тастап, жатқан жерін тінтіткен екен. Жинаған қаржысы, алтыны болса алып кетпек болған ғой. Бірақ, төсек астынан да, қазған жерден де дәнеңе таппапты. Қызылдар оның барлық малын тәркілеп, айдап кеткен.
Кейін соғыс жылдарында Бұқарбайдың екінші ұлы  Тоқтамыс 43 жасында майданға алынады. Соғыста жараланып, госпитальге түседі. Осы госпитальде Люся деген мейірбике қызбен көңіл жарастырып, ауылға келін етіп алып келеді.
– Кенжем Елеусінді қызылдар Қытайға барлаушы етіп жіберді. Алайда, ол сол кеткеннен оралған жоқ. Қытайдағы қазақтар тұратын жерлерде тұрақтап қалды ма әлде оның барлаушы екенін біліп, тұтқындап, өлтіріп тастады ма, білмеймін. Сол кеткеннен оралмады ғой, – деп Қанымкүл әжеміздің күрсініп отыратынын жас кезімізде талай естіген едік, – деді Қаһарбек Бектемісов.
Қаһарбектің Бұқарбай бабасы туралы білетіндері осы. «Жас кезімізде құнттамаған екенбіз. Ол кісі туралы кітап жазуға болады екен. Екі заманда да аты өшпегені ол кісінің асыл қасиеттерінен болар» дейді Қаһарбек күрсініп.
Бүгінде ол жыл сайын Рамазан айында бабаларының ізі қалған жерге барып, маңайдағылардың барлығын шақырып, ас беріп, Құран оқытуды дәстүрге айналдырған. Қаһарбектің ендігі бір ойы осы елді мекеннен мешіт салу. Мешіт жанынан шағын да болса кітапхана ашу да ойында бар. Маңайдағы малшылар арасында намазхандар көп. Әрі-бері өтетін өкпек жолаушылар да аялдай кетері сөзсіз. Ендеше, Қаһарбектің бұл ойы құптауға тұрарлық.
Иә, атын өзі өшпестей етіп жазып кеткен Найман Бұқарбай осындай адам болған. Алдағы уақытта ізденушілер, ғалымдар, журналистер оның басқа да дерегін тауып жатса құба-құп.

СУРЕТТЕ: Найман Бұқарбай атаның 
ұрпақтары.

1 пікір

  • Нариман Қарабеков
    Нариман Қарабеков

    Найман Бұқарбайдың замандасы, сол кездегі Мырзашөлдің 24 жыл Биі болған Тобықты Бұқарбай Би деген бабамыз болыпты. Сол Бидің екінші немересі Әмізе деген Атамыз Москвада оқыған екен. Сол кісінің айттырып қойған қызы Найман Бұқарбайдың қызы болған деседі. Бірақ Байқұлақ Бидің баласы деп оны ұстап Мәскеуде атып жіберіпті. Сол кісі Мәскеуден телефон шалып Ташкенттегі ағайындарға хабар береді, тез арада Фамиляларың ауыстырыңдар, Орта азияда не көп Мухамедов. Мухамедов деп ауыстырыңдар деген екен. Содан Бұхарбай Бидің тұңғыш баласы , олда Би болған Мамашәріп Би ол датылып кетеді Қызылдар қолынан. Оның балалары Мухамедов болы пкеткен , әлі күнге дейін. Бұқарбай Биден 4 әйел, 11 бала болады. Бас аяғы 150 шақты отбасы болып Алматы, Шымкент, Астана, Шардара, Жетісай, Ақ ниет ауылы Туыстар болп тұрамыз. Жетісайға қарасты Ақ ниет ауылында Бұқарбай бидің тұңғыш немерсі атында меіт салынған. Сақы Ата деп аталады.

Пікір қалдырыңыз